ВС РК - Постановление от 27.08.2021 по делу 6001-21-00-2АПК/5 (Об административном правонарушении)

6001-21-00-2АПК/5

Қ А У Л Ы

2021 жылғы 27 тамыз Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья А.Қ. Қыдырбаева, судьялар М.Т. Балкен, А.М. Нұрбеков,

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Департаментінің прокуроры К[...],

«Түркістан облысының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесінің өкілі Д[...],

әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға Б[...] және оның қорғаушы адвокаты С[...] қатысуымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен

Б[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

Түркістан қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 14 тамыздағы қаулысымен ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға жасалған Б[...] шағымын қанағаттандырудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысымен аталған қаулының күші жойылып, полицияның хаттама жасау жөніндегі іс-әрекеттері, сондай-ақ психобелсенді заттарды пайдалану және мас болу жағдайы фактісін анықтау үшін медициналық куәландыру қорытындысы заңсыз деп танылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған апелляциялық сатының сот актісін қайта қарауды көрсетілген. Ұсыну дәлелдерін қолдаған прокурор К[...] қорытындысын, Б[...], С[...] және

Д[...] түсініктемелерін тыңдап, іс материалдарын зерделеп, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы келесі тұжырымға келді.

ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай негіздер бар. Іс құжаттарына сәйкес Б[...] қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға оның алкогольді масаң күйінде көлік құралын басқару фактісі негіз болғандығы анықталған. Психобелсенді заттарды пайдалану және мас болу жағдайы фактісін анықтау үшін медициналық куәландыру 2020 жылғы 17 шілдедегі № 2177 қорытындысымен Б[...] жеңіл мас болу дәрежесі анықталған.

Б[...] өз шағымында 2020 жылғы 17 шілдеде сағат 01.10да шығарылатын ауадағы алкогольді зерттеу нәтижелері бойынша, онда 0,35% алкоголь құрамы анықталғанын көрсеткен. Полицияның бастамасы бойынша одан зертханалық талдау үшін қан алынды, онда 0,53% алкоголь құрамы анықталған. Полиция қызметкерлері Б[...] медициналық куәландыру қорытындысымен 2020 жылғы 18 шілдеде таныстырған, осыған байланысты оның қайта медициналық куәландыру құқығы бұзылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама сағат 18.30-да Б[...] қатысуынсыз жасалған. Хаттамамен және медициналық куәландыру қорытындысымен келіспеуіне байланысты Б[...] оларға сотқа шағымданған.

Апелляциялық қайта қарау нәтижелері бойынша екінші сатыдағы сот медициналық куәландыру қорытындысын ресімдеу кезінде бұзушылықтарға жол беру, адамның әкімшілік құқық бұзушылық жасаудағы кінәлілігі дәлелдемелерінің жеткіліксіздігі, құқық бұзушылық құрамының дәлелденбегені туралы қорытындыға келген. Апелляциялық сот осы негіздер бойынша бірінші сатыдағы сот қаулысының күшін жойып, Б[...] шағымын қанағаттандырған. Алайда апелляциялық соттың қабылдаған қаулысы негізсіз және заңсыз болып табылады.

ӘҚБтК-нің 827-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын органның (лауазымды адамның) әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) және (немесе) шешімімен құқықтары мен бостандықтары тікелей қозғалатын адам әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың жасалуы, іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларының қолданылуы, сараптама тағайындау және оны жүргізу тәртібі бойынша заңның бұзылуына, өзге де әрекеттерге (әрекетсіздікке) және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қараудың нәтижелері бойынша және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағым (наразылық) бойынша қабылданатын шешімдерді қоспағанда, шешімдердің қабылдануына жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) және (немесе) сотқа шағыммен жүгінуге құқылы.

Сот Б[...] шағымының негізділігі туралы қорытындыны медициналық куәландырудан өткізу, медициналық қорытынды жасау мән-жайларымен негіздеді. Бұл ретте сот іс қозғалған, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған кезде заңның сақталуына баға бермеген. Жоғарыда көрсетілгендей, ӘҚБтК-нің 827бабының 1-бөлігі іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын органның әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымдарды қарау кезінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау нәтижелері бойынша қабылданатын шешімдерге шағым жасауды және оларды бағалауды тікелей болдырмайды.

Апелляция сотының қаулысында олардың іс-әрекеттерін заңсыз деп тануға негіз болып табылатын әкімшілік хаттаманы жасау кезінде полиция қызметкерлері жол берген қандай да бір өрескел бұзушылықтардың негіздемесі жоқ. Алқаның пікірі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болуын немесе болмауын тексеруді сот істі мәні бойынша қараған кезде ғана жүзеге асыра алады. Іс құжаттарынан көрінгендей, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі мәні бойынша сотта қарау жүзеге асырылмаған.

ӘҚБтК-нің 737-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізудің міндеттері әрбір істің мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті анықтау болып табылады.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген соттың, органдардың (лауазымды адамдардың) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша іс жүргiзу кезiнде заңды бұзуына жол берiлмейдi және заңда белгiленген жауаптылыққа, қабылданған актiлердiң жарамсыз деп танылуына және олардың күшiнiң жойылуына әкеп соғады деп көзделген (ӘҚБтК-нің 8-бабының 4-бөлігі).

Жоғарыда айтылғандай, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы Заңның көрсетілген талаптарына сәйкес келмейді. Мұндай жағдайларда алқа бұл іс бойынша бірінші сатыдағы сот актісін күшінде қалдыра отырып, апелляциялық қаулының күшін жою үшін негіздер бар деп есептейді.

Жоғарыда белгіленген мән-жайларды назарға ала отырып, іс бойынша шығарылған сот актісі соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда біркелкіліктің бұзылуына байланысты ӘҚБтК-нің 851бабының тәртібімен қайта қаралуға жатады.

ЖоғарыдакөрсетілгенніңнегізіндеӘҚБтК-тің851-

бабынбасшылыққаалып,қылмыстықістержөніндегісоталқасы,

Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысының күші жойылсын.

Түркістан қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 14 тамыздағы қаулысы Б[...] шағымы бойынша күшінде қалдырылсын.

Республика Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

А. Қыдырбаева

А. Нұрбеков М. Балкен

Судьялар

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.