6001-23-00-6ап/2146
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 27 ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,
судьялар – Б.Т. Нажмиденов, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
талап қоюшы К[...] жауапкер «Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) босқын мәртебесін беруден бас тарту туралы шешімді заңсыз деп танып, оның күшін жою, аталған шешімді қайта қарауға міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 11 қаңтардағы шешіміне және Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 маусымдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа жауапкерге жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік ауданаралық сотының 2023 жылғы 11 қаңтардағы шешімімен талап арыз қанағаттандырудан бас тартылған.
Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 маусымдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды және талап арызды толық көлемде қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық сатының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Сот алқасы, әкімшілік іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, кассациялық шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарына қарағанда, 2022 жылғы 31 қазанда Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының №6 шешімімен А[...] Республикасының азаматшасы Б[...] босқын мәртебесін беру туралы өтінішіне босқын мәртебесінің өлшемдеріне сәйкес келмеуіне байланысты бас тартылған.
Аталған шешіммен келіспеген талап қоюшы оны даулау туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда талап қоюшының ұлттық негізінде қудаланбағанын, ешқандай саяси, діни ұйымдарда тұрмағандығын ескере отырып, оның отанына оралу кезінде қудалауға ұшырауы мүмкіндігі туралы уәждері негізсіз және ешқандай құжаттармен расталмаған деген тұжырымға келген.
Талап қоюшы өз тарапынан, А[...] билігі тарапынан қудалауға ұшырағаны, белгілі-бір қимылдарға қатысқаны, сондай-ақ, саяси немесе қоғамдық қызметпен айналысқандығы туралы фактілерді растайтын ешбір дәлелдемелерді сотқа ұсынбаған.
«Босқындар туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес, босқын - нәсілдік, ұлттық, діни сенімі, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша қудалаудың құрбаны болу қаупінің негізділігіне орай өзі азаматы болып табылатын елден тыс жерде жүрген және өз елінің қорғауын пайдалана алмайтын немесе осындай қауіп салдарынан мұндай қорғауды пайдаланғысы келмейтін шетелдік немесе осындай қауіп салдарынан еліне қайтып орала алмайтын немесе қайтып оралғысы келмейтін, өзі тұрақты тұратын немесе өзі азаматы болып табылатын елден тыс жерде жүрген азаматтығы жоқ адам.
Заңның 12-бабы 1-тармағының 1)-тармақшасына сәйкес, адамның нәсілдік, ұлттық, діни сенім, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша қудалау құрбаны болуы мүмкін деген негізделген қауіп болмаса пана іздеген адамға босқын мәртебесін беруден бас тарту үшін негіз болып табылады.
Істің мұндай тұрғысында төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.
Талап қоюшының кассациялық шағымында келтірген уәждерін, сот алқасы негізсіз деп санайды, себебі олар жалпылама көрсетіліп, қандайда бір дәлелдемелермен бекітілмеген.
Жоғарыда аталғандар негізінде төменгі саты соттары тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларын қолдануда қателіктерге жол бермегенін ескеріп, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгерістер енгізуге негіздер жоқ деп санайды.
Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік ауданаралық сотының 2023 жылғы 11 қаңтардағы шешімі, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Б. Дуйсенбаев
Судьялар
Б.Т. Нажмиденов
Е.Ж. Өмірәлиев Г.Б. Дуйсенбаев
Көшірмесі дұрыс. Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.