6001-24-00-6ап/2038
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 18 ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Ғ.Ө.Әлжанов,
судьялар - Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып,
жауапкер өкілі Ә.Тимурланның қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының «Көп бейінді облыстық балалар ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының (бұдан әрі - Кәсіпорын) жауапкер «Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма) бұзушылықты жою туралы 2023 жылғы 9 қарашадағы № 277/27 нұсқамаға дау айтқан талабы бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 ақпандағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 мамырдағы қаулысына талап қоюшымен келтірілген кассациялық шағыммен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа жауапкерге жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 ақпандағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 ақпандағы ұйғарымымен тексеру нәтижесі туралы актіге дау келтіру туралы талап қоюы қайтарылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 мамырдағы қаулысымен бірінші сатылы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерін күштерін жойып, жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған талап қоюшы өкілінің кассациялық алқасының сот отырысына келмеуі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді. Жауапкер өкілінің түсінігін тыңдап, кассациялық шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Соттармен анықталған мән-жайларға қарағанда Кәсіпорынның бір топ қызметкерлері Басқармаға жүгініп, жұмыс берушінің әрекетіне шағымданған.
Осы шағымдар негізінде тексеру жүргізіліп, оның нәтижесімен Басқарма Кәсіпорынға бұзушылықты жою туралы 2023 жылғы 9 қарашадағы №277/27 нұсқаманы (бұдан әрі - Даулы нұсқама) берген. Нұсқамада екі бөліктен тұратын бұзушылықтар көрсетілген:
жыл сайынғы кезекті еңбек демалысы ақысының уақытылы төленбеуі;
қосымша еңбек демалысының толық берілмеуі.
2024 жылғы 20 ақпандағы сот ұйғарымымен талаптың тексеру актісіне дау айтқан бөлігі қайтарылған.
Дау келтірілген нұсқамада келесі бұзушылықтар анықталғаны көрсетілген:
a) дәрігерлерге еңбек демалысының ақысы уақытында төленбеген;
b) дәрігерлерге қосымша еңбек демалыстары толық берілмеген.
Сотта анықталғандай, еңбек демалыстары жұмыс берушінің бұйрығымен берілген. Нейрохирург дәрігер А.Рустемовке қосымша 24 күн демалыс берілген.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексі) 89-бабы бірінші тармағы 1) тармақшасының талаптарына сәйкес, ауыр және зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге қосымша демалыстар беріледі.
Егер аттестаттау жүргізілмесе, қосымша демалыстар толық көлемде берілуі керек.
Сот анықтағандай, барлық дәрігерлердің еңбек демалыстары
аттестаттаудан бұрын берілген .
Сондықтан жауапкердің барлық қызметкерлерге 6 күнді толық
төлеу туралы қорытындысы негізді деп дұрыс танылған. Сонымен қатар, дәрігерлердің еңбек демалысының ақысы уақытында төленбегені де расталған.
Еңбек кодексінің 92-бабының 4-тармағына сәйкес, жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу ол басталғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей төленуі тиіс екені қарастырылған.
М.Жумашеваға демалыс ақысы 6 жұмыс күніне кешіктіріліп төленген.
ӘРПК-нің 155-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, сот оны қанағаттандырудан бас тартады.
Жергілікті соттар даулы нұсқаманы заңды деп дұрыс әрі негізді таныған, өйткені ол еңбек заңнамасы аясында және Басқарманың өкілеттіктері шеңберінде қабылданған.
Сот алқасы сот актілерінің материалдық және процестік құқық нормаларына негізделіп шығарылғанын, соттармен заң нормалары дұрыс қолданылғанын және іс бойынша дәлелдемелерге заң тұрғысынан дұрыс баға берілген деп санайды.
Дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 ақпандағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы «Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының «Көп бейінді облыстық балалар ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Ғ. Әлжанов Судьялар Ж. Ермагамбетова Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.