6003-25-00-2к/910(3)
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 11 маусым
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К.Рустембеков,
судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,
талап қоюшының өкілі Б[...], жауапкер Е[...] және оның өкілі К[...], аудармашы Ш[...] қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы қаржы министірлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Астана қаласы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті» Республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкер Е[...] және кәмелеттік жасқа толмаған 16 мамыр 2019 жылы туған И[...] заңды өкілі ретінде Е[...] пәтерден шығару, коммуналдық қызметтер төлемін және пәтерді жалдау ақысын өндіру туралы азаматтық істі жауапкер А.Е[...] қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Жауапкер Е[...] және кәмелеттік жасқа толмаған 16 мамыр 2019 жылы туған И[...] Астана қаласы, Нұра ауданы (бұрын Есіл ауданы), Комсомол тұрғын алабы, Қыз-Жібек көшесі, [...] үй, [...] пәтер (кадастрлық нөмірі [...]:5) мекен жайында орналасқан пәтерден жылыту маусымы аяқталғаннан кейін шығарылған. Жауапкерден 947 762 теңге, коммуналдық қызметтер үшін төлемді қоса пәтерді жалдау ақысын өндіру туралы талап қоюдың бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер Е[...] кассациялық шағымында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қайта қарауға жіберуді сұраған.
Даудың нысанасына талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға «Астана қаласы Білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Білім басқармасы) өкілі істі өкілдің қатысуынсыз қарауды сұраған.
Іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның (бұдан әрі-Заң) 8-бабының 2-тармағында азаматтарды және заңды тұлғаларды олардың тұратын тұрғын үй-жайларынан тек осы Заңда белгiленген негiздемелер бойынша, сот тәртiбiмен ғана шығаруға болады.
Заңының 30-бабының 2-бөлігіне сәйкес меншiк иесiнiң еркi бойынша (сату, сыйға тарту) тұрғын үйдi (тұрғын үй-жайды) меншiктену құқығы тоқтатылған жағдайда, егер тұрғын үйдi сатып алушымен жасалған шарт бойынша өзгеше көзделмесе, меншiк иесiнiң отбасы мүшелерi, меншiк иесi отбасының бұрынғы мүшелерi және уақытша тұрғындар басқа тұрғын үй-жай берiлмей шығарылады.
Іс құжаттарына қарағанда, 26 қазан 2016 жылғы сыйға тарту шартына сәйкес Қ[...] Астана қаласы, Есіл ауданы (қазіргі таңда Нұра ауданы), Комсомол тұрғын алабы, Қыз-Жібек көшесі, [...] үй, [...] пәтер (кадастрлық нөмірі [...]:5) мекен жайында орналасқан пәтер (бұдан әрі-даулы пәтер) Н[...] сыйға тартылған.
2018 жылғы 13 наурызда Н[...] атынан сенімхат негізінде М[...] (сатушы) Е[...] (сатып алушы) араларында даулы пәтерді сатып алу-сату шартына жасалған.
Бірінші сатыдағы сотпен даулы пәтерде жауапкер кәмелеттік жасқа толмаған 16 мамыр 2019 жылы туған И[...] бірге 2018 жылдан бастап тұратындығы анықталған.
2021 жылғы 2 ақпанда жауапкер және кәмелеттік жасқа толмаған И[...] заңды өкілі ретінде жауапкердің атынан сенімхат негізінде М[...] (сатушы) Н[...] (сатып алушы) араларында даулы пәтер сатып алу-сату шарты негізінде сатылған.
2023 жылғы 26 сәуірдегі сыйға тарту шартына сәйкес Н[...] (сый беруші) атынан сенімхат негізінде С[...] даулы пәтерді Қ[...] (сый алушы) атынан сенімхат негізінде Ә[...] сыйға тартқан.
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» 2023 жылғы 4 шілдеде №500 «Республикалық меншіктің кейбір мәселелері» Республикалық мемлекеттік мекемесінің бұйрығына сәйкес, 2024 жылғы 26 наурыздағы Қ[...]
атынан 2023 жылғы 21 маусымдағы сенімхат негізінде әрекет еткен Б[...] (сый беруші) және «Астана қаласы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті» Республикалық мемлекеттік мекемесінің (сый алушы) араларында пәтерді сыйға тарту шарты жасалған. Даулы пәтер құзырлы органда 2024 жылғы 19 қыркүйекте талап қоюшының атына тіркелген.
Бірінші сатыдағы сот, сатып алу-сату шарты немесе өзге шартпен (ерекше шарттарымен) жауапкер кәмелеттік жасқа толмаған баласымен бірге даулы пәтерде тұруы қарастырылмағанын, 2023 жылғы 26 сәуірдегі сыйға тарту шартының күші жойылмағанын, заңсыз немесе жарамсыз болып танылмағанын назарға алып, жауапкер кәмелеттік жасқа толмаған баласымен бірге даулы пәтерден жылыту маусымы аяқталғаннан кейін шығарылуға жатады деген дұрыс қорытындыға келген.
Апелляциялық сот алқасы соттың бұл қорытындысымен келіскен.
Істің мұндай тұрғысында, соттардың талап қоюды ішінара қанағаттандырып, жауапкерді кәмелеттік жасқа толмаған баласымен бірге даулы пәтерден жылыту маусымы аяқталғаннан кейін шығаруы заңды. Өйткені, сатып алу-сату, сыйға тарту шарттары дауланбаған, даулы пәтер талап қоюшының атына тиісті түрде тіркелген. Сондықтан бұрынғы меншік иесі отбасы мүшелерiмен даулы пәтерден шығарылуға жатады.
Жауапкер Е[...] кәмелеттік жасқа толмаған баласының мүддесі қорғалмаған, баланың заңды өкілі қатыспаған деген уәжі негізсіз. Себебі үшінші тұлға ретінде Білім басқармасының өкілі іске тартылып, кәмелеттік жасқа толмаған баланың мүддесін қорғау мақсатында талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуды сұраған.
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 1-бабының 12) тармақшасында баланың заңды өкiлдерi – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес балаға қамқорлық жасауды, бiлiм, тәрбие берудi, оның құқықтары мен мүдделерiн қорғауды жүзеге асыратын ата-аналар (ата-ана) болып табылатындығы көрсетілген.
Жауапкердің кассациялық шағымдағы уәждері апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ
Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер Е[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Ж.К.Рустембеков
Төрағалық етуші:
А.О.Тогумбетова
Судьялар:
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.