6001-24-00-6ап/1655
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 5 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев,
өзінің ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот мәжіліс залында талап қоюшы Муратбек Зиноллаулы Уксикбаевтың жеке сот орындаушысы Нуржамиля Нурлыбаевна Тулеуованың сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерін бекіту және зейнетақы және өзге де табыс түрлерінен ұсталынып өндіріп алу туралы қаулыларын заңсыз деп танып күшін жою; есеп шотынан қаражаттарын ұстап аударған іс-әрекеттерін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 сәуірдегі қаулысына жауапкер өкілінің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
М.З.Уксикбаев жоғарыда аталған талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесіне өзінен өндірілген сомамен келіспейтінін, атқарушылық жазбаның күші жойылғанын, соған қарамастан жауапкер өз қызметіне ақы төлеу туралы қаулы қабылдағанын көрсеткен.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 наурыздағы шешімімен талап арыз қанағаттандырудан бас тартылған.
Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот актісі өзгертіліп, талап қоюшы М.З.Уксикбаевтың жеке сот орындаушысы Н.Н.Тулеуованың 2023 жылғы 13 қарашадағы жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерін бекіту және 2023 жылғы 22 желтоқсандағы зейнетақы және өзге де табыс түрлерінен ұсталынып өндіріп алу туралы қаулылары заңсыз деп танылып күшін жою жөніндегі талаптарын қанағаттандырудан бас тарту бөлігі бұзылып, осы талаптарды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Сот шешімінің басқа бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер өкілі кассациялық шағымында іс бойынша апелляциялық саты сотының қаулысы заңсыз және негізсіз қабылдануына байланысты сот актісінің күшін жоюды, бірінші сатыдағы сот шешімін қайта қалпына келтіруді сұраған.
Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді. Сот алқасы кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сот тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.
«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (әрі қарай - Заң) 47-бабы 1- тармағының 5)-тармақшасына және 2-тармағына сәйкес, атқарушылық iс жүргiзу, егер тиiстi органның атқарушылық құжатты бергенде негiзге алынған шешiмiнiң күшi жойылса, тоқтатылады.
Атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған жағдайларда сот орындаушысы бір тәуліктің ішінде бұл туралы қаулы шығарады. Тиісті белгісімен атқарушылық құжатты не оның көшірмесін сот орындаушысы сотқа немесе құжатты берген басқа органға жібереді.
Атқарушылық іс жүргізудің тоқтатылуымен бір мезгілде мәжбүрлеп орындату шараларының күші жойылуға тиіс. Осы баптың 1-тармағының 1), 2), 2-1) және 7) тармақшаларының негізінде тоқтатылған, орындалғаннан кейін атқарушылық санкция, орындау бойынша шығыстар, өсімпұл және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасы өндіріп алынуға жататын атқарушылық құжаттар бойынша орындалуын қамтамасыз ету шараларының күші олар өндіріліп алынғаннан кейін ғана тоқтатылуға тиіс.
Іс құжаттарынан белгілі болғандай, нотариус Э.О.Дощинскаяның 2020 жылғы 14 желтоқсандағы атқарушылық жазбасы негізінде М.З.Уксикбаевтан банктің пайдасына 554 471 теңге қарыз және 6 934 теңге нотариалдық шығыстар өндірілген.
Атқарушылық жазба негізінде 2021 жылғы 5 ақпанда сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді қозғап, еңбекақы және өзге де табыс түрлерінен ұсталынып өндіріп алу туралы қаулысы негізінде М.З.Уксикбаевтан банк пайдасына екінші топтағы мүгедектігіне төленетін жәрдемақыдан 290 844 теңге өндірілген.
2023 жылғы 29 қазанда нотариустың қаулысымен жоғарыда аталған атқарушылық жазбаның күші жойылуына байланысты сот орындаушысы 2023 жылғы 1 қарашадағы қаулысымен атқарушылық іс жүргізуді Заңның 47-бабы 1-тармағының 5)-тармақшасына сәйкес тоқтатқан.
Сот орындаушысының 2023 жылғы 13 қарашадағы қаулысымен өзінің қызметіне ақы мөлшері 58 169 теңге көлемінде бекітіліп, 2023 жылғы 22 желтоқсанда борышкер М.З.Уксикбаевтың еңбек ақы және өзге де табыс түрлерінен ұстау туралы қаулысы қабылдаған.
Апелляциялық сатыдағы сот алқасы бірінші сатыдағы соттың жауапкердің 2023 жылғы 13 қарашадағы өз қызметіне ақы төлеу мөлшерін бекіту және 2023 жылғы 22 желтоқсандағы зейнетақы және өзге де табыс түрлерінен ұсталынып өндіріп алу туралы қаулыларын заңсыз деп танып, күшін жою жөніндегі талапты қанағаттандырудан бас тарту бөлігіндегі тұжырымымен келіспей, күші жойылған атқарушылық құжат негізінде жауапкердің өз қызметі үшін ақы мөлшерін бекітіп өндіруін дұрыс емес деп қорытындылаған.
Сот алқасы апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағымды қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп санайды, себебі Заңның 47-бабы 1-тармағында тек қана 1), 2), 2-1) және 7) тармақшалары негізінде атқарушылық өндіріс тоқтатылған жағдайда, орындалғаннан кейін атқарушылық санкция, орындау бойынша шығыстар, өсімпұл және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасы өндіріп алынуға жататын атқарушылық құжаттар бойынша орындалуын қамтамасыз ету шараларының күші олар өндіріліп алынғаннан кейін тоқтатылуы тиіс екені көрсетілген.
Апелляциялық сатыдағы сотпен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп сот алқасы есептейді. Жауапкер өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері апелляциялық алқа сотымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сот алқасы іс бойынша қабылданған апелляциялық алқа сотының қаулысының күшін жоюға, шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 сәуірдегі қаулысы өзгеріссіз күшінде қалдырылсын.
Жауапкер өкілі Чебан Владимир Павловичтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б. Судьялар Нұрбаев Г.К. Өмірәлиев Е.Ж. Көшірмесі дұрыс. Судья
Дуйсенбаев Г.Б.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.