6кг-17-21
Қ А У Л Ы
2021 жылғы 20 қазан Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья А.Қ.Қыдырбаева, судьялар Г.Ж. Әлмағамбетова, А.Ж.Рахметулин, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры Т[...],
әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлға И[...] қатысуларымен,
кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы
Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 8 желтоқсандағы және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылы 31 мамырдағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығымен келіп түскен,
И[...] қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 610бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 8 желтоқсандағы қаулысымен И[...] қатысты ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігі бойынша қозғалған әкімшілік іс әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 31 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз, прокурордың апелляциялық өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған.
Наразылықта прокурор ӘҚБтК соттарға тиым салмайды, ал ӘҚБтК-нің 842-бабының 3-бөлігі апелляциялық сатыдағы соттың құқық бұзушылықтың саралануын заңның неғұрлым қатаң әкiмшiлiк жаза көзделетін бабына өзгертуге немесе прокурордың апелляциялық өтінішхаты келтірілген жағдайда неғұрлым қатаң әкiмшiлiк жаза қолдануға құқығын көздейтінін көрсете отыра, соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділік бұзылғандықтан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың заңды күшіне енген қаулыларын кассациялық тәртіппен қайта қарауды ұсынады. Соттар И[...] әрекетінен ӘҚБтК-нің 608-бабының 3- бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың белгілерін анықтап, ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігінен оның әрекетін аталған бапқа қайта саралауы тиіс деп пайымдайды, өйткені оларда қол сұғушылықтың бірыңғай тектік объектісі бар.
Алқа, И[...] қарсылығын, наразылықта көрсетілген уәждерді қолдаған прокурордың қорытындысын тыңдап, келесідей қорытындыға келеді.
ӘҚБтК-нің 802-бабының 4-бөлігіне сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған кезден бастап әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғалған деп есептеледі, онда ӘҚБтК-нің 803-бабының 2-бөлігінің 4), 5)тармақшаларына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың жасалған орны, уақыты мен мәнi, Ерекше бөлiгiнiң осы құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жауаптылық көзделетiн бабы көрсетілуі тиіс.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша әкiмшiлiк құқық бұзушылық оқиғасына байланысты барлық мән-жайлар нақтылануға және дәлелдеуге жатады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама іс жүргізу құжаты болып табылады, онда өзіне қатысты іс қозғалған адамның құқыққа қарсы іс-әрекеті тіркеледі, осы адамға тағылған іс-әрекет бойынша саралануы тұжырымдалады.
Сонымен қатар 2020 жылдың 4 қазанында ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігі бойынша И[...] қатысты жасалған №0002845 хаттамада ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық оқиғасының сипаттамасы қамтылмайды.
Аталған хаттамада 2020 жылдың 21 тамызында 19:00 сағат шамасында И[...] Шымкент қаласында Әмір Темір көшесінде Шапырашты көшесі жағынан тіркелген нөмірі [...], D[...] көлік құралымен жол жүрісі қағидаларының 10.1-бөлігін бұзып, көлікті игере алмай, жарық бағанасын соғып, ұйымға материалдық шығын келтірді деп көрсетілген. Бұл ретте хаттамада жоғарыда аталған іс-әрекет көлік құралын жүргізу кезінде алкогольдік масаң күйде жасалған деп көрсетілмеген.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың мазмұнына ӘҚБтКнің 803-бабының қойған талаптарын орындамау, әкiмшiлiк құқық бұзушылық оқиғасын тиiсiнше сипаттамау өзiне қатысты iс қозғалған адамның қорғану құқығын бұзуға әкеп соғады, оны объективті түрде қарсылық білдіру және айыпталған құқық бұзушылықтың мәні бойынша тиісті дәлелдемелер келтіру мүмкіндігінен айырады.
ӘҚБтК-нің 781-бабының 2-тармағы, 804, 805, 808-баптарына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі шешудің сот функциясы мен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау функциясы қатаң түрде бөлінген, олардың әрқайсысы тиісті субъектілерге жүктелген. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғау, барлық саралану белгілерін көрсете отырып айып тағылған баптың диспозициясына сәйкес әрекетті көрсету және сот алдында баяндалғанды қолдай отырып, жауаптылық негіздерінің болуын және құқық бұзушының кінәсін дәлелдеу ӘҚБтК-те көрсетілген органдар мен лауазымды адамдармен қамтамасыз етіледі. Сот тараптардың теңдігі негізінде сот төрелігі арқылы сот билігін жүргізіп уәкілетті органның немесе қорғаушының жағына шығып, тараптарды алмастыра алмайды, өзінің іс жүргізу өкілеттіктерін қабылдай отыра, заңдылық қағидасын сақтай отырып, объективті және бейтарап болып қалуы керек. ӘҚБтК-нің негізі мен тәртібінен тысқары ешкімге әкімшілік жаза шаралары әкімшілік және құқықтық қысым шаралары қолданыла алмайды (ӘҚБтК-нің 8, 9-баптар).
ӘҚБтК-нің 829-14-бабының 2-бөлігіне сәйкес сот істі, шағымды, наразылықты қарау нәтижесінде құқық бұзушылыққа дұрыс емес құқықтық баға берілген деп танып, жеңілірек әкімшілік жазаны қарастыратын заңның бабына құқық бұзушылықтың саралауын өзгертуге міндетті. Демек, заң бірінші сатыдағы соттың құқық бұзушылықтың саралауын неғұрлым қатаң жазаға өзгертуіне шектеу қояды, егер мұндай құқық бұзушылық уәкілетті органмен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада көрсетілмесе.
ӘҚБтК-нің 842-бабының 3-бөлігіне сәйкес егер осы негiздер бойынша жәбiрленушiнің шағымы берілген немесе прокурордың апелляциялық өтінішхаты келтірілген болса, судья шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау нәтижелерi бойынша құқық бұзушылықтың саралануын заңның неғұрлым қатаң әкiмшiлiк жаза көзделетін бабына өзгертуге немесе неғұрлым қатаң әкiмшiлiк жаза қолдануға құқылы.
Заңның бұл нормасы бірінші сатыдағы соттың әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада уәкілетті орган белгілеген құқық бұзушылықтың саралануын ӘҚБтК-нің онша ауыр емес жазаны көздейтін бабына өзгерткен кезде жәбірленуші немесе прокурор келіспей, апелляциялық сатыдағы сотқа шағымданған жағдайларды реттейді. Демек, апелляциялық сатыдағы сот ӘҚБтК-нің бабы бойынша тұлғаға қатысты уәкілетті орган тартпаған құқық бұзушылықты саралау қажеттілігін анықтаған кезде, құқық бұзушылықтың саралануының өзгеруі құқық бұзушылық туралы әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамның жағдайы жақсартатын, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада көрсетілгеннен аса ауыр құқық бұзушылық белгілері болмаған кезде ғана болатынын ескеру керек.
Баяндалғандардың негізінде наразылықтың апелляциялық сатыдағы соттың И[...] әрекетін ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігіне қайта саралау туралы уәждері негізсіз және қанағаттандыруға жатпайды. Сонымен қатар, алқа наразылықтың жергілікті соттардың сот актілерінің күшін жою туралы уәждері басқа негіздер бойынша қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымға келді.
Іс материалдарынан анықталғандай, бірінші сатыдағы сот И[...] жол-көлік оқиғасы орын алған кезде көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарғанын тек Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының № 1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері мен «Психикалық денсаулық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны бас дәрігерінің жауаптарының негізінде ғана анықтаған.
Соттар бұл ретте ешбiр дәлелдеменiң алдын ала белгiленген күшi болмайды, әрбiр дәлелдеме тиесiлiлiгi, жол беруге болатындығы, анықтығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер өз жиынтығында iстiң шешiлуi үшiн жеткiлiктiлiгi тұрғысынан бағалануға жатады деп көрсетілген ӘҚБтК-нің 783, 784 баптарын назарға алмаған.
Жол-көлік оқиғасы кезінде күшін жоймаған Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 13 шілдедегі № 504 бұйрығымен бекітілген Психикалық белсенді затты пайдалану фактісін және мас күйін анықтау үшін медициналық куәландыру жүргізу қағидаларын бекіту туралы ережелердің 13, 16, 23-тармақтарына сәйкес психикалық және соматоневрологиялық жай-күйді кешенді бағалау түріндегі клиникалық зерттеп-қарау деректері алкогольді және психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынумен байланысты жай-күй мәселесі бойынша медициналық қорытындының негізі болып табылады.
Биологиялық ортаға (алкогольдік масаң күйіне күдік болған кезде қан немесе несеп) зертханалық зерттеу немесе экспресс-тестілеу жүргізу адамдар зардап шеккен жол-көлік оқиғасында қажет болып табылады.
Жеке тұлға ауыр, ес-түссіз күйде денсаулық сақтау ұйымына жеткізілген кезде, медициналық көмек көрсету сәтінде стационарлық науқастың медициналық картасында клиникалық қарап-тексеру және биологиялық үлгілерді зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша жеке тұлғада масаң күйдің фактісінің болуы (болмауы) туралы жазба жасалады, бұл ретте Медициналық куәландыру қорытындысы жасалмайды.
Денсаулық сақтау ұйымы лауазымды адамың сұрау салуы бойынша оған «Денсаулық сақтау ұйымының алғашқы медициналық құжаттамасының нысанын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген № 027/у нысаны бойынша медициналық құжаттардан үзінді көшірме береді.
Куәландырылушының жай-күйі (ауыр жарақат, ес-түссіз күй) медициналық куәландыруды толық көлемде жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтін жағдайларда, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынумен байланысты жай-күйді анықтау үшін организмнің биологиялық сұйықтықтарында (қан, несеп, сілекей) психикаға белсенді әсер ететін заттардың болуына екі мәрте (30-60 минут) сандық зерттеу жүргізіледі.
И[...] жол-көлік оқиғасынан кейін төменгі жақ сүйегінің сынуымен медициналық мекемеге түсті. Оның жағдайы медициналық тексеруден өтуге мүмкіндік бермеді. Сонымен бірге, оған қатысты жоғарыда аталған әрекеттер толық көлемде орындалмаған.
Іс материалдарында № 027/у нысаны бойынша амбулаторлық, стационарлық емделушінің медициналық құжаттардан үзінді көшірме жоқ. №003/у формасындағы медициналық жазбада қарама-қайшы деректер көрсетілген: қанда алкогольді анықтау туралы (R78.0), сондай-ақ алкогольдің болмауы туралы (23.08.2020 ж. 21:00 сағатта алкогольге талдау бастапқы тексеру нәтижелері бойынша алынған, нәтижесі 23.08.2020 ж. 00:29-да Алкоголь - 0,00000%). Медициналық құжат бойынша 30-60 минуттық қайта тексеру жүргізілмеген.
Аталған бұзушылықтар елеулі сипатқа ие және істі жан-жақты, толық және объективті қарауға мүмкіндік бермеді. Уәкілетті орган ӘҚБтК-нің талаптарын бұза отырып, тиесілі және жол беруге болатын дәлелдемелерді жинау бойынша шаралар қабылданбады, ал төменгі сатыдағы соттар әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы сот актісінің негізі ретінде жол беруге болмайтын дәлелдемелерді қойды. Медициналық ұйымдардың бас дәрігерлерінің жоғарыда көрсетілген хаттары дәлелдеме базасын ғана толықтырады, бірақ тиесілі және жол беруге болатын дәлелдемелерге балама ретінде бола алмайды.
ӘҚБтК-нің 781-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тарту негіздерінің болуын және құқық бұзушылық үшін кінәлілігін дәлелдеу міндеті әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асыруға уәкілетті органға (лауазымды адамға) жүктеледі.
Қазақстан Республикасы Конституиясының 75 және 76-баптарына сәйкес сот әділ сот билігін жүзеге асырады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды Конституцияның, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етеді. Сонымен, сот әкімшілік қудалау органы болып табылмайды және әділ сот органы ретінде қатаңырақ жазаны қарастыратын ӘҚБтК-і бойынша адамды әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында дәлелдемелерді жинаумен айналыспауы керек.
Көрсетілген мән-жайда И[...] әрекеттерінде ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігімен көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болуы туралы тұжырымға келу ерте.
ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3)-тармағының негізінде құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділік бұзылғандықтан жергілікті соттардың сот актілерінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сотқа қайта қарауға жіберілуге жатады. Істі жаңадан қарау кезінде сот бұзушылықтарды жоюға, істің барлық мән-жайларын мұқият зерделеуге, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша процеске қатысушылардың дәлелдерін тексеруге, оларға дұрыс құқықтық баға беруге және белгіленген мән-жайлардың негізінде іс бойынша заңды және негізді шешім қабылдау қажет.
Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 8 желтоқсандағы және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 31 мамырдағы қаулыларының күшін жойып, іс жаңа сот қарауына бірінші сатыдағы сотқа жіберілсін. Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші А. Қыдырбаева Судьялар Г. Әлмағамбетова
А. Рахметулин Көшірмесі дұрыс
Қыдырбаева
Судья А.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.