КСАД РК - Постановление от 13.05.2026 по делу 6003-26-00-4к/458 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 13 мамыр №6003-26-00-4к/458 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,

судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,

жауапкерлердің өкілдері Г[...] пен С[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында А[...] жауапкерлер Атырау облысы, [...] әкіміне (бұдан әрі – округ әкімі), «Атырау облысы, [...] жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Бөлім) қосымша жер берумен байланысты әрекеттерін заңсыз деп тану, 2024 жылғы 8 қазандағы қорытындының күшін жою, қосымша жер беру туралы келісімін беруге мәжбүрлеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2025 жылғы 19 тамыздағы қаулысына берілген талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгініп, талаптарын логистикалық орталық пен қонақ үй кешенін салу үшін көлемі 2,25 га болатын қосымша жер учаскесін беруден бас тартудың заңсыздығымен негіздеген.

Атырау облысы Құрманғазы аудандық сотының 2025 жылғы 10 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Округ әкімі мен Бөлімнің қосымша жер берумен байланысты әрекеттері заңсыз деп танылған. 2024 жылғы 8 қазандағы қонақ үй кешенімен логистикалық орталық объектісін салу үшін жер учаскесін бөлуді келісімін бермеу туралы қорытындысының күші жойылған.

Округ әкіміне Атырау облысы, [...] мекенжайдан логистикалық орталық, қонақ үй кешені ғимаратының құрылысын салу үшін қосымша 2,25 га көлемінде жер беру мәселесі бойынша талап қоюшының пайдасына қолайлы әкімшілік акт қабылдау міндеті жүктелген.

ӘІжСА-ның 2025 жылғы 19 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген, шешімнің Атырау облысы, [...] әкіміне Атырау облысы, [...] мекен жайдан логистикалық орталық, қонақ үй кешені ғимаратының құрылысын салу үшін қосымша 2,25 га көлемінде жер беру мәселесі бойынша талап қоюшының пайдасына қолайлы әкімшілік акт қабылдау міндетін жүктеу туралы бөлігінің күші жойылып, осы бөлікте жаңа шешім қабылданған.

Округ әкімі мен Бөлім А[...] қосымша жер учаскесін беру туралы арызын жер заңнамасының және Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) талаптарын сақтай отырып, қайта қарауға міндеттелген.

Кассациялық шағымда талап қоюшы апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.

Талап қоюшыдан сот отырысын кейінге қалдыру туралы өтінішхат түскен. Алайда аталған өтінішхат қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында тараптардың міндетті жеке қатысуымен қарауға тағайындалған, бұл туралы процеске қатысушылардың барлығы (соның ішінде өкілдер) алдын ала тиісті түрде хабарланған. Талап қоюшы келтірген мәнжайлар мен қоса тіркелген құжаттар істі кейінге қалдыру үшін жеткілікті негіз бола алмайды, себебі талап қоюшының өкілі бар, сондай-ақ бейнеконференцбайланыс режимінде қатысу да қамтамасыз етілмеген. Осыған байланысты іс талап қоюшы мен оның өкілінің қатысуынсыз қаралды. ӘРПК-нің 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық шағымның уәждерін талқылап, іс материалдарын зерттеп, кассациялық сот келесі қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сот жол бермеген.

Іс бойынша анықталған мән-жайлардан көрінгендей, округ әкімнің 2021 жылғы 12 шілдедегі және 10 қыркүйектегі шешімдеріне сәйкес талап қоюшы А[...] Атырау облысы, [...] мекенжайы бойынша 1,9000 гектар жер учаскесіне жеке меншік құқығы логистикалық орталық, қонақ үй кешені ғимаратын салу үшін берілген.

Талап қоюшы 2024 жылғы 18 қыркүйекте жоғарыда аталған мекенжай бойынша жер учаскесіне қосымша 2,25 га жер учаскесін сұрап, округі әкіміне арызданған.

2024 жылғы 8 қазандағы елді мекен шегінде объектілер салу үшін жер учаскесін беру жөніндегі келісуші органдардың қорытындысына сәйкес (Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 5 қарашадағы №67 бұйрығына 2-қосымша) А[...] қосымша жер учаскесін беру туралы келісім жасаудан бас тартылған.

Бас тартуға 2023 жылғы 25 қыркүйектегі №5 Бөкейхан ауылдық округі жергілікті қоғамдастығы хаттамасы негіз болған, оған сәйкес Бөкейхан ауылының көрсетілген бөлігіндегі бос жерлерді әскери қорғаныс қажеттіліктері мен одан әрі абаттандыру мақсатында резервке қалдыруға келісім берілген. Бірінші сатыдағы талап қоюды толық көлемде қанағаттандыра отырып, төмендегілерді негізге алған:

  • 2023 жылғы 25 қыркүйектегі №5 Бөкейхан ауылдық округі жергілікті қоғамдастығының хаттамасы жер учаскесін резервке қою үшін жеткілікті негіз бола алмайды;

  • жер учаскесі қазіргі уақытта резервте тұрмаған;

  • Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 49-2бабында көзделген жерлерді резервке қою тәртібі сақталмаған;

  • ӘРПК-нің 133-бабы мен 157-бабының бірінші бөлігі ережелеріне сілтеме жасай отырып, жауапкерді қолайлы әкімшілік акт қабылдауға міндеттеген.

Апелляциялық сатыдағы сот шешімді өзгертіп, жауапкерлерге А[...] өтінішін қайта қарау міндетін жүктей отырып, Кодекстің 44-1-бабының ережелерінде кент, ауыл жерлерінен құрылыс салу үшін жер учаскелерін берудің нақты белгіленген тәртібі көзделгенін көрсеткен. Аталған тәртіп жергілікті атқарушы органмен сақталуға тиіс, ал өтініш Кодекс пен ӘРПК талаптарына сәйкес қайта қаралуға жатады.

Кент, ауыл шегінде объект салу үшін жер учаскесін берудің жалпы тәртібі, рәсімі және негіздері Кодекстің 44-1-бабында көзделген.

Кодекстің 49-2-бабының 1, 2-тармақтарына сәйкес, жерді резервке қою елді мекендердің дамуын қамтамасыз ету, жеке тұрғын үй салу, жоспарланып отырған инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымдар объектілерін, стратегиялық объектілерді, қорғаныс және қауіпсіздік, ғарыш қызметі объектілерін орналастыру, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру, оның ішінде қорғаныш ағаш екпелерін егу мақсатында, балық шаруашылығын, аквашаруашылықты жүргізу, жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю бойынша халық мұқтажын қанағаттандыру мақсатында жайылымдық және шабындық алқаптарды пайдалану және бақша шаруашылығы үшін, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану және арнайы экономикалық аймақтарды немесе республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтарды құру мақсаттары үшін мемлекеттік меншіктегі жерде резервтік аумақтар құру арқылы жүзеге асырылады.

Аумақтарды қала құрылысы үшін жоспарлаудың белгіленген тәртіппен бекітілген кешенді схемалары, елді мекендердің бас жоспарлары, автомобиль жолдары мен теміржолдар өтуінің жобалары (схемалары), қоршаған ортаға әсер етуді бағалау қамтитын саланы айқындау туралы қорытындылар, Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары жерді резервте қалдыру үшін негіздер болып табылады. Жер қойнауын пайдалану мақсаттары үшін жерді резервке қою Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасы немесе «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес жерді осындай резервке қою үшін негіздер болып табылатын өзге де құжаттар негізінде жүзеге асырылады. Жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю бойынша халық мұқтажын қанағаттандыру мақсатында жайылымдарды резервке қою Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспардың негізінде жүзеге асырылады.

Кассациялық сатыдағы сот іс материалдарын және кассациялық шағымның уәждерін зерделей келе, апелляциялық сатыдағы сот қаулысының заңдылығы туралы қорытындыға келеді, оның негізіне алынған мән-жайлар талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы тұжырымдардың дұрыстығын көрсетеді.

Анықталған мән-жайлардан А[...] жеке меншік құқығында нысаналы мақсаты логистикалық орталық пен қонақ үй кешенін салуға арналған көлемі 1,9000 га жер учаскесіне ие екені белгілі болды.

А[...] көлемі 2,25 га болатын қосымша жер учаскесін беру туралы өтініші тиісті түрде қаралмаған, Кодекстің 49-2-бабының ережелері бұзылған. Бас тартудың негізіне алынған 2023 жылғы 25 қыркүйектегі №5 хаттама жер учаскесін резервке қою үшін жеткілікті негіз болып табылмайды, сұратылып отырған жер учаскесі резервте тұрмаған, Кодекстің 49-2-бабында көзделген рәсім сақталмаған.

Қосымша жер учаскесін беруге байланысты әрекеттерді заңсыз деп тану және 2024 жылғы 8 қазандағы қорытындының күшін жою туралы талап қоюды қанағаттандыру бөлігіндегі сот актілеріне тараптар шағым келтірмеген, талап қоюшының кассациялық шағымында осы бөлікте уәждер келтірілмеген. Өз кезегінде жауапкерлер де сот актілерінің аталған бөлігіне дау айтпаған, кассациялық шағым бермеген.

Тиісінше, АПК-нің 449-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.

Апелляциялық сатыдағы соттың қолайлы әкімшілік акт қабылдауға міндеттеу бөлігіндегі сот шешімінің күшін жою туралы қорытындылары дұрыс болып табылады. Мұндай міндеттеу әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеттері

мен қағидаттарына қайшы келеді, себебі сот әкімшілік органды алмастырмауға тиіс, тек оның әрекеттерінің заңдылығын тексереді.

Қаралып отырған жағдайда жер учаскелерін беру және олар бойынша процестік шешімдер қабылдау жөніндегі айрықша өкілеттік жергілікті атқарушы органға тиесілі (Кодекстің 32, 44-1-баптары).

Қолайлы әкімшілік акт қабылдау және нақты жер учаскесін беруге мәжбүрлеу туралы тікелей нұсқау жауапкердің әкімшілік қалауын алдын ала шешіп, оны шектейді, сот бақылауының шегінен шығып, уәкілетті органның құзыретін алмастыру белгілеріне ие болады.

Апелляциялық сатыдағы сот осы жағдайда талап қоюшының өтінішін қарау және ол бойынша жер заңнамасы мен ӘРПК-нің талаптарына сәйкес шешім қабылдау жөніндегі әкімшілік рәсімді қайта жүргізу міндетін заңды түрде жүктеген.

Осылайша, апелляциялық саты сотының шағымданып отырған бөліктегі қорытындылары негізді болып табылады, кассациялық сот олармен келіседі.

Материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылған, осы бөліктегі дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға кассациялық сот негіз таппайды.

Осыған байланысты талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Д. Әбдіғалиев

Төрағалық етуші

Судьялар

Г. Ыдырысова

М. Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.