ҚАУЛЫ
2026 жылғы 9 сәуір №6003-26-00-4к/38 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:
төрағалық етуші - судья Ә. Назарова, судьялар Г. Ыдырысова, Д. Нұрлыбаева болып,
жауапкердің өкілі С. Бердібектің қатысумен ашық сот отырысында
талап қоюшы Мадишер Насруллаевич Тулебаевтың «Түлкібас ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі, Түлкібас ауданының әкіміне, мүдделі тұлғалар «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне, «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының Жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне
жауапкерлердің әрекетін, әрекетсіздігін заңсыз деп тану, жер комиссиясының 2025 жылғы 14 наурыздағы №13 санды қорытындысын заңсыз деп танып, күшін жою, әкімнің 2025 жылғы 14 наурыздағы №55 санды қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою, өтінішті заңда көзделген тәртіппен қайта қарап, қолайлы әкімшілік акт қабылдауға міндеттеу туралы талабы бойынша қабылданған
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 29 мамырдағы шешіміне мен жеке ұйғарымына, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 қарашадағы қаулысына мен ұйғарымына жауапкер Түлкібас ауданының әкімінің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
М. Тулебаев жоғарыда аталған әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінген. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 29 мамырдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Түлкібас ауданы жер қатынастары бөлімінің М. Тулебаевтың жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтінішін қарау барысындағы әрекеті заңсыз деп танылған.
Жер комиссиясының 2025 жылғы 14 наурыздағы М. Тулебаевтың жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тарту туралы №13 санды қорытындысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Түлкібас ауданы әкімінің М. Тулебаевтың жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтінішін қарау барысындағы әрекеті заңсыз деп танылған.
Түлкібас ауданы әкімінің 2025 жылғы 14 наурыздағы М. Тулебаевтың жер учаскесінің нысаналы мақсатын балық шаруашылығын жүргізу үшін өзгертуден бас тарту туралы №55 санды қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Талаптың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Сондай-ақ осы жергілікті атқарушы билікке қарасты мемлекеттік органдар тарапынан орын алған бұзушылықтар бойынша жеке ұйғарым шығарылып, оны Түркістан облысы әкімінің назарына жіберілген.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 қарашадағы қаулысымен және ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың шешімі мен жеке ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Түлкібас ауданының әкімі кассациялық шағымдарында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Талап қоюшы және қалған сотқа қатысушылардың өкілдері кассациялық сот отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық сот жауапкер өкілінің түсініктеменін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде (бұдан әрі - АПК) көзделген қағидалармен айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы, заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан жағдайда, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.
Осы іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 49-1-бабының 1-тармағына сәйкес, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуді жер учаскесінің орналасқан жері бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі жүзеге асырады.
Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мемлекеттік көрсетілетін қызмет болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі. Іс материалдарынан анықталғандай, 2023 жылғы 22 қарашадағы сатып алу-сату келісім шартына сәйкес талап қоюшы М.Тулебаев Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Балықты ауылдық округі, 035 орам, №404 жер учаскесі мекенжайда орналасқан көлемі 49,9 га, кадастрлық номері №19-300-035-404 жер учаскесінің меншік иесі болып табылады.
2025 жылғы 25 ақпанда М. Тулебаев «elicense.kz» платформасы арқылы кадастрлық №19-300-035-404 жер учаскесінің нысаналы мақсатын «мал шаруашылығынан» «балық шаруашылығына» өзгерту туралы өтініш берді. Өтініш тіркелгеннен кейін Жер қатынастары бөлімі Қағиданың 7-тармағының 4) тармақшасына сәйкес, оны уәкілетті органдарға келісуге жолдаған. Іс материалдары сәулет бөлімі, тіркеу және кадастр бөлімі, сондай-ақ Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы нысаналы мақсатын өзгертуге кедергінің жоқтығы жөнінде оң қорытынды бергенін көрсетті.
Осы деректер негізінде 2025 жылғы 13 наурызда аудандық Жер комиссиясы өтінішті қарап, №13 оң қорытынды қабылдаған. Бұл қорытынды іс материалдарында хаттама, қатысушылар тізімі және қол қойылған нұсқа ретінде бар және барлық мүдделі органдардың оң қорытындыларымен толық сәйкеседі.
Алайда, 2025 жылғы 14 наурызда комиссия өтінішті қайта қарап, «Абай ауылы тұрғындарының наразылығы» деген себеппен нысаналы мақсатын өзгертуден бас тарту туралы №13 теріс қорытынды қабылдаған.
Жергілікті соттар дәлелдемелерді жан-жақты бағалай отырып, осы шешімнің заңдылығын тексерген және келесіні анықтаған.
Комиссия отырысы жұмыс уақытынан тыс — сағат 23:18-де өткізілгені, отырысқа қатысқан мүшелер саны мен қорытындыға қол қойған тұлғалар саны арасында айырмашылық болғаны, ашық дауыс беру рәсімі өткізілмегені, аудио-бейнежазбада дауыс анық естілменің. Сондай-ақ Жер кодексінде де, Қағидада да өтінішті қайта қарау мүмкіндігі көзделмеген, ал тұрғындар наразылығы бас тартудың заңды негізі болып табылмайтыны дұрыс тұжырымға келген.
Осы теріс қорытынды негізінде аудан әкімі 2025 жылғы 14 наурыздағы №55 қаулысымен өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан. Алайда әкімнің қаулысы уәжделмеген, өтініш берушіге алдын ала шешім туралы хабарлама жолданбаған, тыңдалым өткізілмеген. Бұл Қағиданың 8-тармағы мен ӘРПК-нің 73-бабы талаптарына тікелей қайшы.
Соттар осы мән-жайларды дұрыс анықтап, дәлелдемелерді өзара байланыста бағалап, Жер комиссиясының да, әкімнің де актілерін рәсімдік және мазмұндық талаптарға сәйкес келмейді деп тану туралы дұрыс тұжырым жасаған.
Комиссия мүшелерінің нақты қатысуы мен дауыс беру тәртібіне қатысты қайшылықтар, барлық уәкілетті органдардың берген оң қорытындылары, тыңдалымның болмауы және бас тарту себебінің заңда көзделмеуі — әкімшілік актілердің заңсыздығын дәлелдейтін жеткілікті негіздер болып табылады.
Сондықтан жергілікті соттар комиссияның теріс қорытындысын және әкімнің №55 қаулысын заңсыз деп тану, сондай-ақ өтінішті бір ай ішінде қайта қарау туралы қорытындыға негізді түрде келген. Жер кодексінің 49-1-бабы уәкілетті орган мен әкімнің құзыреттерін нақты айқындайды, ал Жер комиссиясы алқалы орган ретінде ұсыныстық сипаттағы қорытынды береді.
Кассациялық шағымда келтірілген уәждер, атап айтқанда әкім мен әкімдіктің өкілеттіктерін ажырату туралы, комиссияның тәуелсіздігі жөніндегі және тұрғындар наразылығының ескерілуі қажеттігі туралы тұжырымдар материалдармен расталмайды және даулы әкімшілік актілердің заңдылығын негіздей алмайды. Дауға негіз болған шешім әкімнің ресми қаулысы ретінде қабылданғандықтан, жауапкер дұрыс айқындалған. Ал тұрғындар наразылығы нормативтік құқықтық актілерде көрсетілген бас тарту себептерінің қатарына кірмейді.
Жергілікті соттар қабылдаған шешімнің негіздері мен уәждерін қолдануға жататын заңның нақты нормаларын келтіре отырып, егжей-тегжейлі баяндаған.
Соттардың қорытындылары іс бойынша белгіленген мән-жайлар мен заң талаптарына сәйкес келеді және істе бар дәлелдемелермен расталады.
Сондықтан, сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіз жоқ.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.
АПК-нің 270-бабына сәйкес заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.
Бірінші сатыдағы соттың жеке ұйғарымы жоғарыда көрсетілген нормаларға сай қабылданған.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1)
тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 29 мамырдағы шешімі мен жеке ұйғарымы Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 қарашадағы қаулысы мен ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Жауапкер Түлкібас ауданының әкімінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ә. Назарова
Судьялар
Г. Ыдырысова
Д. Нұрлыбаева
⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.