6001-24-00-6ап/1208
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 26 қараша Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Ғ.Ө.Әлжанов,
судьялар - Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып, талап қоюшы өкілі М.О.Битемировтің, А.Қ.Бектайдың, жауапкер өкілі А.У.Мамадалиевтың,
мүдделі тұлға М.Б.Бекееваның, оның өкілі А.С.Орынбектің қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шымкент қаласының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - ММ, Полиция департаменті) жауапкер «Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Еңбек инспекциясы, ММ) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы талаптарының бұзушылықтарын жою туралы 2023 жылғы 13 қазандағы №02МА-33 нұсқамасын (бұдан әрі - нұсқама) заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 7 желтоқсандағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 наурыздағы қаулысына талап қоюшы келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа жауапкерге жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 7 желтоқсандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
Заңдылықты бұзу фактілері бойынша жеке ұйғарым қабылданған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 наурыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күштерін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Сот отырысында қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген. Соттармен анықталған мән-жайларға қарағанда Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2023 жылғы 2 ақпандағы қаулысымен М.Б.Бекееваға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 131-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық теріс қылық туралы іс мерзімі ескіруіне байланысты қысқартылып, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылған.
Полиция департаменті бастығының 2023 жылғы 5 сәуірдегі №332 ж/қ бұйрығымен полиция органдарының қызметкері М.Б.Бекеева Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» заңының (бұдан әрі - Заң) 61-бабының 1-тармағы 12- тармақшасына сай, соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуіне байланысты қызметінен босатылған. Мемлекеттік органның шешіміне 2023 жылғы 2 мамырда М.Бекееваның өкілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігіне шағым берген. Шағым бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі - Департамент) 2023 жылғы 4 шілдеде №4 бұзушылықты жою туралы нұсқама қабылданған, Полиция департаменті бұйрық бойынша заңнама талаптарына сәйкес шаралар қабылдауға міндеттелген.
Кейін Полиция департаменті бастығының бұйрықтарымен жұмыстан босату туралы бұйрықтың негізі «жұмыскер жүктілігіне және босануға байланысты демалыста болған, сондай-ақ егер ауру денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін еңбекке қабілетсіздіктің неғұрлым ұзақ мерзімі белгіленген аурулар тізбесіне енгізілген жағдайларды қоспағанда, жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіздігі салдарынан қатарынан екі айдан астам уақыт жұмысқа шықпаған жағдайларда бұзылуы мүмкін» деген негіздермен толықтырылған. М.Б.Бекеева бұйрықпен келіспей 2023 жылдың 31 тамызында Департаментке қайта шағым берген.
Департамент 2023 жылғы 1 қыркүйекте шағымды әрі қарай қарауға Еңбек инспекциясына жіберген.
Басқарманың 2023 жылғы 11 қыркүйектегі актісімен Полиция департаментіне тексеру тағайындалған.
Мемлекеттік еңбек инспекторының тексеру нәтижелері бойынша актісіне сәйкес бұйрық бойынша еңбек заңнамасының бұзушылығы анықталмады деген қорытынды берілген.
Қорытындымен М.Б.Бекееваның келіспейтіні көрсетіліп, оның өкілі А.С.Орынбек 2023 жылғы 27 қыркүйекте шағым келтірген.
Шымкент қаласының Бас мемлекеттік еңбек инспекторы шағымды қарап, 2023 жылғы 29 қыркүйекте мемлекеттік еңбек инспекторының 2023 жылғы 21 қыркүйектегі тексеру нәтижелері бойынша актісінің күшін тоқтата тұру және шағым бойынша Полиция департаментінде қайта тексеру жүргізу туралы шешім қабылдаған.
2023 жылғы 29 қыркүйектегі тексеру тағайындау туралы акт құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органында тіркелген.
2023 жылғы 13 қазанында Еңбек инспекциясымен Полиция департаментіне 2023 жылғы 14 шілдедегі №748 бұйрықты еңбек заңнамасына сәйкестендіруді, жауапты қызметкердің жауапкершілігін қарастыруды, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 161-бабының 1-тармағының талаптарын орындауды, осы негіздерде М.Б.Бекееваға 2023 жылдың 5-сәуірі мен 13-қазаны аралығында бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін (алты айдан аспайтын мерзімге) жалақы төлеуді орындау туралы нұсқама келтірілген.
Полиция департаментімен М.Б.Бекееваға 06.04.2022-15.04.2022 жж., 18.04.2022-15.05.2022 жж., 16.05.2022-05.06.2022 жж., 06.06.202215.06.2022 жж., 16.06.2022-11.07.2022 жж., 12.07.2022-19.07.2022 жж. аралығында еңбекке уақытша жарамсыздық парақтары бойынша емделуде болғаны, аталған еңбекке уақытша жарамсыздық парақтары 2022 жылғы 20 шілдеде Полиция департаментіне өткізілгені, парақтарды жауапты қызметкерлер қол қойып, қабылдап алғаны, М.Бекеева 20.07.202205.04.2023 жж. аралығында өз қызметінде жұмыс атқарып және оған ай сайын жалақы төленіп отырғаны анықталған.
Жауапкердің жолданған сұратуына 2023 жылғы 12 қазандағы Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау Комитеті төрағасы «арада бір жыл уақыт өткеннен кейін жұмыстан босату заң талаптарына сәйкес келмейді» деген жауабымен түсіндірген. Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімді қабылдай отырып, Полиция департаменті келіспей отырған нұсқаманың заңдылығы туралы қорытындыға келген.
Кодекстің 161-бабының 1-тармағымен бұрынғы жұмысына қайта алынған жұмыскерге бос жүруге мәжбүр болған бүкіл уақыты үшін жалақысы немесе басқа жұмысқа заңсыз ауыстырылған кезде төмен ақы төленетін жұмысты орындаған уақыт үшін жалақысындағы айырма, бірақ алты айдан аспайтын уақытқа төленетіндігі бекітілген.
Кодекстің 191-бабының 1-тармағымен Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды мемлекеттік еңбек инспекторлары жүзеге асыратындығы қарастырылған.
Кодекстің 192-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының мәселелері бойынша жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өтініштерін, арыздарын және шағымдарын қарау мемлекеттік еңбек инспекциясының негізгі міндеттеріне кіреді.
Кодекстің 195-бабының 1-тармағымен тексеру нәтижелері бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру нәтижелері туралы акт және жұмыс берушінің жалақы төлеуі туралы нұсқама қабылдайтындығы бекітілген.
Кодекстің 198-бабының 2-тармағымен Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік еңбек инспекторы жеке және (немесе) заңды тұлғалардың өтініштері (шағымдары) бойынша шешім шығарылғанға дейін төмен тұрған мемлекеттік еңбек инспекторы актілерінің орындалуын тоқтата тұруға, олардың күшін жоюға не кері қайтарып алуға құқылы екендігі қарастырылған.
ӘРПК-нің 5-бабының 2-бөлігінде бекітілгендей әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Яғни, әкімшілік сот ісін жүргізудің мақсаты - жария-құқықтық қатынастардағы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру.
Бұл ретте, жауапкердің нұсқаманы қабылдау және оны қабылдау бойынша іс-әрекеттері заңды әрі негізді болып табылады, өйткені талап қоюшымен нұсқаманың заңсыздығы сот отырыстары барысында дәлелденбеген.
Керісінше жауапкер нұсқамасының заңдылығы әрі негізділігі жергілікті соттармен істі қарау барысында дәлелін тапқан.
ӘРПК-нің 155-бабының төртінші бөлігімен сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартатындығы қарастырылған.
Келтірілген мән-жайлар мен заң нормалары аясында жергілікті соттардың сот актілері заңды әрі негізді, өйткені дауланып отырған нұсқаманы қабылдау барысында жауапкер тарапынан заң бұзушылықтарға, оның ішінде процедуралық сипаттағы кемшіліктерге жол берілмеген.
Осыған орай, сот алқасы сот актілері материалдық және процестік құқық нормаларына негізделіп шығарылған, соттармен заң нормалары дұрыс қолданылған, іс бойынша дәлелдемелерге заң тұрғысынан дұрыс баға берілген деп санайды.
Дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға не өзгертуге негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 7 желтоқсандағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шымкент қаласының Полиция департаменті» ММ-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ғ. Әлжанов
Ж. Ермагамбетова
Судьялар
Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.