№6001-22-00-6ап/1811
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 11 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев,
талап қоюшы И[...], жауапкердің өкілі М[...] қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы И[...] жауапкер «Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне «Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2017 жылғы 4 қаңтардағы № 2-Ө бұйрығының тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебiнен шығару туралы бөлігін заңсыз деп тану, 2016 жылдағы үй кезегіне қалпына келтіру туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 18 қазандағы шешімі мен Нұр-Сұлтан қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 тамыздағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда 2016 жылы талап қоюшының жұбайы қайтыс болғанын, үш баламен жалғыз қалғанын, өзі тәрбилеп жатқанынын, «толық емес отбасы» санатына жататынын, сондықтан тұрғын үйге мұқтаждығын көрсетіп, «Астана қаласының тұрғын үй басқармасы» ММ-мен талап қоюшыны коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінен заңсыз шығарғанын көрсеткен.
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 18 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Нұр-Сұлтан қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, шығарылған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Талап қоюшы кассациялық шағымды қолдап, сот актілерінің күшін жою туралы, жауапкер өкілінің кассациялық шағымға қарсы туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген. Іс материалдарын анықталғандай, 2006 жылғы 25 шілдеде И[...] «бюджеттік ұйымның қызметкері» санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға есепке қойылған.
2010 жылғы 27 қаңтарда «Қалалық жылжымайтын мүлік» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мен И[...] арасында жалға алу шарты жасалып, жалға алушы мен оның отбасы мүшелеріне Б[...] (жұбайы), балалары: Б[...]; И[...]; Т[...] мемлекеттік тұрғын үй қорынан келесі мекенжай бойынша Астана қаласы, [...] тұрғын үй кешені, 24/1- үй, 179- пәтер берілген.
2016 жылғы 10 наурызда И[...] жұбайы - Б[...] қайтыс болған.
Талап қоюшының Қызылорда қаласы, Ақмешіт шағын ауданы, 9а-үй, 8-пәтер, ауданы 103 ш.м. тұрғын үйі болуына байланысты, Астана қаласы әкімдігі жанындағы тұрғын үй комиссиясының 2016 жылғы 23 желтоқсандағы № 18 хаттамалық шешімімен И[...] мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу үшін есебінен шығарылған. Осыған байланысты «Астана қаласының тұрғын үй басқармасы» ММ (бұдан әрі-Басқарма) 2017 жылғы 4 қаңтардағы бұйрығымен И[...] коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығарылған.
Аталған бұйрықпен талап қоюшы келіспей сотқа шағымданған.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңның 73бабы 1-тармағының 1,3,5) тармақшаларына сәйкес, азаматтарды мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаждар есебiнен шығару негiздерi: егер мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берiлуi үшiн негiздер жойылған; азамат мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берiлуiне мұқтаждығы туралы шындыққа сай келмейтiн мәлiметтер берген; сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай алған жағдайларда, оларды мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғынжайға немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғынжайға мұқтаж адамдар есебiнен шығару жүзеге асырылады.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуға келесі негіздерді көрсеткен.
Соттармен анықталғандай, талап қоюшы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға есепке қою кезінде 1998 жылғы 5 ақпандағы жекешелендіру шарты негізінде жеке меншігінде Қызылорда қаласында орналасқан пәтер талап қоюшыға өтеусіз берілгені анықталған.
2019 жылғы 5 ақпандағы сыйға тарту шарты бойынша И[...] өзінің тұруы үшін жарамды пәтерді иеліктен шығарып, оны туысы Б[...] сыйға берген.
Осыған қоса, 2007 жылдан бастап И[...] бюджеттік ұйымның қызметкері болып табылмайды.
Осыған байланысты, И[...] мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға есепке қою туралы арызбен жауапкерге жүгінген кезде, оның Қызылорда қаласында тұрғын үйінің болғанын жасырып, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй берілуіне мұқтаждығы туралы шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер көрсеткен.
Бұл жағдайда соттар жауапкердің талап қоюшыны мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға арналған есептен шығару жөніндегі іс-әрекеттері негізді және заңға сәйкес келеді.
Соттардың бұл тұжырымдары негізді, материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес келеді.
Кассациялық шағым өзінің мазмұнымен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 18 қазандағы шешімі мен Нұр-Сұлтан қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы И[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.