ВС РК - Постановление от 20.05.2025 по делу 6001-25-00-3гп/145 (Гражданское)

6001-25-00-3гп/145

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 20 мамыр Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - төраға Н.К.Шәріповтің,

судьялар: М.Т.Балкеннің, Ж.М.Қашқынбаеваның,

талап қоюшының өкілі - Д.Б.Әдбдрахметтің қатысуымен,

ашық сот отырысында мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «KMG-Security» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - Серіктестік) жауапкер жеке кәсіпкер «Алимжан» Жұлдыз Сабитқызы Қожановаға (бұдан әрі - Жеке кәсіпкер) жосықсыз жеткізуші деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіру туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 10-қыркүйектегі ұйғарымын және Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28қарашадағы ұйғарымын қайта қарау туралы Серіктестіктің келтірген өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,

Серіктестік сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінген.

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 10-қыркүйектегі ұйғарымымен Серіктестіктің жауапкерді жосықсыз жеткізуші деп тану туралы талабы бойынша іс жүргізуі тоқтатылып, аталған соттың шешімімен жауапкерден талап қоюшы пайдасына 325 500 теңге айыппұл өндірілді.

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28-қарашадағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта арызданушы істі қарау барысында құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, нақтыланбағанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы немесе істі жаңадан қарауға жіберуді сұраған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі - сот алқасы, кассациялық алқа) талап қоюшының өтінішхатты қолдаған түсінігін тыңдап, өтінішхат уәждерін талқылап, іс-құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттардың тарапынан жол берілген деген пікірге келуге болады.

Іс материалдарынан 2024 жылғы 25-сәуірде тараптардың арасында дезинфекция, дезинсекция және дератизация бойынша санитарлық қызмет көрсету туралы шарт жасалғаны анықталды. Сотта жауапкердің шарт бойынша өз міндеттерін орындамағаны анықталып, бұл тұрақсыздық айыбын өндіру туралы талапты қанағаттандыруға негіз болған.

Талап қоюшы талабында аталған келісімшарт «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Директорлар кеңесінің 2024 жылғы 3-қаңтардағы № 193 шешімімен бекітілген «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу немесе одан да көп пайызы тікелей және жанама түрде «Самұрық-Қазына» АҚ-ға меншік немесе сенімгерлік басқару құқығымен тиесілі заңды тұлғалардың сатып алуларын жүзеге асыру тәртібінде жасалғанын көрсеткен (бұдан әрі - Тәртіп).

Даулы сот ұйғарымдары жауапкерді жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап сот ісін жүргізудің нысанасы бола алмайды деген қорытындыға негізделген.

Талап қоюшының кассациялық өтінішхаты «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 10-бабын қолдануына негізделген, онда тапсырыс берушінің міндеттемелерді бұзған өнім берушіні жосықсыз қатысушы деп тану туралы талаппен сотқа жүгіну міндеті қарастырылған.

Кассациялық өтінішхатты қарау нәтижелері бойынша алқа жергілікті соттардың қабылдаған актілері негізсіз деген қорытындыға келеді. Жоғарыда аталғандай, Заңның 10-бабында жосықсыз сатып алуға қатысушылардың тізімін жүргізу тәртібі де, тапсырыс берушінің тиісті талаппен сотқа жүгіну міндеті де белгіленген.

Жергілікті соттардың даулы сот актілерінде жауапкерді сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талаптың азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтыны туралы қорытындылары Заңның аталған нормасына тікелей қайшы келеді.

Өз кезегінде, Тәртіптің 26-бабының 2-тармағында сатып алу туралы шарт бұзылған жағдайда әлеуетті өнім беруші (өнім беруші) шарттың орындамау немесе тиісінше орындамау фактісін анықтаған заңды күшіне енген сот шешімі (қаулысы) болған жағдайда Қордың сенімсіз әлеуетті өнім берушілерінің (өнім берушілерінің) тізбесіне енгізілуге жататыны белгіленген.

Тиісінше, алқа тапсырыс берушінің сотқа талап қою міндеті туралы жоғарыда аталған ережелерді ескере отырып, сот сатып алу туралы шартты орындамау немесе тиісінше орындамау фактісінің бар немесе жоқтығын тексеру үшін істі мәні бойынша қарауы тиіс деп есептейді. Сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау жергілікті соттардың заңды дұрыс қолдануын тексеруге бағытталған. АПК-нің 438бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіпте қайта қарауға мүмкіндік беретін елеулі бұзушылықтарға АПК-нің 427-бабында көрсетілген процессуалдық құқық нормаларының бұзушылықтары жатады. Материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбау нәтижесінде сот істі дұрыс шешпеген жағдайда ғана елеулі бұзушылық ретінде жатқызылуы мүмкін.

АПК-нің 6-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот азаматтық істерді қарау және шешу кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасы конституциялық заңдарының, осы Кодекстің, басқа да нормативтік құқықтық актілердің талаптарын дәлме-дәл сақтауға міндетті.

Апелляциялық сатыдағы сот АПК-нің 412-бабына сәйкес апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша істе бар және осы Кодекстің 413-бабы 2-бөлігінің талаптарына сәйкес ұсынылған материалдар бойынша істің нақты мән-жайларын анықтаудың, материалдық құқық нормаларын қолдану мен түсіндірудің дұрыстығын, сондай-ақ істі қарау және шешу кезінде азаматтық процестік заң нормаларының сақталуын тексереді.

Істің мұндай тұрғысында, іс бойынша қабылданған даулы сот актілерін заңды және негізді деп тануға болмайды. Сондықтан алқа жергілікті соттардың актілерінің күшін жойып, азаматтық істі мәні бойынша қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа басқа құрамымен жаңадан қарауға жіберу туралы қорытындыға келеді.

АПК-нің 15-бабының 3-бөлігіне сәйкес сот іске қатысатын адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, процестік әрекеттерді жасаудың немесе жасамаудың салдарлары туралы ескертеді, олардың құқықтық позициялары мен дәлелдемелерін нақтылайды, олармен істің мән-жайларын талқылайды және осы Кодексте көзделген жағдайларда, оларға өздерінің құқықтарын жүзеге асыруға жәрдемдеседі.

АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 10-қыркүйектегі ұйғарымының, Ақтөбе облыстық

сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28қарашадағы ұйғарымының күші жойылсын.

Азаматтық іс Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына мәні бойынша қарауға жіберілсін.

«KMG-Security» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Н.Шәріпов

Ж.Қашқынбаева

Судьялар

М.Балкен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.