ҚАУЛЫ
2025 жылғы 29 шілде 6003-25-00-4к/196 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев судьялар Л.Е.Кудекова, Ш.С.Манжуева
талап қоюшы Ж.Б.Исламбекова, жауапкердің өкілі Ә.М.Исинаның қатысуларымен
ашық сот отырысында талап қоюшы Жұмагүл Болатқызы Исламбекованың «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» (бұдан әрі – Басқарма) мемлекеттік мекемесіне 2024 жылғы 29 мамырдағы №03-06/86 коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар кезегінен шығару туралы бұйрығын заңсыз деп тану және мұқтаждар кезегіне қайта тұрғызуға мәжбүрлеу туралы талабымен қозғалған әкімшілік ісімен,
Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 қыркүйектегі шешіміне, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 4 желтоқсандағы қаулысына түскен жауапкердің кассациялық шағымын қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Ж.Б.Исламбекова жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгініп, Басқарманың 2024 жылғы 29 мамырдағы № 03-06/86 коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар кезегінен шығару туралы бұйрығын (бұдан әрі – даулы бұйрық) заңсыз деп тану және тұрғын үйге мұқтаждар кезегіне қайта тұрғызуға мәжбүрлеу туралы өтініш білдірген.
Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 қыркүйектегі шешімімен талап арыз толық қанағаттандырылып, Басқарманың бұйрығы заңсыз деп танылып, бұйрықтың күші жойылып, жауапкерге коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге талап қоюшыны мұқтаждар кезегіне қайта тұрғызуға мәжбүрлеген. Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 4 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған .
Жауапкердін өкілі өзінің кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот, жауапкердін өкілі Ә.М.Исинаның кассациялық шағым уәждерін қолдаған пікірін, талап қоюшы Ж.Б.Исламбекованың шағым уәждерімен келіспеген түсінігін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарынан белгілі болғандай, талап қоюшы 2009 жылдық 16 шілдесінен бастап коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде «мемлекетті қызметкер» санаты бойынша кезекте тұрған.
Даулы бұйрықпен, талап қоюшы мемлекеттік тұрғын үй қорына тұрғынжайға мұқтаж азаматтардың кезегінен шығарылған. Ж.Б. Исламбекованың атында мұраға құқық туралы куәлігі бойынша Қызылорда облысы, Шиелі ауылы Алтынсарин көшесі, 20 үйіне құқықтары тіркелгені және жұбайы Б.С.Кудековтың атына Астана қаласы, Ж.Нәжімиденов 10/1 көшесінде орналасқан № 117 пәтері 2012 жылы тіркеліп, 2019 жылы иеліктен шығарылғаны даулы бұйрықты шығаруға негіз болған.
Дауды шешу кезінде талап қоюшының талаптарын қанағатандыра отырып арқылы төменгі соттар Басқарманың бұйрығын заңсыз деп танып, оның күшін жойып, талап қоюшыны коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар кезегіне қайта тұрғызуға мәжбүрлеген.
Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттың қорытындыларымен келіседі, олар материалдық құқық нормалары мен істін мән-жайларын дұрыс қолдануга негізделген.
Іс бойынша анықталғандай, талап қоюшы көп балалы ана, Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 31 қаңтардағы Жарлығымен «Алтын алқа» белгісімен марапатталған.
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы Заңының (бұдан әрі - Заң) 67-бабына сәйкес талап қоюшы бюджеттік ұйымның қызметкері және көп балалы ана ретінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға құқылы.
Заңның 69-бабына сәйкес, азаматтарды мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайға мұқтаж деп тану үшін өздерінің тұрып жатқан тұрғынжайы белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық және техникалық талаптарға сай келмеуі негіз болып табылады.
Жауапкердің бұрын талап қоюшы мен оның жұбайының атына жылжымайтын мүлікке меншік құқығы тіркелгені туралы кассациялық шағымының уәждеріне төмендегі соттар тиісті құқықтық баға берген.
Азаматтарды мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждардың есебінен шығару негіздері Заңның 73-бабында көзделген. Сонымен қатар, осы Заңда белгіленген тәртіппен тұрғынжайға мұқтаж деп танылған және тұрғынжай алғанға дейін есепке қойылған «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілермен, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарды, көп балалы отбасыларды есептен шығаруға тыйым салу көзделген.
Талап қоюшыны мұқтаждардың есебінен шығаруға мұндай негіздер жоқ. Ол тұрғын үйге мұқтаж болып қала береді және оны тұрғын үйге мұқтаж деп тану Заңда белгіленген шарттарға сәйкес келеді.
Жоғарыда көрсетілгендер негізінде кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімдері заңды және негізді деп санайды, өйткені олар сотта анықталған нақты мән-жайлар мен заңдылық, әділеттілік принциптері ескеріле отырып қабылданған.
Жауапкердің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал жауапкердің сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, іс бойынша қабылданған бірінші сатыдағы сот шешімінің, апелляциялық сот қаулысының күшін жоюға, сөйтіп кассациялық шағымды қанағаттандыруға еш негіз жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 16 қыркүйектегі шешімі, Астана қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 4 желтоқсандағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын. Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Е. Нуралиев Л. Кудекова
Ш.Манжуева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.