ҚАУЛЫ
2023 жылы 17 қазан 6001-23-00-6ап/307 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Ш.Т.Даниярова,
судьялар – Е.Ж.Өміралиев, Ғ.Ө.Әлжанов болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Б[...] Қызылорда қаласының әкіміне, «Қызылорда қаласының жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне , «Қызылорда қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қойған жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін жалға беру шартының мерзімін ұзартуды міндеттеу және Қызылорда қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 9 тамыздағы №762 қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талабы бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 17 тамыздағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 7 желтоқсаныңдағы қаулысына талап қоюшы Б[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Қызылорда қаласы әкімінің 2018 жылғы 19 қаңтардағы №10165 қаулысымен Б[...] Қызылорда қаласы, Қ[...] шағын ауданы, Қ[...] 7 көшесі, № [...] учаске мекен-жайында орналасқан жер учаскесі уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен үш жыл мерзімге берілген.
Пайдалану мерзімі өткеніне байланысты, 2021 жылғы 06 мамырда Қызылорда қалалық жер комиссиясының №51 хаттамалық шешімімен, қала әкімінің 2021 жылғы 9 тамыздағы № 762 қаулысымен даулы жер учаскесі Ш[...] берілген және жер учаскесін жалға беру туралы № 1198 шарт жасалған.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 17 тамыздағы шешімімен Б[...] талабын қанағаттандырудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 7 желтоқсаныңдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы Б[...] кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге орын алмаған.
Істің мән-жайларына қарағанда, талап қоюшыға даулы жер учаскесі уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен берілген.
2018 жылғы 22 қаңтарда Б[...] мен жер қатынастар бөлімі арасында жер учаскесін жалға беру туралы № 116 шарты бойынша талап қоюшы жер пайдалану құқығы үш жыл мерзіммен шектеліп, 2021 жылдың 19 қаңтарында аяқталған.
Жер заңнамасында жалдау мерзімін ұзарту көзделмеген. Одан бөлек қолданыстағы мерзімді ғана ұзартуға болады.
Мерзімі аяқталған, сәйкесінше шарттық міндеттемелер тоқтаған қатынастар бойынша, құқықтар мен міндеттерді жаңғырту жаңа шарт жасасу арқылы жүргізілуі мүмкін.
ЖК-нің 37-бабына сәйкес уақытша өтеулі жер пайдаланушының (жалға алушының) дәл сол жер учаскесіне қатысты жаңа мерзімге шарт жасасуға құқығы бар, бірақ ол үшін осы бапта көзделген келесі шарттар орындалуы тиіс:
жер пайдаланушының (жалға алушының) өз міндеттерін тиісінше орындауы;
шарт жасасу ниетi туралы жалға берушiнi жалға алу шартында көрсетiлген мерзiмде, егер шартта мұндай мерзiм көрсетілмесе, онда жалға алу шартының қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейін үш ай мерзiмде жазбаша хабардар етуі.
Заңда белгіленген талаптар талап қоюшы тарапынан сақталмаған, шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейін үш ай мерзiмде жергілікті атқарушы органды өзінің шарт жасасу ниетi туралы жазбаша түрде хабардар етпеген және жер пайдаланушы (жалға алушы) ретінде өзінің шарттық міндеттерін тиісінше орындамаған.
№116 шарттың жалға алушының құқықтары көзделген ережелерінің мағынасына қарағанда, шартты тиісінше орындау ретінде құрылыс жұмыстарын жүргізуге бастамашылық жасау, іргетасын қалау, аяқталмаған құрылыстың болуы қабылдануға жатады.
Талап қоюшы тарапынан шарттың қолданылу мерзімі аясында жоғарыда көрсетілген әрекеттер жасамаған.
Кассациялық шағымында Б[...] жер учаскесіне уақытша тұрғын үйдің іргетасын салып қойғаны жөнінде уәждер келтірген. Алайда іске тіркелген материалдарға қарағанда 2022 жылдың маусым айына дейін учаскеде ешқандай құрылыс болмаған. Талап қоюшы құрылысын жалдау шартының мерзімі аяқталғаннан кейін 1 жыл 5 ай өткен соң және даулы учаске Ш[...] пайдалуына өткеннен кейін жүргізе бастаған.
Сонымен қатар, талап қоюшы Қызылорда қаласы әкімінің даулы жер учаскесін Ш[...] беру туралы 2021 жылғы 9 тамыздағы № 762 қаулысына дау келтіргенімен, аталған қаулымен оның қандай да бір құқықтары бұзылғаны орын алмаған.
Жер учаскеге қатысты Б[...] жаңа мерзімге шарт жасасуға басқа тұлғалар алдында артықшылықты құқығы болмаған.
ЖК-нің 37-бабының екінші тармағына сәйкес мұндай құқық өз мiндеттерiн тиiсiнше орындаған уақытша өтеулі жер пайдаланушыда (жалға алушыда) ғана туындайды.
Кассациялық шағымында талап қоюшы Ш[...] жер беру барысында заң талаптары бұзылғаны, қабаттасқан жер учаскенің орнына басқа учаске табыстау әкімдіктің құзырына кірмейтіні, бұл мәселе сотпен шешілуі тиіс екені жөнінде уәждер келтірді.
Кассациялық алқасының пікірінше, даулы учаскеге қатысты талап қоюшының меншік немесе өзге де заттық құқығы болмауына байланысты, оның аталған учаскені басқа тұлғаларға табыстау тәртібіне дау айтуға құқығы жоқ. Сондықтан талап қоюшының жоғарыда келтірілген уәждері назарға алынуға жатпайды.
Осындай жағдайда, жергілікті соттардың сот актілері шешімін өзгертуге не оның күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік колексінің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 17 тамызыңдағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 7 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Б[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ш.Даниярова
Е.Өміралиев Ғ.Әлжанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.