Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 25.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/1174(2) (Гражданское)

№6003-26-00-2к/1174(2)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 25 мамыр Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдәулетов, Н.Б.Ормаханов, талап қоюшы А.Хусмангазының, жауапкердің өкілі Р.И.Ниязовтың, аудармашы Р.Т.Шайхының қатысуларымен,

ашық сот отырысында бейнебайланыс құралдары арқылы талап қоюшы Амангельд Хусмангазының жауапкер «Teez Logistics» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне еңбек шартын тоқтату туралы бұйрықты заңсыз деп тану және күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы және моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюы бойынша Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданының №2 аудандық сотының 2025 жылғы 8 қазандағы шешімі мен Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

А.Хусмангазы сотқа талап қоюмен жүгініп, жауапкер «Teez Logistics» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - Серіктестік) 2025 жылғы 18 шілдедегі еңбек шартын тоқтату туралы бұйрығын заңсыз деп тануды және оның күшін жоюды, өзін бұрынғы жұмысына қайта орналастыруды, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін орташа жалақысын өндіруді, сондай-ақ моральдық зиянды өтеуді сұраған. Талап қоюшы өз талаптарын еңбек шарты оның уақытша еңбекке жарамсыз кезеңінде тоқтатылғанымен негіздеген. Жұмыс беруші Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - ЕК) кепілдіктерін бұзып, еңбек қатынастарын заңсыз тоқтатқан. Сонымен қатар ол еңбек инспекциясына шағымданғаннан кейін өзіне қатысты кемсітушілік сипаттағы әрекеттер жасалғанын, өзге қызметкерлердің еңбек шарттары ұзартылғанымен, тек өзінің еңбек шарты тоқтатылғанын көрсеткен.

Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданының №2 аудандық сотының 2025 жылғы 8 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Бірінші сатыдағы сот еңбек шартының 2025 жылғы 18 шілдеге дейін белгілі бір мерзімге жасалғанын, жұмыс беруші талап қоюшыны шарт мерзімінің аяқталуы туралы уақтылы хабардар еткенін және еңбек қатынастары ЕК-нің 49-бабының 2) тармақшасына сәйкес тоқтатылғанын анықтаған. Сот талап қоюшының уақытша еңбекке жарамсыз кезеңде жұмыстан босатылғаны туралы уәждерін негізсіз деп танып, ЕК-нің 54бабындағы тыйым тек жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзу жағдайларына қатысты екенін көрсеткен. Осыған байланысты сот жұмыстан босату рәсімі заң талаптарына сай жүргізілген деген тұжырымға келген.

Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылып, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылған.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келісіп, еңбек шарты мерзімінің аяқталуы ЕК-нің 49-бабының 2) тармақшасында көзделген дербес негіз болып табылатынын және мұндай жағдайда еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңінде еңбек қатынастарын тоқтатуға заңнамалық тыйым қолданылмайтынын көрсеткен.

Кассациялық шағымда талап қоюшы сот актілерімен келіспейтінін көрсеткен. Оның пікірінше, соттар материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған және істің мән-жайларын толық зерттемеген. Атап айтқанда, талап қоюшы апелляциялық сот тек хабарламаның «WhatsApp» мессенджері арқылы жіберілгенін негізге алып, жұмыс берушінің әрекетіне формалды баға бергенін, ал еңбек шартын тоқтатудың шынайы себептері мен кемсітушілік белгілерін зерттемегенін алға тартқан. Сонымен қатар, ол өзімен бір мезгілде қабылданған өзге қызметкерлердің еңбек шарттары ұзартылғанын, ал өзінің еңбек шарты еңбек инспекциясына жүгінгеннен кейін тоқтатылғанын көрсетіп, мұны қудалау және кемсітушілік деп санайтынын білдірген. Сондай-ақ, талап қоюшы жұмыс беруші өзінің денсаулық жағдайын және отадан кейін еңбекке жарамсыз екенін біле тұра, ЕК-нің 51-бабын сылтау ретінде пайдаланып, құқықты теріс пайдаланғанын көрсеткен. Оның пайымдауынша, бұл Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 8-бабында бекітілген адалдық пен әділеттілік қағидаттарына қайшы келеді. Осы негіздермен талап қоюшы сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық сот іс құжаттарын зерттеп, тараптардың түсініктерін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес материалдық немесе процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан жағдайда ғана сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болады.

Іс бойынша соттар мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, талап қоюшы А.Хусмангазы жауапкер Серіктестікке 2024 жылғы 18 шілдедегі №98/24 еңбек шарты негізінде жүк тиеуші болып жұмысқа қабылданған.

2024 жылғы 1 қыркүйекте тараптар қосымша келісім жасап, талап қоюшы кадрларды даярлау жөніндегі маман лауазымына ауыстырылған.

Тараптар арасындағы еңбек шарты белгілі бір мерзімге, яғни 2025 жылғы 18 шілдеге дейін жасалған.

«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024

жылғы 28 қарашадағы №1 нормативтік қаулысының (бұдан әрі – нормативтік қаулы) 12-тармағында бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге жасалған еңбек шарты тоқтатылған жағдайда еңбек шартының мерзімі аяқталуына байланысты еңбек шартын тоқтату туралы жұмыс берушінің хабарламасы еңбек шарты тараптарының біріне соңғы жұмыс (ауысымы) күні табыс етіледі делінген.

Жұмыс беруші 2025 жылғы 17 шілдеде талап қоюшыға еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты еңбек қатынастарының тоқтатылатыны туралы хабарлама жолдаған. Жауапкердің 2025 жылғы 18 шілдедегі №597-Л/С бұйрығымен талап қоюшымен еңбек қатынастары еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты тоқтатылған.

ЕК-нің 30-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес еңбек шарты кемінде бір жыл мерзімге жасалуы мүмкін.

Осы ЕК-нің 49-бабының 2) тармақшасына сай еңбек шарты мерзімінің аяқталуы еңбек шартын тоқтатудың дербес негіздерінің бірі болып табылады.

ЕК-нің 51-бабының 1-тармағына сәйкес белгілі бір мерзімге жасалған еңбек шарты оның мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылады.

Аталған нормалардың мазмұны бойынша белгілі бір мерзімге жасалған еңбек шартының қолданылу мерзімі аяқталған кезде, егер тараптардың бірі еңбек қатынастарын жалғастыруға ниет білдірмесе және бұл туралы заңда белгіленген тәртіппен хабардар етсе, еңбек қатынастары тоқтатылуға жатады.

Іс бойынша жұмыс беруші еңбек шартының тоқтатылуы туралы талап қоюшыны уақтылы хабардар еткені және еңбек қатынастарын тоқтату рәсімін заң талаптарына сәйкес жүргізгені анықталған.

Талап қоюшының еңбекке уақытша жарамсыз кезеңінде еңбек қатынастары тоқтатылғаны туралы уәжі негізсіз.

ЕК-нің 54-бабы 1-тармағына сәйкес жұмыскер еңбекке уақытша жарамсыз болған және демалыста жүрген кезеңде жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға жол берілмейді.

Алайда бұл кепілдік еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасымен бұзу жағдайларына ғана қолданылады.

Нормативтік қаулының 12-тармағында соттарға еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңінде еңбек шартын бұзуға тыйым тек жұмыс берушінің бастамасымен жүзеге асырылатын жағдайларға қатысты екені түсіндірілген.

Даулы жағдайда еңбек қатынастары жұмыс берушінің бастамасымен емес, тараптар алдын ала келіскен мерзімді еңбек шартының аяқталуына байланысты тоқтатылған.

Сондықтан талап қоюшының уақытша еңбекке жарамсыз болуы еңбек шартын тоқтатуға құқықтық кедергі болып табылмайды.

Кассациялық шағымдағы жұмыс беруші тарапынан кемсітушілікке жол берілгені туралы уәждер де негізсіз.

ЕК-нің 6-бабына сәйкес әркімнің еңбек саласындағы құқықтары мен мүмкіндіктерін іске асыруда тең мүмкіндіктері болады және ешкім еңбек құқықтарын іске асыру кезінде кемсітуге ұшырамауға тиіс.

Сонымен бірге кемсітушілік фактісі тиісті және жол берілетін дәлелдемелермен расталуға тиіс.

АПК-нің 72-бабына сәйкес әр тарап өзі сілтеме жасаған мән-жайларды дәлелдеуге міндетті.

Алайда талап қоюшы өзімен бір мезгілде қабылданған қызметкерлердің құқықтық жағдайы бірдей болғанын, олардың еңбек шарттары ұқсас жағдайларда ұзартылғанын және тек өзіне қатысты еңбек инспекциясына жүгінгені үшін теріс салдар қолданылғанын растайтын нақты әрі жеткілікті дәлелдемелер ұсынбаған.

Талап қоюшының жұмыс беруші құқықты теріс пайдаланды деген уәждері де сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.

АК-нің 8-бабының 4-тармағына сәйкес азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарды жүзеге асыруы басқа тұлғаларға зиян келтіру, құқықты теріс пайдалану мақсатында жүзеге асырылмауға тиіс.

Алайда іс құжаттарымен жұмыс берушінің әрекеттері еңбек заңнамасында көзделген рәсімдерге сәйкес жүзеге асырылғаны, еңбек шарты тараптар келіскен мерзім аяқталғаннан кейін тоқтатылғаны анықталған. Еңбек шартын ұзарту немесе жаңа еңбек шартын жасау жұмыс берушінің міндеті емес, құқығы болып табылады. Талап қоюшының денсаулық жағдайы мен уақытша еңбекке жарамсыздығы өздігінен еңбек шартын міндетті түрде ұзартуға негіз болмайды. Сондықтан жұмыс берушінің әрекеттерінен құқықты теріс пайдалану белгілері анықталмайды.

Кассациялық шағымның қалған уәждері соттармен зерттелген дәлелдемелерді қайта бағалауға бағытталған және соттардың заңды тұжырымдарын теріске шығармайды.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар істің мән-жайларын толық әрі жан-жақты анықтап, дауға қолданылатын материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданып, процестік құқық нормаларын сақтаған.

Осыған байланысты даулы сот актілерін күшінде қалдыруға, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдыруға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданының №2 аудандық сотының 2025 жылғы 8 қазандағы шешімі мен Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Г. Джаппарова А. Есдәулетов

Н. Ормаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.