ВС РК - Постановление от 27.07.2023 по делу 6001-23-00-6ап/568 (Административное)

6001-23-00-6ап/568

Қ А У Л Ы

2023 жылғы 27 шілде Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Н.Ү.Қайыпжан, судьялар Б.Т.Нажмиденов, Ж.Б.Ермағамбетова болып,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры К[...] қатысуымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Канай» өндірістік кооперативінің (бұдан әрі - Кооператив) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Сайрам ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма, жауапкер) хабарламаны заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап арызы бойынша қабылданған

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 3 қарашадағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

«Канай» өндірістік кооперативі Басқармаға камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап арызымен жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 3 қарашадағы шешімімен әкімшілік талап арызы қанағаттандырудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 қаңтардағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 30 қыркүйектегі қаулысымен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 қаңтардағы қаулысының күші жойылып, іс апелляциялық сатыдағы сотқа судьялардың басқа құрамымен жаңадан қаралуға жіберілген.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 қаңтардағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі сот актілерімен келіспей, кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар істің мәнжайларына дұрыс баға бермегенін, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, сот актілерінің кассациялық тәртіпте қайта қарауды сұраған.

Әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК)115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Прокурордың сот актілерін күшінде қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Осы іс бойынша жергілікті соттар материалдық құқық нормаларын бұзуға жол берілмеген.

Іс материалдарынан, Басқармамен 2018 жылғы 1 шілдеден 2021 жылғы 30 маусым аралығындағы мерзімде Кооперативке қатысты камералдық тексеру жүргізген, оның нәтижесінде 300.00 салықтық есептілік нысаны бойынша 2021 жылғы 24 тамыздағы № 5811QB100006 бұзушылықтарды жою туралы хабарлама берілген, тіркеуі жарамсыз деп танылған салық төлеушілермен өзара есеп айырысулар бойынша қосылған құн салығының (бұдан әрі - ҚҚС) сомасын есепке жатқызу бойынша бұзушылық сомасы 4 127 349 теңгені құраған.

Хабарламада 2020 жылдың 2-тоқсанында «M[...]» ЖШС контрагенттері ҚҚС жалпы сомасы - 1 684 284 теңге және «G[...]» ЖШС ҚҚС жалпы сомасы - 2 443 065 теңге берген шот-фактуралар бойынша бұзушылықтар анықталған.

Хабарлама шығаруға негіз болған:

  1. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 10 қарашадағы заңды күшіне енген шешімімен контрагент «M[...]» ЖШС-нің 2020 жылғы 5 ақпандағы мемлекеттік тіркеуі жарамсыз деп танылуы;

  2. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 4 ақпандағы заңды күшіне енген шешімімен контрагент «G[...]» ЖШС-нің 2019 жылғы 16 қаңтардағы мемлекеттік тіркеуі жарамсыз деп танылуы.

Салық кодексінің 96-бабының 5-тармағына сәйкес, талап қоюшы тіркеуі (қайта тіркеуі) жарамсыз деп танылған заңды тұлғадан көрсетілетін қызметті нақты алғанын сотта дәлелдеуге құқылы.

АПК-нің 68-бабына сәйкес әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.

Осыған байланысты сот салық төлеушінің даулы хабарламаларға қарсылығын растау үшін ұсынған дәлелдемелерді қабылдауға және бағалауға міндетті.

Жергілікті соттар дауды шешіп, талап арызды қанағаттандырусыз қалдырған кезде Салық кодексінің 96 және 403-баптарын басшылыққа ала отырып, контрагенттер «M[...]» және «G[...]» ЖШС-нен тауардың нақты алынғанын дәлелдемегендігін назарға алып, дұрыс шешім қабылдады. Талап қоюшы ұсынған бастапқы құжаттар заңнама талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды.

Сонымен қатар, тауарды қабылдау туралы жүкқұжаттарда тауарды қабылдаған жауапты тұлғаның қолы қойылмаған, Кооператив қоймасына тауардың нақты қабылданғаны туралы деректер жоқ.

Сондай-ақ, соттармен «G[...]» және «M[...]» ЖШСның атынан жалған шот-фактуралар жазылғандығы заңды күшіне енген Шымкент қаласының Абай аудандық сотымен 2021 жылғы 31 желтоқсандағы С.С.Т[...] Лим және Б[...] қатысты қабылданған осы іс бойынша преюдициялық маңызы бар үкімі (АПК-нің 76-бабының үшінші бөлігіне сәйкес), Т[...] түсіндірмесі назарға алынды.

АПК-нің 449-бабының бірінші бөлігінің ережелеріне сәйкес, істі кассациялық тәртіпте қарау кезінде сот істегі бар материалдар негізінде сот актілерінің заңдылығын тексереді.

Хабарламаның лауазымды тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасының қол қойылмауына байланысты оның заңсыздығы туралы талап қоюшының кассациялық шағымының дәлелдері есепке алынбайды, өйткені талап қоюшы талап арызда талап қоюдың мұндай негізін көрсетпеген.

Талап қоюшының кассациялық шағымының басқа уәждері оның апелляциялық сатыдағы істі қайта қарау кезінде тиісті құқықтық бағасын берген шағымының дәлелдерімен бірдей.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының 2-бөлігіне сәйкес жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағымның қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының бөлігінде сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға осы Кодексте көзделген негіздердің жоқтығы ғана көрсетіледі. Жергілікті соттар істің мән-жайын дұрыс анықтағандықтан, материалдық және іс жүргізу құқығының нормалары дұрыс қолданылғандықтан, сот актілерінің күшін жою үшін негіздер таппайды, талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне және АПК-нің 451-бабының 2- бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 3 қарашадағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 қаңтардағы қаулысы күшінде, талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Н. Қайыпжан Судьялар Б. Нажмиденов Ж. Ермағамбетова

Көшірмесі дұрыс Судья Ж. Ермағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.