6кп-85-22
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 25 қараша Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья А.Қ.Қыдырбаева,
судьялар Б.Б.Шермұхаметов, М. Таймерденов, прокурор Т[...],
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі А[...],
Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының (әрі қарай - Басқарма) өкілдері Д[...], К[...],
«АС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (әрі қарай – Серіктестік, ЖШС) өкілі Н.С.Медеудің қатысуларымен, бейнеконференц байланыс жүйесі арқылы ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен «АС[...]» ЖШСне қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 283-бабының 2- бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2022 жылғы 5 наурыздағы қаулысымен «АС[...]» ЖШС-не қатысты ӘҚБтК-нің 283-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік iс жүргiзу әкiмшiлiк жауаптылыққа тартудың ескіру мерзiмдерiнiң өтуiне байланысты тоқтатылған. Іс апелляциялық тәртіппен қаралмаған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот қаулысын қайта қарау көрсетілген. Іс құжаттарын зерделеп, прокурор Т[...] және уәкілетті органның өкілдері А[...], Д[...], К[...] ұсынуды қолдаған, Серіктестіктің өкілі Н.С.Медеудің ұсынуды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған пікірлерін тыңдап, ұсынудың уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегі тұжырымға келді.
ӘҚБтК-нің 851 бабы 5 бөлігі 3) тармағына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға қабылданған қаулы құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.
Іс бойынша осындай негіздер орын алған.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2021 жылы 29 қазанда 14 сағат 23 минут шамасында Серіктестікке тиесілі Қызылорда қаласы, [...] орналасқан «Ажар» сауда үйінде азамат П[...] есептік-бақылау маркалары, стандартқа сәйкес емес, сәйкестендіруге келмейтін, яғни белгісіз бір үлгіде, мөлшері 0,5 литр, «Московская Особая» алкоголь өнімінің 24 данасы сатылған.
2022 жылғы 1 ақпанда Басқарма Серіктестікке қатысты ӘҚБтК-нің 283-бабы 2-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған.
Бірінші сатыдағы соттың тұжырымы Басқармамен әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған күннен бастап, екі ай өткеннен кейін Серіктестікке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы толтыруына, яғни заңды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі өтуіне негізделген.
Алайда, ӘҚБтК-нің 62-бабы 2-бөлігіне сәйкес, заңды тұлға (оның iшiнде дара кәсiпкер) салық салу саласындағы құқық бұзушылығы үшiн оны жасаған күннен бастап, бес жыл өткеннен кейiн әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуға жатпайды.
ӘҚБтК-нің 283-бабы 3-бөлігінде қарастырылған құқық бұзушылық осы Кодекстің 16-тарауында көзделген салық салу саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар санаттарына жатады. Яғни аталған іс бойынша заңды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі өтпеген.
«Соттардың Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің Жалпы бөлігінің нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 22 желтоқсандағы № 12 нормативтік қаулысының (әрі қарай - нормативтік қаулы) 15-тармағына сәйкес, салық салу саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін әкімшілік жаза қолданудың ескіру мерзімі ӘҚБтК-нің 62-бабының 2-бөлігінде көзделген. ӘҚБтК-нің 62-бабының 3-бөлігіне сәйкес мұндай құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жазаны қолданудың ескіру мерзімін есептеуге жол берілмейді. Сонымен қатар, нормативтік қаулының 18-тармағына сәйкес, әкімшілік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзiмiнiң өтуiне байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтатқан кезде (ӘҚБтК-нің 741-бабы 1-бөлігінің 5) тармақшасы) соттарға ӘҚБтК-нің 822-бабының 1-бөлігінің 6) тармақшасына сәйкес қаулыда істі қарау кезінде анықталған барлық мән-жайларды, сондай-ақ құқық бұзушылық жасауда тұлғаның кінәсі немесе кінәсіздігі туралы тұжырымдарды көрсету қажет. Кінәлілігі туралы түйіндер құқық бұзушылық жасаумен келтірілген зиянды өтеу мәселесін шешу кезінде маңызды болады және Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 76-бабының 5-бөлігіне сәйкес осы тұлға жасаған нақ осы құқық бұзушылықтың азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарау кезінде қайта дәлелденбейді.
ӘҚБтК-нің 62-бабында белгіленген әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін ескіру мерзiмдерiнiң сақталуын тексеру әкімшілік жазаны қолдану туралы мәселені шешу кезінде жүргізіледі. Әкімшілік жазаны қолдану туралы қаулыларды қайта қарау барысында осы мерзімдердің сақталуы жазаны қолдану туралы қаулы шығарылған сәтте тексерілуі тиіс.
Соттың қаулысында Серіктестіктің құқық бұзушылық жасауда кінәсі немесе кінәсіздігі туралы тұжырымда көрсетілмеген.
Аталған мән-жайлар бірінші сатыдағы сотта зерделенбеген. Сот осы мән-жайларға қажетті көңіл бөлмеген.
Сот алқасы жоғарыда көрсетілген заң бұзушылықтарды өрескел деп табады.
Мұндай жағдайда, сот алқасы бірінші сатыдағы сотпен қабылданған қаулының күші жойылып, іс жаңадан сот қарауына жолдануға жатады деген тұжырымға келді.
Істі жаңадан қарау барысында сот жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді ескере отырып, іс бойынша барлық дәлелдемелерді, мән-жайларды толық, жан-жақты, объективті тексеріп, баға беріп, заңға негізделген шешім қабылдауы қажет.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы,
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 283-бабының 2-бөлігі бойынша «АС[...]» ЖШС-не қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2022 жылғы 5 наурыздағы қаулысының күші жойылып, іс жаңадан сот қарауына бірінші сатыдағы сотқа жолдансын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
А. Қыдырбаева
Төрағалық етуші
Судьялар:
Б.Шермұхаметов
М. Таймерденов
Көшірмесі дұрыс
М.Таймерденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.