6003-25-00-2к/3539
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 6 қаңтар
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,
судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева,
прокурор А.Камашевтің, талап қоюшының өкілі Ғ.Ө.Әзімбайдың, жауапкерлер Н.М.Кусеновтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласының әкімдігі «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер Нуржан Майлыбекович Кусеновқа, Куаныш Жаксыбекович Кусеновқа, Азамат Шамельевич Торебаевке өтемақы төлеу арқылы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы электронды азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 27 қантардағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкерлердің меншігіндегі жер учаскесін және жылжымайтын мүлікті мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 27 қантардағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. Н.М. Кусеновқа меншік құқығына тиесілі кадастрлық № 21-324-029-089, жалпы ауданы 0,0892 га, Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы, С.Сейфуллин көшесі, 57/1 үй мекенжайында орналасқан жер учаскесіне жылжымайтын мүлік объектісіне 77 699 433 теңге ақшалай өтемақы төлеу арқылы онымен бірге тұрып жатқан адамдарды мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертуді, өндірілген 72 540 155 теңге ақшалай төлемді 65 267 123 теңге мөлшеріне дейін азайтуды сұраған.
Кассациялық сот тараптарды, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 12 тамызда №510-2652 қаулысымен Астана қаласы, "Байқоныр" ауданы, Сырдария көшесінің С.Сейфуллин көшесінен Ә.Жангельдин көшесі қиылысы ауданында орналасқан жалпы ауданы 1,1357 га жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін көппәтерлі тұрғын үйдің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін қоса беріліп отырған схемаға сәйкес мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы шешім қабылданған.
Қаулыда көрсетілген жер учаскесінің шегіне 2018 жылғы 19 қантарда сыйға тарту шарты негізінде Кусеновқа Н.М. тиесілі Астана қаласы, «Алматы» ауданы, Сейфуллин көшесі, №179 үй, кадастрлық № 21-318-029-089, жалпы ауданы 0,00892 га мекенжайы бойынша жер учаскесімен онда орналасқан жылжымайтын мүлік енген.
Уәкілетті органмен жауапкерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталған және 60 007 616 теңге ақшалай өтемақы ұсынылған.
Алайда, жауапкер өзінің мүліктерін талап қоюшының бағалаған нарықтық құнымен келіспеген.
Осыған байланысты сот ұйғарымымен тағайындалған «Прогресс Консалтинг» ЖШС-нің 2025 жылғы 23 қаңтардағы № С.164-12.24 қорытындысына сәйкес жауапкер Н.М.Кусеновқа тиесілі жер учаскесінің және онда орналасқан жылжымайтын мүліктің нарықтық құны 75 834 123 теңгеге бағаланған, ал тиісті түрде ресімделмеген және мемлекеттік органда тіркелмеген ғимараттарымен, жақсартуларымен, жеміс және басқа ағаштармен 1 865 310 теңгені құраған (бұдан әрі - сарапшының қорытындысы).
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда
мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.
Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.
Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде сарапшының қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшымен сараптама шығын тәсілі және салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс Объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.
Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.
Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі мен мүлік үшін өтемақы мөлшерін 77 699 433 теңге деп анықтауы заңды.
Осыған байланысты талап қоюшының шағымдағы уәжі негізсіз, соттардың түйіндеріне қарсы жаңа дәлелдер келтірмеген, көрсетілген уәждері апелляциялық сатыдағы сотпен толығымен негізделген.
Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Талап қоюшы өтемақыны шығын тәсілімен анықтаған мүліктің құнына ғана сүйеніп анықтауды сұрайды. Сарапшының қорытындысы жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын айқындау кезінде шығыс және салыстырмалы тәсілдерін пайдаланған. Жылжымайтын мүліктің түпкілікті құны оның жиынтық көрсеткішін шығару және нәтижелерін келісу жолымен айқындалған.
«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар. Сарапшының бағалау тәсілдері мен әдістері сот құрылыс-тауартану
сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер талап қоюшымен ұсынылмаған.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 27 қантардағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар: В.Е.Тохтарбаева
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.