№6003-26-00-2к/996 (4)
№6003-26-00-2к/996
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 26 мамыр
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор А.Е.Кадылбековтың, аудармашы Е.А.Төкештің,
талап қоюшының өкілі Х.С.Тастыбайдың, жауапкерлер К.Ю.Жакуповтың, Г.Д.Жакупованың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында
талап қоюшы Астана қаласының әкімдігі атынан «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Мекеме) жауапкерлер Касембек Юнспекович Жакуповқа, Ольга Михайловна Жакуповаға, Марьям Касембековна Жакуповаға, Руслан Касембекович Жакуповқа, Гульмира Дюсетаевна Жакуповаға өтемақы төлеумен жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюышының және жауапкердің Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 28 шілдедегі шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қазандағы қаулысына берген кассациялық шағымдары бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Мекеме жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 28 шілдедегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Астана қаласы, Байқоңыр ауданы, Сырдария көшесі, №58 үй, №2 пәтер мекенжайында орналасқан, кадастрлық №21-324-029-261, жалпы ауданы 0,0585 га, оның ішінде үлесі 0,0293 га жер учаскесіне (бұдан әрі - Объект) 38 744 155 теңгені ақшалай өтемақы төлеумен К.Ю.Жакуповтың иелігінен мәжбүрлеп шығарылған. Ақшалай өтемақы төленгеннен кейін К.Ю.Жакупов, О.М.Жакупова, М.К.Жакупова, Р.К.Жакупов, Г.Д.Жакупова және кәмелетке толмаған балалармен бірге Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі, №58 үй, №2 пәтерден (бұдан әрі – Объект) шығарылуға міндеттелген. К.Ю.Жакуповтан мемлекет пайдасына 1966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің нарықтық құны «Дом оценки» тәуелсіз бағалау компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі –ЖШС) бағалау
есебімен 28 471 816 теңге мөлшерінде дұрыс анықталғанын, төменгі сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мән-жайларға дұрыс құқықтық баға бермегенін, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, сот актілерін өзгертіп, жауапкерге төленетін өтемақыны мөлшерін 38 744 155 теңгеден 28 471 816 теңгеге дейін азайтуды сұраған.
Жауапкер Қ.Ю.Жакупов кассациялық шағымында мүліктің нарықтық құны дұрыс анықталмағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, қосымша тағы да 30 000 000 теңге өндіруді сұраған.
Кассациялық шағымдардың уәждерін қолдаған тараптардың түсініктемелерін, прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерттеп, кассациялық сот келесі негіздерге байланысты дауланып отырған сот актілерін күшінде қалдыру қажет деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Төменгі сатыдағы соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 3-тармағында соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайтыны, заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін екені қарастырылған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 188бабының 5-тармағына сай, меншiк құқығының мерзiмi шексіз. Мүлiкке меншiк құқығы осы Кодексте көзделген негiздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкiн.
АК-нің 255-бабының 1-тармағында мемлекеттiк органның меншiк иесiнен мүлiктi алып қоюға тiкелей бағытталмаған шешiмiне, соның iшiнде меншiк иесiне тиесiлi үй, өзге де қора-қопсы, құрылыстар немесе өсiмдiктер бар жер учаскесiн алып қою туралы шешiмiне байланысты қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының заң құжаттарымен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана меншiк иесiне құны тең мүлiк берiп және өзге де келтiрiлген залалдарын өтей отырып немесе меншiк құқығының тоқтатылуынан келтiрiлген залалдарын толық көлемiнде өтей отырып тоқтатылуына жол берiлетіні көрсетілген.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 84-бабының 1-тармағына сәйкес, жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 1- бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес, мүлікті мемлекет
мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.
Заңның 67-бабының 2, 3- тармақтарында мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалатыны қарастырылған. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы осы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.
Іс құжаттарына қарағанда, Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы» 2024 жылғы 12 тамыздағы №510-2652 қаулысына сәйкес Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі, С.Сейфуллин көшесінен Ә. Жангельдин көшесіне дейінгі мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 1,1357 га, жер учаскесін сатып алу арқылы «Сырдария көшесі» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін «Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінен қоса ұсынылған сызба мен қосымшаға сәйкес мемлекет мұқтажы үшін сатып алу арқылы мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатқызылған.
Алынатын жер учаскесінің шекарасында жауапкер К.Ю.Жакуповқа тиеселі Объект орналасқан.
К.Ю.Жакупов даулы жер учаскесінің меншік иесі болып табылады.
Меншік иесіне 2024 жылғы 13 тамызда жер учаскесінің мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылатындығы (сатылатындығы) туралы хабарлама тапсырылған.
2025 жылғы 10 сәуірде иеліктен шығарылатын мүлік үшін жауапкерге 28 471 816 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы ұсынылған.
К.Ю.Жакупов жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға қарсы болмағанымен, ұсынылған өтемақы мөлшерімен келіспеген.
Талап қоюшының сотқа ұсынған 2025 жылғы 2 сәуірдегі «НОК Дом оценки» ЖШС-нің есебінде Объектіге кіретін «А» литердегі үйдің ауданы 71,0 шаршы метрді көрсеткен, ал оның ауданы 90,1 шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар, Объектіге кіретін «Г», «Г1», «Г5» литерлерді, сырттағы дәретхананы, тұрғын үйдің алдындағы шатырларды, бөлек тұрған үш септикті, ауланың төсенішін, қоршауын есептемеген. Алынатын жер учаскесінің орналасқан жерін Астана қаласы, «Алматы» ауданы деп көрсетіп, салыстыру үшін сол ауданда
орналасқан жер учаскелерің есепке алған. Алайда, жауапкердің жеке меншігіндегі жер учаскесі Астана қаласы «Байқоңыр» ауданында орналасқан. Бірінші сатыдағы сот Объектінің нарықтық құнын айқындау үшін сот құрылыстық-тауартану сараптамасын тағайындаған.
2025 жылғы 21 шілдедегі №С.100-06.25 сарапшының қорытындысы бойынша Объектінің нарықтық құны 38 744 155 теңге құрайды (бұдан әрі - Қорытынды).
Бірінші сатыдағы сот Қорытындыны негізге алып, өтемақы мөлшерін түпкілікті 38 744 155 теңге мөлшерінде дұрыс анықтаған.
Өйткені, Қорытынды арнайы ғылыми білімді пайдалана отырып жүргізілген зерттеуге негізделген, бірнеше әдістемелерді қолданып, сарапшы Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде жасалынған.
Қорытынды «Жылжымайтын мүлiктiң құнын бағалау» бағалау стандартына сәйкес келеді.
Дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген, тараптардың кассациялық шағымдарында жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген, соттардың тұжырымдары жоққа шығарылмаған және де нақты қандай заң нормаларының бұзылуы орын алғаны көрсетілмеген.
Істі қарау барысында жергілікті соттармен материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 28 шілдедегі шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының және жауапкердің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
А.Тогумбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.