ВС РК - Постановление от 20.02.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2357 (Административное)

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 20 ақпан №6001-23-00-6ап/2357 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар –Е.Д.Өмірәлиев, Ғ.Ө.Әлжанов болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы К[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне 2022 жылғы 8 сәуірдегі екінші топтағы мүгедектік тағайындау әрекетін заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған, Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 маусымдағы ұйғарымына, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 шілдедегі ұйғарымына талап қоюшы К[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік ісін қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

Талап қоюшы К[...] жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 маусымдағы ұйғарымымен әкімшілік талап қою сотқа беруге арналған мерзімді өткізіп алуына байланысты қайтарылған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 шілдедегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымда талап қоюшы К[...] соттардың ұйғарымдарының күшін жоюды, әкімшілік талапты қарау үшін сотқа қайта жолдауды сұраған.

Жауапкер өкілі істі өзінің қатысуынсыз қарау туралы өтініш хатпен жүгінген.

Іс бойынша басқа тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, шағым уәждерін талқылап, келесідей тұжырымдарға келді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, соттар талап қоюшының 2022 жылғы 8 сәуірде орын алған әрекетке бір жыл өткен соң даулап сотқа жүгінгенін көрсетіп, ӘРПК-нің 138 - бабының екінші бөлігінің 15) тармақшасын басшылыққа алып талап қоюды, оны сотқа беруге мерзімі өткізіп алуына байланысты қайтарған.

Сот алқасы жергілікті соттардың бұл тұжырымдары іс мән-жайлары мен процесстік заң талаптарына сәйкес келмейді деп санайды.

ӘРПК-нің 5-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

Сонымен қатар, ӘРПК-нің 9-бабының бірінші бөлігінде, әркім бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгінуге құқылы делінген.

Дәлелді себеппен өткізіп алынған талап қоюды беруге арналған мерзімді сот АПК қағидалары бойынша қалпына келтіруі мүмкін. Талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімдерді өткізіп алу себептері мен олардың мәнін әкімшілік істің дұрыс шешілуі үшін сот алдын ала тыңдауда анықтайды (ӘРПК-нің 136-бабының 7-бөлігі).

АПК-нің 126-бабының екінші бөлігі бойынша егер заңда белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін.

Осы орайда, алқа К[...] қариялық жасын, денсаулық жағдайына байланысты сөйлей алмайтындығын және қан қысымының көтерілетіндігін назарға алады.

Өз кезегінде, сот алқасы жерігілікті соттардың мүгедектік жөніндегі қорытындысын алғаннан кейін бір жылдан соң сотқа жүгінгені және мерзімін қалпына келтіру жөнінде өтініш келтірмегені туралы уәждерін негізсіз деп санайды.

Себебі, ӘРПК-нің 16-бабының 1 және 2-бөліктеріне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады. Сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді.

Бұдан бөлек, ӘРПК-нің 116-бабының 1-бөлігі бойынша талап қоюдың нысанасын айқындау кезінде сот талап қою талаптарының тұжырымдамасымен, талап қою мәтінімен және оған қоса берілген немесе кейін ұсынылған құжаттармен байланысты болмайды. Сот құқықтық салдарды алдын ала түсіндіре отырып, тарапқа талап қою талаптарын тұжырымдауда және (немесе) өзгертуде жәрдем көрсетуге құқылы.

Алайда, бірінші сатылы сотпен жоғарыда аталған қағидалар мен заң талаптары тиісті түрде орындалмаған, яғни сотпен іс жүргізу барысында белсенді рөлі жүзеге асырылмай, формальды себептер бойынша талап қоюды негізсіз қайтарған.

Бұл жерде соттармен талап қоюшының денсаулық жағдайы мен жас шамасына байланысты әкімшілік талапты сотқа уақтылы беруіне кедергі келтіргенін ескермеген.

Осыған орай, соттың талап қоюды қайтаруы әкімшілік сот ісін жүргізудің мақсаттары мен міндеттеріне сай келмейді және талап қоюшының сот арқылы өз құқықтарын қорғану конституциялық құқықтарын шектеуге алып келген.

Істің мұндай тұрғысында дауланып отырған сот актілерінің күші жойылуға, ал әкімшілік іс қарау үшін сотқа жолдануға жатады.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 маусымдағы ұйғарымының, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 шілдедегі ұйғарымының күші жойылсын, іс бірінші сатыдағы сотқа қайта қарауға жолдансын.

Талап қоюшы К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Е. Өмірәлиев Ғ. Әлжанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.