Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 04.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/1693 (Гражданское)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 4 қараша №6003-25-00-2к/1693 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева, прокурор О.С.Пернеевтің,

талап қоюшының өкілі Ғ.Ө.Әзімбайдың, жауапкер М.Қ.Досыбаевтың қатысуларымен, бейнеконференц байланысы арқылы

талап қоюшы «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі- Басқарма) жауапкерлер Мурат Қырықбаевич Досыбаевқа, Куралай Кенесовна Елешеваға, Азамат Муратович Досыбаевқа, Айлин Досыбайға ақшалай өтемақы төлей отырып, мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) және мәжбүрлеп шығару туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшы өкілінің Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 14 қарашадағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Басқарма жауапкерлерге ақшалай өтемақы төлей отырып, Астана қаласы, «Нұра» ауданы, «Дружба-2» бағбандық серіктестігі, №138 учаскесі мекенжайында орналасқан, кадастрлық №21-320-104-419, жалпы ауданы 0,0701 га жер учаскесін (бұдан әрі - Объект) мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару және жер учаскесінен шығару туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 14 қарашадағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Мурат Қырықбаевич Досыбаевқа және Куралай Кенесовна Елешеваға 18 748 356 теңге ақшалай өтемақы төлене отырып, оларға тиесілі Объектке мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) жүргізілген. Ақшалай өтемақы төленгеннен кейін жауапкерлерді Объектіден шығаруға шешім етілген. Сот шығындары туралы мәселе шешілген.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшы өкілі кассациялық шағымында жергілікті соттар дәлелдемелерге дұрыс баға бермегенін, материалдық заң нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, сот актілерін өзгертуді, Объект үшін төленетін

өтемақыны 18 748 356 теңгеден азайтып, 14 458 429 теңге мөлшерінде айқындауды сұраған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, жауапкер М.Қ.Досыбаевтың шағымға қарсылығын, прокурордың сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған қорытындысын тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымның уәждерін зерттеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 84-бабының 1-тармағына сәйкес жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 67-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы бағалау жүргізу күніне айқындайды. Азаматтық істің материалдарына сәйкес Астана қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 22 желтоқсандағы «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы №510-3805 қаулысына сәйкес, жауапкерлер И.К.Досыбаев пен К.К.Елешеваның меншік құқығындағы Объект мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.

2024 жылғы 5 шілдеде жауапкерлерге жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін алынуға жататындығы жөнінде хабарланған.

Алайда, жауапкерлер талап қоюшы ұсынған 14 458 429 теңге көлеміндегі ақшалай өтемақымен келіспеген.

Бірінші сатыдағы сотқа талап қоюшы ұсынған «Дом оценки» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі- ЖШС) тәуелсіз бағалау компаниясының 2024 жылғы 10 маусымдағы № 0259/24-ASTANA есебіне сәйкес мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын Объектінің нарықтық құны 14 458 429 теңгені құраған.

Өтемақыға байланысты тараптар арасында келіспеушілік болғандықтан бірінші сатыдағы соттың 2024 жылғы 15 қазандағы ұйғарымымен сот құрылыс-тауартану сараптамасы тағайындалған, оны жүргізу «Прогресс Консалтинг» ЖШС-не тапсырылған.

Прогресс Консалтинг» ЖШС-нің сарапшысының 2024 жылғы 6 қарашадағы № С.118-10.24 қорытындысына сәйкес, Объектінің нарықтық құны 18 748 356 теңгені құраған (бұдан әрі - сараптама қорытындысы).

Жергілікті соттар бұл сараптама қорытындысымен келісіп, сарапшының зерттеу әдістемелерін дұрыс қолданғанын, салыстырмалы зерттеу әдістемесін қолданғанда ұқсас аналогтарды пайдаланғанын, қорытынды «Жылжымайтын мүлiктiң құнын бағалау» стандартына сәйкес келетінін, сараптама қорытындысында жер учаскесінің және онда орналасқан құрылыстардың, екпелердің нақты нарықтық құны дұрыс назарға алған.

Істі соттарда қарау барысында сот сараптамасының қорытындысына күмән келтіретін мән-жайлар анықталмаған.

Сондай-ақ, тараптар осы қорытындының негізсіздігі туралы дәлелдер келтірмеген.

Сонымен қатар, сарапшыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420-бабы бойынша көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлген.

Сондықтан жергілікті соттар аталған сот сараптамасын орынды негізге алған.

Соттардың ақшалай өтемақы төленгеннен кейін жауапкерлерді тұрып жатқан Объектіден мәжбүрлеп шығару туралы тұжырымдары да Қазақстан Республикасының Азаматтық кодекстің 249-бабының талаптарына сәйкес келеді.

Істің мұндай тұрғысында, жергілікті соттардың Объектінің нарықтық құны ретінде 18 748 356 теңге өтемақы өндіру туралы тұжырымы дұрыс.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында келтірген уәждері дәйексіз, олар соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен заңды негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген. Талап қоюшы өкілінің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Аталған негіздерге байланысты кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 14 қарашадағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Мамырбаева В.Тохтарбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.