ВС РК - Постановление от 20.06.2025 по делу 6001-24-00-6ап/3614 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 20 маусым 6001-24-00-6ап/3614 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Г.Б.Дуйсенбаев, Е.Ж.Өмірәлиев болып,

талап қоюшының өкілдері С.С.Муксимованың, А.С.Абдрахманованың, жауапкер өкілдері Б.А.Жайжановтың, Е.Ж.Жиянның, А.А.Назымбектің қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Астана қаласының Мәдениет басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) жауапкер «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) Басқармаға қатысты Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қорытындыны бекіту туралы 2024 жылғы 27 мамырдағы №29-ОД бұйрығының күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 31 шілдедегі шешіміне, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 қазандағы қаулысына талап қоюшы мен мүдделі тұлға «ARTSPORT.KZ» республикалық қоғамдық бірлестігінің (бұдан әрі – Қоғамдық бірлестігі) кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 31 шілдедегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы Басқарма мен мүдделі тұлға Қоғамдық бірлестігі кассациялық шағымдарында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандыруды сұраған.

Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы талап қоюшы Басқарма өкілдерінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер Департамент өкілдерінің кассациялық шағымдарға қарсы болған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Департаменттің 2024 жылғы 23 қаңтардағы бұйрығы негізінде 2024 жылғы 26 қаңтардан 23 сәуірге дейін Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 194-бабы 2-тармағының 8) және 9) тармақшаларында көзделген бұзушылық белгісі бойынша Басқармаға қатысты Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылушылығына тергеп-тексеру жүргізілген.

Тергеп-тексеруді жүргізуге 2023 жылғы 13 желтоқсанда түскен «Kinder» ЖШС-нің арызы негіз болған.

Арызда Астана қаласының әкімдігі екі жыл ішінде мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстар бойынша қызмет көрсететін әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін дұрыс қарастырмағандығын, нәтижесінде барлық ваучерлер тек қолданыстағы өнім берушілер арасында таратылып отырғандығын хабарлаған.

2023 жылғы 15 желтоқсанда Департамент Басқарманың атына іс әрекеттерінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу туралы хабарлама жіберген. Оның орындалмауына байланысты Департамент тергеу жүргізген. Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша Департамент Басқарманың ісәрекеттерінде Кодекстің 194-бабы 2-тармағының 8) және 9) тармақшаларында көзделген бұзушылық фактілерін анықтаған.

2024 жылғы 19 наурызында Департамент Басқармаға тергеу нәтижелері бойынша қорытынды жобасын ұсынған. 2024 жылғы 27 наурызында Басқарма қорытынды жобаға қарсылықты келісім комиссиясының қарауына жолдаған.

2024 жылғы 23 сәуірінде келісім комиссиясының отырысы өткізіліп, оның шешімі бойынша қорытынды жобасын қолдау ұсынылған.

Департаменттің 2024 жылдың мамыр айының 27-сі күнгі №30-ОД бұйрығы негізінде тергеп-тексеру нәтижелері бойынша уәкілетті лауазымды тұлғалардың қорытындысы бекітілген.

Бұйрықтың 2- тармағына сәйкес Департаменттің бәсекелестікті қорғау бөлімі Тергеу объектісіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау; 3-тармаққа сәйкес Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын жою үшін Тергеу объектісіне нұсқама енгізу бұйырылған.

Басқарма аталған әрекеттермен келіспей, сотқа жүгінген.

Соттардың талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда Басқарманың мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру тәртібін сақтамауына байланысты өнім берушілердің жекелеген субъектiлерiне, мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыруға қатысқысы келетін әлеуетті өнім берушілерге қатысты артықшылық жағдайға қоятын артықшылықтар беру арқылы тауар нарығындағы бәсекелестікті шектеуге әкелді деген тұжырымы іс материалдарымен бекітілген.

Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағымдар иелерінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымдарда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 31 шілдедегі шешімі, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «Астана қаласының Мәдениет басқармасы» мемлекеттік мекемесінің және мүдделі тұлға «ARTSPORT.KZ» республикалық қоғамдық бірлестігінің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Г. Дуйсенбаев Е. Өміралиев Көшірмесі дұрыс Судья

С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.