ҚАУЛЫ
2024 жылғы 12 наурыз 6001-22-00-6ап/2078 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Ғ.Ө.Әлжанов,
судьялар – Ж.Б.Ермағамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып,
жауапкер «Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекция басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі И[...], мүдделі тұлға «KEC[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - «KEC[...]» ЖШС-гі) өкілі Е[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы М[...] жауапкерлер «Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекция басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Жауапкер, Басқарма), Атырау облысы бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторы А[...] жазатайым оқиға бойынша тергеп-тексерудің актісіне өзгерістер енгізіп, жазатайым оқиғаны еңбек қызметіне байланысты деп белгілеуді міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 1 ақпандағы шешіміне, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 маусымдағы қаулысына мүдделі тұлға «KEC[...]» ЖШС-нің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы М[...] жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 1 ақпандағы шешімімен талап қоюшының талап қоюы ішінара қанағаттандырылған.
Жауапкер Атырау облысы бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторы - «Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекция басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы А[...] 2022 жылғы 16 маусымдағы «KEC[...]» ЖШС-нің жұмыскері М[...] орын алған жазатайым оқиға бойынша тергеп-тексерудің актісіне өзгерістер енгізіп, жазатайым оқиғаны еңбек қызметіне байланысты деп белгілеуге міндеттелген.
Талап қоюшының «Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекция басқармасы» мемлекеттік мекемесіне қойылған талабының бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 маусымдағы қаулысымен сот актісі өзгеріссіз қалдырылған. Мүдделі тұлға «KEC[...]» ЖШС-гі кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерінің күшін жойып, әкімшілік талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Мүдделі тұлға «KEC[...]» ЖШС-гі өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкердің өкілінің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің(бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы М[...] 2011 жылғы 24 мамырдағы №04000000035 бұйрық және 2011 жылғы 25 мамырдағы №3518/01 еңбек шарты негізінде «KEC[...]» ЖШС-не ас үй жұмысшысы лауазымына қабылданған. Еңбек шартына қосымша шарттар негізінде еңбек шарттары бойынша өзгерістер енгізіліп келген.
2022 жылғы 17 маусымда «KEC[...]» ЖШС-гі «Аққұдық» асханасында талап қоюшымен еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға орын алғаны туралы хабарламаны Басқармаға 2022 жылғы 16 маусымда беріліп, аталған хабарлама 2022 жылғы 20 маусымда қабылданған.
2022 жылғы 20 маусымдағы Жылыой аудандық орталық аурханасының «өндірістік жарақаттың ауырлығы туралы» №01-3/1093 анықтамасында талап қоюшыға омыртқа және жамбас сүйектерінің жарақаты келтірілгенін және ол ауыр өндірістік жарақаттар қатарына жатқызылмайтынын көрсеткен.
2022 жылғы 21 маусымдағы Атырау облыстық ауруханасымен «KEC[...]» ЖШС-не талап қоюшының денсаулығы бойынша «өндірістік жарақаттың ауырлығы туралы» №1-1189 анықтамасы берілген. Осы анықтамаға сәйкес талап қоюшының диагнозы омыртқа-жұлын жарақаты, L1 омыртқаның компрессиялық-жарқыншақталған сынуы, жамбас ағзалар қызметтерінің бұзылғандығы көрсетіліп, денсаулықтың ауыр өндірістік жарақаттар қатарына жатқызған.
2022 жылғы 28 маусымдағы Басқарманың №50 бұйрығы бойынша талап қоюшыға қатысты 2022 жылғы 16 маусымда болған жазатайым оқиғаны арнайы тергеу үшін комиссия құрылған (бұдан әрі - Комиссия). Комиссия төрағасы болып еңбек инспекторы И[...] тағайындалған.
2022 жылғы 28 маусымы мен 28 қыркүйек аралығында жүргізілген тергеп тексеру нәтижесі бойынша комиссиямен арнайы тергеп тексерудің актісі қабылданып, 2022 жылғы 16 маусымдағы талап қоюшымен болған жазатайым оқиға еңбек қызметіне қатысты орын алмаған, жұмыс берушінің тапсырмасын және оның мүддесі үшін бағытталмаған әрекеттерді орындау кезінде орын алған деп қорытындыға келген.
2022 жылғы 18 қазанда талап қоюшы тергеп тексеру актісімен келіспей, Атырау облысы бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторы А[...] шағымын жолдаған.
2022 жылғы 8 қарашадағы бас мемлекеттік еңбек инспектордың қорытындысымен талап қоюшының шағымы қанағаттандырылмай, тергеп тексеру актісі өзгеріссіз қалдырылған.
Бірінші сатыдағы сот істі қарау барысында, «KEC[...]» ЖШС-гі пен «Эмбамұнайгаз» АҚ-ы арасында 2022 жылғы 4 ақпанда №672277/2022/1 қызметтерді сатып алу шарты түзіліп, осы шарт негізінде «KEC[...]» ЖШС-гі «Эмбамұнайгаз» АҚ-нің қызметкерлеріне тамақтану қызметтерін көрсету бойынша міндеттеме алғанын, шарттың №3 қосымшасында «Эмбамұнайгаз» АҚ-нің бөлімшеріне қарасты кең орындарында қызмет көрсетілетін асхана тізбесі, соның ішінде «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-не қарасты «Аққұдық» кең орындағы орналасқан асхана көрсетілгендігін, талап қоюшы осы асханада вахталық әдіспен қызмет ететінін анықтаған.
Жұмыс беруші мен талап қоюшының арасында 2022 жылғы 1 сәуірде түзілген еңбек шартының №15 қосымша шартқа сәйкес, вахтаның мерзімі 15 күнтізбелік күн, вахта аралық демалыс – 15 күн, жұмыс уақыты 11 сағат, сағат 7.00 - ден 19.00 - ге деп белгіленген.
Сондай-ақ, №672277/2022/1 қызметтерді сатып алу шартының №5 қосымшасынның 2.2-тармақшасы мен 3.1-тармақшасында «KEC[...]» ЖШС-гі «Эмбамұнайгаз» АҚ-нің, бақылаушы мемлекеттік органдардың және басқа да мүдделі тұлғалар алдында қауіпсіздікті басқаруда, еңбекті қорғауда талаптарды сақталмағаны үшін жауапкершілігі көзделген.
Комиссия жоғарыда көрсетілген шартқа сәйкес «Эмбамұнайгаз» АҚ-ы – қабылдаушы тарап, «KEC[...]» ЖШС-гі – жіберуші тарап болып табылатындығына назарын аудармаған.
«Эмбамұнайгаз» АҚ-ы мен «АХК[...]» ЖШС-гі («ESL[...]» ЖШС-мен бірлесе отырып) арасында қызметтерді сатып алу шарты жасақталған, шарттың нысанасы – жатақханалар мен әкімшілік ғимараттары бойынша кешенді қызмет көрсету, қамтамасыз ету, соның ішінде тазалау қызметі, жиһаздарды құрастыру және бөлшектеу, «Эмбамұнайгаз» АҚ-нің нысаналарына оның сұрауы бойынша тауарматериалдық қорларын сатып алу, жеткізу, орнату, бөлшектеу.
Жергілікті соттармен іс бойынша куәгерлер тартылып, талап қоюшының оқиға болған күні жатақхана бөлмесіндегі шкафтарды босату жұмысын атқару кезінде құлағаны анықталған. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 186-бабының 2-тармағының 5)-тармақшасына сәйкес, еңбекке жарамсыздыққа не қайтыс болуға әкеп соққан, еңбек міндеттерін орындауға байланысты жұмыскерлер, жіберуші тараптың жұмыскерлері денсаулығының зақымдануы, егер олар жұмыс берушінің немесе қабылдаушы тараптың мүддесі үшін өз бастамасы бойынша әрекеттер жасау кезінде орын алған болса, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар ретінде есепке алынады.
Еңбек кодексің талабына сәйкес жұмыскер мен жұмыс беруші кінәсінің дәрежесін пайызбен айқындау еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру кезінде комиссиясының құзыретіне жатқызылған.
Сондықтан, жұмыс беруші мен жұмысшының кінәсінің дәрежесі, олардың әрекеттеріне құқықтық баға комиссияның қайта қаралуында айқындалуға жатады. Жергілікті соттар жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, арнайы құрылған комиссиямен жазатайым оқиғаның мән-жайлары толық зерттелмегенін, тиісті құқықтық баға берілмегенін, жазатайым оқиғасы еңбек қызметіне қатысты екенін тұжырымдап, бас мемлекеттік еңбек инспекторы А[...] 2022 жылғы 16 маусымда «KEC[...]» ЖШС-нің жұмысшысы М[...] қатысты орын алған жазатайым оқиға бойынша тергеп тексерудің актісіне өзгерістер енгізіп, жазатайым оқиғаны еңбек қызметіне байланысты орын алған деп белгілеуді міндеттеу туралы дұрыс тұжырымға келген.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде сот алқасы, мүдделі тұлғаның кассациялық шағымында келтірген уәждері бойынша жергілікті соттардың дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген деп табады.
Сондықтан, кассациялық шағым иесінің сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 1 ақпандағы шешімі, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға «KEC[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Ғ.Әлжанов Ж.Ермағамбетова
Судьялар
Б.Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.