6001-23-00-3гп/61
Қ А У Л Ы
2023 жылғы 14 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында
төрағалық етуші - алқа төрағасы Н.К. Шәріпов,
судьялар Ғ.Ж.Мырзаке, Н.Қ.Сұлтанов,
прокурор У[...],
талап қоюшы «Қызылорда облысы Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – РММ) өкілдері Д[...], Х[...],
жауапкер дара кәсіпкер «Нұр-Аға» Б[...] (бұдан әрі – ДК Б[...]) өкілі Ж[...],
«К[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС) өкілі Х[...],
«НИК[...]» ЖШС-нің өкілі С[...]
қатысуымен мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы «Қызылорда облысы Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-нің жауапкерлер ДК Б[...], «К[...]» ЖШС-не, «НИК[...]» ЖШС-не мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы азаматтық ісі бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 25 тамыздағы шешімін, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 30 қарашадағы қаулысын қайта қарау туралы жауапкер ДК Б[...] өкілінің өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
«Қызылорда облысы Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-нің (бұдан әрі – Басқарма, салық органы) жауапкерлер ДК Б[...] (жабдықтаушы) мен «К[...]» ЖШС (тұтынушы) араларындағы 2019 жылғы 28 желтоқсандағы ESF-[...]-2019123146678301 санды электронды шот-фактурамен (бұдан әрі – ЭШФ) дәлелденетін жалпы сомасы 19 375 648 теңге, оның ішінде қосымша құн салығы (бұдан әрі – ҚҚС) 2 075 962 теңгеге жасалған мәмілелерді және ДК Б[...] (жабдықтаушы) мен «НИК[...]» ЖШС (тұтынушы) араларындағы 2019 жылғы 28 желтоқсандағы ESF-[...]-2020011349777641 санды ЭШФ-мен дәлелденетін жалпы сомасы 5 675 300 теңге, оның ішінде ҚҚС 608 068 теңгеге жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 25 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Салық органы даулаған мәмілелер жарамсыз деп танылған. Сот шығындары туралы мәселе шешілген. Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 30 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта ДК Б[...] өкілі сот актілерінде баяндалған сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанына сілтеме жасап іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Салық органы өтінішхатқа берген пікірінде даулы сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот алқасы ДК Б[...] өкілінің өтінішхатты қолдаған түсінігін, «К[...]» ЖШС және «НИК[...]» ЖШС өкілдерінің өтінішхатты қанағаттандыру туралы түсінігін, салық органы өкілдерінің қарсы пікірін, прокурордың жергілікті соттар актілерін күшінде қалдыру туралы пікірін тыңдап, өтінішхат уәждерін талқылап, азаматтық іс құжаттарын зерттеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттар тарапынан жол берілген.
Электрондық азаматтық іс құжаттарынан анықталғандай, Б[...] 2019 жылғы 24 қазанында Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында «Нұр-Аға» атты дара кәсіпкер ретінде, ал сол айдың 25 күні қосылған құн салығының төлеушісі ретінде тіркелген.
Басқарма тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде ДК Б[...] жазып берген электрондық шот-фактуралардың деректеріне талдау жүргізген. Нәтижесінде салық органы ЭШФ-да көрсетілген қаржы-шаруашылық операцияларды ДК Б[...] жүзеге асыру ықтималдығы төмен деген қорытындыға келді. Осыған орай салық органы ДК Б[...] атына 2020 жылғы 9 желтоқсанда №33106С200003 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жолдаған.
Осы хабарламаға 2020 жылғы 24 желтоқсанда ДК Б[...] растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып түсінігін салық органына жолдаған.
ДК Б[...] камералдық бақылау нәтижесімен келіспей, анықталған кемшіліктерді жоймағанына байланысты, Басқарма осы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Салық органы қойған талабында, уәкілетті мекемелердің ақпараттары бойынша ДК Б[...] атына активтер, жер, жылжымайтын мүлік, көлік құралдары, ауыл шаруашылық және арнайы жол-құрылыс техникасы, тауар сақтайтын қоймалары және басқа мүліктің тіркелмегеніне байланысты 2019 жылғы 28 желтоқсандағы ЭШФ-лар бойынша жабдықтаушылар:
«К[...]» ЖШС-не жалпы сомасы 19 375 648 теңге тұратын: мастика, бояулар, еріткіштер, ажыратқыштар, электродтар, цемент, қапсырмалар, сымдар, құбырлар, плиталар, бұрандадар және тағы басқа құрылыс материалдарын,
«НИК[...]» ЖШС-не жалпы сомасы 5 675 300 теңге тұратын сымдар мен кабельдерді жеткізілімін жүзеге асыруға мүмкіндігі болмаған.
Жергілікті соттар Басқарманың аталған уәждерімен келісіп, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодекстің (бұдан әрі - АК) 157-бабының 2 тармағы, 158-бабының 4-тармағы, 160-бабының 1-тармағы бойынша мәміленің нысанына, мазмұнына және мәмілеге қатысушыларға, сондай-ақ ерік білдіру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған кезде мәміле жарамсыз деп танылатынын; егер мәмiлеге қатысушылардың бiрi оны мiндеттемені орындаудан немесе үшiншi тұлға не мемлекет алдындағы жауаптылықтан жалтару ниетiмен жасасқан жағдайда, ал мәмiленiң басқа қатысушысы бұл ниет туралы бiлген болса немесе бiлуге тиiс болса, мүдделi тұлға (мемлекет) мәмiленi жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы екендігін; тиісті құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз, тек алдау үшін жасалған мәмілені (жалған мәмілені) сот мүдделі тұлғаның, тиісті мемлекеттік органның немесе прокурордың талап арызы бойынша жарамсыз деп танылатынына сілтеме жасап талап қоюды қанағаттандырған.
Соттардың бұл тұжырымдары азаматтық істің мән-жайларына сәйкес келмейді, материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмауы даудың дұрыс шешілмеуіне әкеп соқтырған.
Осы азаматтық іс бірінші және апелляциялық сатыдағы соттармен қарау барысында қолданыста болған «Салық заңнамасын қолданудың сот практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 29 маусымдағы №4 Нормативтік қаулысының (бұдан әрі - Нормативтік қаулы) 5-тармағының талаптарына сәйкес, мемлекеттік кірістер органы талап қою нысанын дұрыс көрсеткен және мәміленің жарамсыздығы туралы дәлелдердің жеткілікті жиынтығы болған кезде, ол осыдан туындайтын барлық салдарлармен бірге жарамсыз болып танылуы мүмкін. Сонымен қатар Нормативтік қаулының 6-тармағы бойынша тараптардың жарыспалылығы мен теңдігі қағидаттарына сәйкес контрагенттер азаматтық сот ісін жүргізуде өз тарапынан мәміленің негізділігін дәлелдеуге құқылы.
Осылайша жергілікті соттар АПК-нің 64-68 баптарының талаптарына сай тараптар ұсынған дәлелдемелердің қатыстылығын, жарамдылығы мен анықтығын тексеріп, дәлелдемелер жиынтығына құқықтық баға беріп, АПКнің 225-бабының 1-бөлігінің негізінде іс үшін маңызы бар қандай мәнжайлардың анықталғанын және қандай мән-жайлардың анықталмағанын,
тараптардың құқықтық қатынастарының қандай екенiн, iс бойынша қандай заң қолданылуға тиiс екенiн және мәлімделген талаптың қанағаттандырылуға жататынын-жатпайтынын шешуі тиіс еді. Алайда жергілікті соттар іс жүргізу заңнамасының жоғарыда аталған талаптарын орындамай, істі біржақты қарап, тұжырымдарын тек талап қоюшы ұсынған дәлелдемелермен негіздеп, талап қоюды қанағаттандыру туралы асығыс шешім қабылдаған.
Атап айтқанда, салық органы ДК Б[...] даулы шарттар бойынша міндеттемелерін орындау үшін қажетті ресурстарының болмағанын уәкілетті мекемелерімен берілген жазбаша жауаптарымен негіздеген: - «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының 2022 жылғы 12 шілдедегі №03-1126-09/11143 жауап хаты бойынша ДК Б[...] атында жылжымайтын мүлік тіркелмеген;
Қызылорда облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының 2022 жылғы 11 шілдедегі мәліметі бойынша ДК Б[...] атында көлік құралдары тіркелмеген;
Қызылорда қалалық ауыл шаруашылық басқармасының 2022 жылғы 12 шілдедегі мәліметіне сәйкес ДК Б[...] атында қандай да бір ауыл шаруашылығы және арнайы жол-құрылыс техникасы тіркелмеген.
Бірақта, жоғарыда аталған ақпараттарда ДК Б[...] жылжымайтын мүлікке, көлік құралдарына және арнайы техникаға құқықтары тіркелмегендігі туралы мәліметтер осы ақпараттарды берілген уақытқа, яғни 2022 жылдың шілде айына көрсетілген, ал ЭШФ-лар бойынша даулы мәмілелермен жасалған айналымдар орын алған мерзімде, яғни 2019 жылдың желтоқсан айына қатысты мәліметтер электрондық азаматтық іс құжаттарына тіркелмеген.
АПК-нің 72-бабы бойынша әр тарап өзінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге, фактілерді растауға, дәлелдемелерді келтіруге тиіс. Мұндай дәлелдемелерді талап қоюшы ұсынбаған жағдайда, жоғарыда аталған жазбаша құжаттарда іс үшін маңызы бар мән-жайлардың бар екендігі туралы түйіндерді растайтын, теріске шығаратын не оларға күмән келтіретін фактілер туралы мәліметтер болмағанына байланысты, бұл дәлелдемелер АПК-нің 64-бабына сәйкес іске қатыстығы жөнінде құқытық баға берілуі қажет еді.
Іс бойынша анықталғандай дауланған мәмілелер бойынша ДК Б[...] сатып алушылар «К[...]» ЖШС-і мен «НИК[...]» ЖШС-не бірқатар құрылыс материалдары мен құралдарын сатқан, оның ішінде мастикалар, бояулар, еріткіштер, электродтар, шайбалар, қысқыштар, щеткалар, кабельдер, сымдар, арнайы киімдер, тағы басқа. Бұл ретте салық органы жоғарыда аталған тауарларды жеткізуге арналған шарттар бойынша жеткізушіге қандай ресурстар және қандай мөлшерде қажет екендігі туралы ақпараттарды сотқа ұсынбаған. Осы тұрғыда салық органы белгілі бір дәлелдемелерді немесе экономикалық талдау өткізіп қорытындыларын сотқа ұсынуын тиіс болған.
Электрондық іс құжаттарындағы 2019 жылдың 30 қазанындағы қоймаларды жалға беру шарты бойынша ДК Б[...] (жалға алушы) «Ш7[...]» ЖШС-нен (жалға беруші) Қызылорда қаласы, [...] мекенжайы бойынша орналасқан жалпы көлемі 839 шаршы метрлі қойманы жалға алған.
Осы тұрғыда, өтінішхатта көрсетілгендей: ДК Б[...] тіркелу деректеріне сәйкес негізгі айналысатын қызмет түрі көтерме саудада сату болғандықтан, мұндай қызмет көрсетуге жылжымайтын мүлкі, көлігі, ауыл шаруашылығы және арнайы құрылыс техникасы болуы шарт емес; ЭШФ-лар бойынша сатып алушы тауарды өзі алып жеткізетіні көрсетілген. Сонымен қатар сатып алған және сатқан тауарларын сатушылар мен алушылар өз көліктерімен тасымалдап отырғаны, ал сатып алынған тауарлар, жалған келісім шарты бойынша алған қоймада сақталынып келген туралы жауапкердің уәждеріне жергілікті соттар баға бермей назарларынан тыс қалдырған.
Сонымен қатар, ДК Б[...] істі бірінші сатыдағы сот қарау барысында ұсынған 2019 жылғы 19 желтоқсандағы №9 шот фактура бойынша жеке кәсіпкер «Нуржановадан» жалпы бағасы 11 000 000 теңге тұратын тауарларды сатып алған. ДК Б[...] осы шот-фактура бойынша сатып алған тауарлар кейін «К[...]» ЖШС-і мен «НИК[...]» ЖШС-не сатылған тауарларға сәйкес келетіні анықталмаған.
Аталған кемшіліктер, істі қарау кезіндегі дәлелдемелерді жинақтап зерттеу талаптары сақталмағандықтан жергілікті соттар қабылдаған сот актілерінің күші жойылып, азаматтық іс бірінші сатыдағы сот тәртібімен басқа құрамда қайта қаралу үшін апелляциялық сот алқасына жолдануға жатады.
Істі қайта қарау кезінде көрсетілген кемшіліктерді жойып, дәлелдемелер жиынтығына құқықтық баға беріп, дауланған мәмілелер заң талаптарын сақтай отырып жасалғаны неме жасалмағанын, мәмілелерді жарамсыз деп тануға негіздердің бар-жоғын анықтап, іс бойынша АПК-нің 224-226 батарының талаптарына сай шешім қабылдануға тиіс.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Осы азаматтық іс бойынша қабылданған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 25
тамыздағы шешімін, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 30 қарашадағы қаулысының күші жойылсын.
Азаматтық іс Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына жаңадан басқа сот құрамында карау үшін жолдансын.
Жауапкер дара кәсіпкер «Нұр-Аға» Б[...] өкілінің өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Н. Шәріпов
Судьялар Ғ. Мырзаке Н. Сұлтанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.