ВС РК - Постановление от 14.05.2025 по делу 6001-24-00-6ап/3683 (Административное)

№6001-24-00-6ап/3683

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 14 мамыр Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып,

Қазақстан Республикасы Бас Прокуратураның прокуроры Н.А.Молдахановтың,

жауапкерлердің өкілдері Б.Б.Орынбековтың, А.А.Кулмагамбетованың қатысуыларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер Айна Кенжалиевна Жубатканованың жауапкерлер «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма), «Қазақстан Республикасы Қаржы МинистрлігініңІшкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) 2024 жылғы 4 шілдедегі және 2024 жылғы 1 тамыздағы №12415959-1 конкурс қорытындылары туралы хаттамаларды заңсыз деп танып, күшін жою, 2024 жылғы 26 шілдедегі №431010000КпОПО-32-302236 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 26 қыркүйектегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 қарашадағы қаулысына мүдделі тұлға «Т.Қадыр» жеке кәсіпкермен келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

ЖК «Жубатканова» жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 26 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Департаменттің 2024 жылғы 26 шілдедегі №431010000-КпОПО-32302236 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасы заңсыз деп танылып, күші жойылған; Басқарманың 2024 жылғы 4 шілдедегі және 2024 жылғы 1 тамыздағы №12415959-1 конкурс қорытындылары туралы хаттамалары заңсыз деп танылып, күштері жойылған;

«Қызылорда облысының білім басқармасының «Арал ауданы бойынша білім бөлімінің «№262 мектеп-гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - «№262 мектеп-гимназиясы) мен ЖК «Т.Қадыр» арасында 2024 жылғы 9 тамызда жасалған №60 қызмет көрсету туралы шарты жарамсыз деп танылған;

Басқармаға №262 мектеп-гимназияда балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметіне конкурстарды қайта жариялау міндеттелген.

Осы соттың 2024 жылғы 26 қыркүйектегі жеке ұйғарымымен әкімшілік істі қарау барысында Басқарма тарапынан жіберілген заң бұзушылықтары жөнінде Қызылорда облысы әкімінің назары аударылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Сот шешімінің қарар бөлігінен Басқармаға №262 мектеп гимназияда балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметіне конкурсты қайта жариялау міндеті алынып тасталған.

Осы соттың 2024 жылғы 5 қарашадағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы жеке ұйғарымы өзгеріссіз қалыдырылған.

Арызданушы кассациялық шағымда жергілікті соттардың іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, бірінші сатыдағы сот шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сәйкес, тиісті түрде хабарланған тараптардың сотқа келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы кассациялық шағым бойынша іс құжаттарын зерттеп, тараптардың пікірлерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Соттармен анықталғандай, Басқарма №262 мектеп гимназиясының тапсырысы бойынша балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметін сатып алуға конкурс ұйымдастырған.

Аталған конкурсқа қатысуға 5 әлеуетті өнім беруші өтінім берген: ЖК «Жубатканова», ЖК «Нурмаханова», «Қамқор тұтыну» ЖШС, ЖК «Ниязова», ЖК «Т.Қадыр».

Олардың ішінен ЖК «Нурмаханова», ЖК «Т.Қадыр» және ЖК «Ниязова» конкурсқа қатысуға рұқсат берілген.

2024 жылғы 1 шілдедегі конкурс қорытындылары туралы хаттамаға сәйкес жеңімпаз болып ЖК «Т.Қадыр» танылған.

Конкурс нәтижесімен келіспей, ЖК «Жубатканова» Департаментке шағымданып, Департамент тарапынан камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы №431010000-КпОПО32-302236 хабарлама берілген.

Хабарламаның негізінде конкурс нәтижелері қайта қаралып, 2024 жылғы 1 тамыздағы қорытындылар туралы хаттамаға сәйкес ЖК «Т.Қадыр» қайтадан жеңімпаз деп танылған.

2024 жылғы 9 тамызында №262 мектеп гимназиясы мен ЖК «Т.Қадыр» арасында қызмет көрсету туралы №60 шарт жасалған.

Талап қоюшы сотқа жүгініп, ЖК «Нурмаханова» мен ЖК «Т.Қадыр» еңбек өтілдері дұрыс есептелмегені, оларға баллдың негізсіз қойылғаны жөнінде уәждер келтірген.

Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда аталған конкурсқа қатысқан әлеуетті өнім берушілердің барлығы да біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деген қорытындыға келген.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының» (бұдан әрі – Қағида) 20-тармағының 4-тармақшасына сәйкес конкурсты ұйымдастырушы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Өнім берушіні таңдау жөніндегі үлгілік конкурстық құжаттамаға (бұдан әрі – Үлгілік конкурстық құжаттама) сәйкес конкурстық құжаттаманы әзірлейді және бекітеді, ол мыналарды қамтиды: төмендегі есеппен бар екендігін растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, үлгілік конкурстық құжаттамаға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуетті өнім берушінің біліктілігі туралы мәліметтер:

150-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 1 аспаз, 1 ас үй жұмысшысы;

151-ден 350-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 1 аспаз, 2 ас үй жұмысшысы;

351-ден 650-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 1 аспаз, 3 ас үй жұмысшысы;

651-ден 1300-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 2 аспаз, 4 ас үй жұмысшысы;

1301-ден 2500-ге дейін білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 3 аспаз, 5 ас үй жұмысшысы;

2501 және одан да көп білім алушысы бар білім беру ұйымдарында – кемінде 4 аспаз, 7 ас үй жұмысшысының болуы туралы растайтын құжаттардың көшірмелерін тапсыруы тиіс.

Бұл нормаға сай конкурсқа қатысушыларға жоғарыдағы есеппен аспаз бен ас үй жұмысшыларының ғана міндетті болуы талап етіледі.

Қағиданың үлгілік конкурстық құжаттамасының 7-қосымшасында диетолог немесе диеталық бикенің, технолог немесе техник – технолог болған жағдайда тиісті балл қойылады. Болмаған жағдайда балл қойылмайды.

№262 мектеп гимназия бойынша.

Іс құжаттарына сәйкес №262 мектеп гимназия бойынша - 3 аспазшы, 5 ас үй жұмысшысы болуы тиіс.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 23-бабының 27) тармақшасына сай жұмыс беруші еңбек шартын жасасу және тоқтату, оған енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (бұдан әрі -ЕШЕБЖ) енгізіп отыруға міндетті. ЕШЕБЖ-ден мәліметтер еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган арқылы электрондық немесе қағаз түрінде сұрау салу негізінде беріледі. Конкурстық комиссиямен әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерінде қамтылған мәліметтерді, оның ішінде еңбек ресурстарына қатысты мәліметтерді нақтылау мақсатында ақпарат алуға мүмкіндігі болғанымен бұл мәліметтерді тиісті түрде тексермеген.

Алайда әлеуетті өнім беруші ЖК «Жубатканова»-мен 4 ас үй жұмысшысы ұсынылғандықтан, конкурсқа қатысуға жіберілмеген.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-303/2020 бұйрығымен бекітілген Денсаулық сақтау саласындағы мамандарға қосымша және формальды емес білім беру қағидалары және қосымша және формальды емес білім беру арқылы алынған оқыту нәтижелерін тану қағидаларының (бұдан әрі - №ҚР ДСМ-303/2020 Қағида) 2-тармағында біліктілікті арттыру - бұрын алған кәсіптік білімдерін, іскерліктері мен дағдыларын қолдауға, кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге, сондай-ақ негізгі мамандық ішінде жаңа (қосымша) құзыреттерді игеруге мүмкіндік беретін қосымша білім беру нысаны деп көрсетілген.

№ҚР ДСМ-303/2020 Қағиданың 2-қосымшасына сәйкес біліктілікті арттырудың білім беру бағдарламаларының деңгейлері базалық, орта, жоғары, мамандандырылған болып бөлінеді.

ЖК «Т.Қадыр»-дың ұсынған құжаттары бойынша диетолог ретінде көрсетілген Х.Маханова 1978 жылы «емдеу ісі» мамандығы бойынша жоғары білім алған. 1979 жылы интернатураны бітірген, 2023 жылы 14-28 желтоқсан аралығында «ҚДСЖМ» қазақстандық медицина университетінде «Терапия (жасөспірімдер терапиясы, диетология) мамандығы бойынша біліктілігін арттырғаны туралы куілігін ұсынған. 2019, 2020 жылдары «Кәсіби патология», «Пульмонология (ересектердің)» мамандықтары бойынша сертификаттарын ұсынған. Алайда, біліктілігін арттыру туралы куәлігінде біліктілік деңгейі көрсетілмеген, сонымен қатар сертификаттары диетология саласындағы мамандық бойынша берілмеген.

Бұл мән-жайлар конкурсқа қатысқан әлеуетті өнім берушілердің еңбек ресурстарына толық көлемде ие емес екендігін көрсетеді.

Соттардың келтірген басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне апелляциялық саты сотымен тиісті құқықтық баға берілген, шағымдарда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 26 қыркүйектегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Мүдделі тұлға жеке кәсіпкер Т.Қ.Қадырдың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов

Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.