6001-23-00-6ап/3401, (2)
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 18 шілде Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші - судья Ғ.Ө.Әлжанов, судьялар - Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып, талап қоюшы А[...], оның өкілі М[...], жауапкер және мүдделі тұлға өкілдері А[...], М[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы А[...] жауапкер «Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Еңбек инспекциясы) бас мемлекеттік еңбек инспекторы Қ[...] бас мемлекеттік еңбек инспекторының 2023 жылғы 3 ақпандағы Ш[...] қайтыс болуына апарып соққан жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру нәтижесі бойынша қорытындысын «өндіріспен байланысты емес» деп өзгерткен бөлігінде заңсыз деп танып, күшін жою туралы талабы бойынша қабылданған
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 қазандағы ұйғарымына, 1 қарашадағы қаулысына талап қоюшы өкілімен келтірілген кассациялық шағымдармен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа жауапкерге жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 қазандағы ұйғарымымен талап қоюшы өкілі адвокат М[...] он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алу қолданылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 қарашадағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.
Талап қоюшы өкілі кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспей, оның күшін материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына орай жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Талап қоюшы өкілі адвокат М[...] апелляциялық сатыдағы соттың 2023 жылғы 12 қазандағы ұйғарымына келтірілген кассациялық шағымында оның күшін процестік құқық нормаларының бұзылуына орай жоюды сұраған.
Сот отырысына қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымдардың уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілген.
Соттармен анықталған мән-жайларға қарағанда 2022 жылы 12 тамызда «EDM[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі - ЖШС) мен «Казинфраструктура» деген атаумен жеке кәсіпкер арасында «Шымкент қаласының темір жол вокзалының жүк бөлімінде ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу» жөнінде мердігерлік шарт жасалған. Шартқа «Казинфраструктура» деген атаумен жеке кәсіпкер Ж[...] атынан 2022 жылғы 12 тамыздағы сенімхат негізінде Ж[...] қол қойған.
2022 жылы 13 қыркүйек сағат 17.20 шамасында Шымкент қаласының темір жол вокзалының жүк бөліміндегі жөндеу жұмыстарының аумағында жұмысшы болып жүрген, 19.12.2004 жылы туған, кәмелетке толмаған Ш[...] биіктігі 1,8 метрдей болатын құрылыс столынан (строительный козел) құлап, қайтыс болған.
Жазатайым оқиға туралы хабарлама Еңбек инспекциясына «EDM[...]» ЖШС-і атынан 2022 жылғы 14 қыркүйекте түсіп, №50 кіріс санмен тіркелген.
Еңбек инспекциясының басшысы Қ[...] 2022 жылғы 15 қыркүйектегі бұйрығымен жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру комиссиясы құрылған. Комиссия төрағасы болып Еңбек инспекциясының мемлекеттік еңбек инспекторы А[...], мүшелері ретінде: «EDM[...]» ЖШС-ің директоры О[...], «Казинфраструктура» жеке кәсіпкерінің өкілі Ж[...], еңбек ұжымының өкілі М[...] белгіленген.
2023 жылғы 15-28 қыркүйек аралығында жүргізілген жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру жұмыстары нәтижесінде акт жасалып, комиссия кәмелетке толмаған Ш[...] «Казинфраструктура» жеке кәсіпкерлігінде еңбек шарты жасалмай, жұмысқа қабылдау туралы бұйрық рәсімделмей, ауызша жұмыс уақыты және ішкі еңбек тәртібі белгілене отырып, 2022 жылдың 3 қыркүйегінен бастап жұмыс істегенін, сондай-ақ, жазатайым оқиғаға алып келген себептерді жұмыс берушінің жұмыскерлерге қажетті санитарлық-гигиеналық жағдайлар жасамағаны, жұмыскерлерге арнайы киімдер мен аяқ киімдер берілмегені, медициналық қобдишамен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен жабдықтамағаны, қамтамасыз етпегені деп көрсетіп, Ш[...] болған жазатайым оқиғаны жұмыс уақытысында және өзінің міндеттерін атқару барысында болғандықтан, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға деп танып, жұмыс берушінің кінәсі - 100%, жұмыскердің кінәсі - 0% деген қорытындыға келген.
2022 жылғы 29 қыркүйекте тергеп-тексеру құжаттары полиция құрылымдық бөлімшесіне жолданған.
«Еңбек инспекциясының бас мемлекеттік еңбек инспекторы (бұдан әрі - бас мемлекеттік еңбек инспекторы) Қ[...] 2023 жылғы 3 ақпандағы қорытындысымен Ш[...] болған жазатайым оқиғаның «өндіріске қатысты» деген бөлігі «өндіріспен байланысты емес» деп өзгертілген.
Бірінші сатыдағы сот А[...] талап қоюы қанағаттандырылуға жататындығы жөніндегі тұжырымын тергеп-тексеру нәтижесі бойынша комиссия адам өлімімен аяқталған еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға жөнінде актіні Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 189-бабының 6-тармағының талаптарына сай рәсімдегендігімен, актіде Кодекстің 190-бабының 1, 2- тармақтарында көрсетілген мәліметтер толық қамтылғандығымен, комиссия мүшелері бір ауыздан келісіп Ш[...] қатысты оқиға жұмыс уақытында және соңғының жұмыс міндетін атқару барысында болған еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға деп қорытындыға келгендіктерімен, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар ретінде есепке алынуға жатпайтын негіздер анықталмағандығымен бас мемлекеттік еңбек инспекторының комиссия қорытындысын жұмыс беруші мен жұмыскер арасында еңбек шарты жасалмаған, жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығарылмаған деген негізде «өндіріспен байланысты емес» деп өзгертуін заң талаптарына қайшы келетіндігімен негіздеген. Апелляциялық сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешімді Ш[...] пен «КазИнфраструктура» ЖК арасында «Тапсырыс беруші» және «Орындаушы» ретінде ауызша мәміле арқылы қызмет көрсету келісімі ғана болған, яғни олардың арасында еңбек қатынастары туындамаған деп уәждеген.
Кодекстің 21-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, еңбек қатынастары жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында осы Кодекске сәйкес жасалатын еңбек шартының негізінде туындайды.
Кодекстің 23-бабының 2-тармағы 2) тармақшасына сай жұмыс беруші жұмысқа қабылдау кезінде осы Кодексте белгіленген тәртіппен және жағдайларда жұмыскерлермен еңбек шарттарын жасасуға міндетті.
Аталған заңнама нормаларының аясында жұмыс берушінің кәмелетке толмаған тұлғамен тиісті еңбек шартты жасамауы және одан туындайтын міндеттемелерді орындамауы - онымен өзіне заңмен жүктелген талаптардың бұзғандығын көрсетеді.
Жұмыскер жұмыс берушінің ондай әрекетсіздігіне кінәлі болып табылмайды, өйткені заңмен жұмыскердің еңбек құқықтарын қамтамасыз ету жұмыс берушіге жүктелген.
Сонымен қатар, жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру нәтижелерінен және сотта анықталған мән-жайлардан тараптар арасында еңбек қатынастарының барлық белгілері анықталған.
Сондықтан, бұл жағдайда, бас мемлекеттік еңбек инспекторының 2023 жылғы 3 ақпандағы Ш[...] қайтыс болуына апарып соққан жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру нәтижесі бойынша қорытындысын «өндіріспен байланысты емес» деп өзгерткен бөлігі заңсыз деп тануға және оның күшін жоюға сот алқасы негіздер бар деп есептейді.
Осы орайда бірінші сатыдағы сотымен қабылданған шешімі заңды әрі негізді болып табылады.
Яғни, іс бойынша бірінші сатыдағы сотымен қабылдаған шешімі істегі дәлелдемелерге және заң нормаларына негізделіп қабылданған.
Істің бұл тұрғысында апелляциялық сот алқасы қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы сот шешімі күшінде қалдырылуға жатады.
Талап қоюшы өкілі М[...] қатысты сотта белгіленген тәртіпті бұзып, сотты құрметтемеу фактісі бойынша ӘРПК-нің 127-бабының 4-бөлігіне сәйкес ақшалай өндіру қолданылған.
Өз кезегінде ақшалай өндіріп алуды қолдану соттың құқығы болып табылады және ӘРПК-нің 123-бабына сай процестік мәжбүрлеу шараларына жатады.
Іс жүргізу міндеттерін орындамау фактілерін анықтаған кезде соттың ақшалай өндіріп алу құқығы сот билігінің тәуелсіздігі мен әкімшілік әділет контекстінде сот төрелігін жүзеге асыру үшін қажетті соттың дискрециялық өкілеттіктерінің көріністерінің бірі болып табылады.
Ақшалай өндіріп алу заңға және сотқа құрметпен қарауды қалыптастыру сияқты сот ісін жүргізу міндетін іске асыруға ықпал етеді
Яғни, апелляциялық сатыдағы сотпен ақшалай өндіріп алу туралы ұйғарымды қабылдауы талап қоюшы өкілімен процестік міндеттерді және сотта белгіленген тәртіпті сақтауға, сотты құрметтеуге бағытталған мәжбүрлеу шараларының бірі болып табылады.
Осы тұрғыда және апелляциялық сатыдағы соттың ақшалай өндіріп алу туралы ұйғарымы процестік нормаларының талаптары сай қабылдануына орай сот алқасы оның күшін жоюға негіз жоқтығы туралы қорытындыға келді.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 2), 1) тармақшаларын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 қарашадағы қаулысының күші жойылсын.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 маусымдағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 қазандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Талап қоюшының өкілі М[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Ғ. Әлжанов
Ж. Ермагамбетова
Судьялар
Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.