Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 15.01.2026 по делу 6003-25-00-2к/3637 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 15 қаңтар №6003-25-00-2к/3637 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі А.Жұмабайұлының, жауапкер өкілдері А.М.Алимовтың және А.С.Аймаханованың, үшінші тұлғалар өкілдері А.И.Садыковтың, Ж.Ә.Қалдыбаеваның, аудармашы Р.Т.Шайхының қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер Зарина Алибекқызы Алтынбек (бұдан әрі - Кәсіпкер) жауапкер «Сана-Сезім орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен (бұдан әрі - Cеріктестік) қарыз сомасын өндіру, қарсы талап бойынша талап қоюшы Серіктестік қарсы талап бойынша жауапкер Кәсіпкерге шартты және орындалған жұмыстар актілерін жарамсыз деп тану, қаражатты өндіру туралы электрондық форматтағы азаматтық істі Кәсіпкердің Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 30 сәуірдегі шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 шілдедегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Кәсіпкер аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Серіктестік атқарған жұмыстар үшін қаржы төлеуден бас тартып жүргенімен негіздеген. Серіктестік қарсы талабында шарт заңсыз жасалғанын және атқарылмаған жұмыстар үшін негізсіз қаражат төленгенін көрсеткен.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылып, қарсы талап қою қанағаттандырылған, тараптар арасында 2022 жылғы 1 қаңтарда жасалған №1 көлік құралын жалға беру туралы келісім шарт (бұдан әрі - Шарт) және Шарт бойынша 2022 жылғы 31 қаңтардағы №1, 2022 жылғы 28 ақпандағы №2, 2022 жылғы 31 наурыздағы №4, 2022 жылғы 30 сәуірдегі №6, 2022 жылғы 31 мамырдағы №11, 2022 жылғы 30 маусымдағы №12, 2022 жылғы 31 шілдедегі №15, 2022 жылғы 31 тамыздағы №17, 2022 жылғы 30 қыркүйектегі №19, 2022 жылғы 31 қазандағы №22, 2022 жылғы 30 қарашадағы №29 орындалған жұмыстардың актілері жарамсыз деп танылып, Кәсіпкерден Серіктестіктің пайдасына 1 200 000 теңге негізсіз аударылған қаражат, сот шығындары 37 966 теңге мемлекеттік баж және 250 000 теңге өкілге төленген ақы өндірілген

Кәсіпкер кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандыру, қарсы талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Жергілікті соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 157-бабын, 158-бабының 1-тармағын, 160-бабының 1-тармағын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, Серіктестіктің 2021 жылғы 1 маусымдағы №36-ЛС бұйрығымен үшінші тұлға Д.В.Юн қаржы директоры болып тағайындалып, 2021 жылғы 24 маусымда Серіктестіктің директоры Р.А.Базарбай Серіктестіктің қаржы директоры Д.В.Юнға шарттарға қол қоюға өкілеттік берген.

Шартқа сәйкес Кәсіпкер Серіктестікке 2021 жылы шығарылған, «Toyota Land Cruiser» үлгісіндегі автокөлігін (бұдан әрі - Автокөлік) жалға беруге, ал соңғысы ол үшін ай сайын жалға алу құны 300 000 теңге төлеуге міндеттенген, Шарттың мерзімі 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап осы жылғы 31 желтоқсанға дейін болып белгіленген және 2022 жылғы 1 қаңтарда тараптар арасында автокөлікті қабылдау актісі жасалған.

Серіктестік 2022 жылғы 3 мамырда Шарт бойынша қарызы есебінен 1 200 000 теңгені Кәсіпкерге төлеген, алайда қалған 2 100 000 теңге төленбеуіне байланысты Кәсіпкер сотқа жүгінсе, Серіктестік Шартқа Серіктестіктің директоры Р.А.Базарбай қол қоймағанын алға тартып, Шартты және орындалған жұмыстар актілерін жарамсыз деп тану және негізсіз аударылған 1 200 000 теңгені өндіру жөнінде қарсы талаппен жүгінген.

АК-тің 543-бабына сай мүлiктi жалға беру құқығы оның меншiк иесiне тиесiлi. Заң актiлерiнде уәкiлдiк берiлген немесе меншiк иесi мүлкiн жалға берудi тапсырған тұлғалар да жалға берушiлер бола алады.

Іс құжаттарына тіркелген Автокөліктің тіркеу куәлігіне қарағанда оның меншік иесі Ж.Х-Ч.Ким екені көрінеді, бұл тұлға Серіктестіктің қаржы директоры Д.В.Юнның анасы, ал Автокөліктің меншік иесі Ж.Х-Ч.Ким мен Кәсіпкер арасында оны жалға алу шарты немесе мүлікті жалға берудi құқығы тапсырылғаны (уәкiлдiк берiлгені) жөнінде құжаттар істе жоқ.

Демек, Кәсіпкердің Автокөлікті Серіктестікке жалға беруге құқығы болмаған.

Сонымен қатар, Автокөлікті жауапты тұлғаға бекіту, оған жүргізуші белгілеу туралы Серіктестіктің бұйрығы да жоқ, Серіктестіктің қаржы директоры Д.В.Юнның Автокөлікті өзі басқарғаны және жанар-жағар маймен өзінің жеке қаржысынан қамтамасыз еткені жөніндегі уәждерді соттар дұрыс қабылдамаған, өйткені бұл фактілерді нақты бекітетін дәлелдемелер сотқа ұсынылмаған (жауапты тұлғаны бекіту, төлем құжаттары және т.б.), ал Д.В.Юн көлік жүргізу құқығынан айырылған тұлға болса, Шарттың 3.2-тармағында жалға алушы жанар-жағар май үшін шығынды өтейтіні көзделген.

Автокөлікке қатысты жасалған көлік құралдары иелерінің азаматтыққұқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы келісім шартта сақтандырылушы ретінде не Серіктестік, не Серіктестіктің қаржы директоры Д.В.Юн енгізілмеген. «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 28 ақпандағы Заңының 1-бабының 2-бөлігінде айқындалған операцияның немесе оқиғаның жасалу фактiсiнiң жəне оны жасауға берiлген құқықтың құжаттық растамасы болып табылатын Автокөлікке Серіктестіктің атынан толтырылған жол құжаты, жол жүру актілері, шығу журналдары және Серіктестікте көлік құралын қызметтік мақсатта пайдаланғанын растайтын бастапқы eceпкe алу құжаттары толтырылмаған.

Яғни, Серіктестік пен жалға алынған көліктің арасындағы шаруашылық байланыс орнағанын бекітетін дәлелдемелер жиынтығы жеткіліксіз болғандықтан (АК-тің 594-4-бабы) және бастапқы бухгалтерлік құжаттардың толық болмауы даулы мәміле формальды түрде жасалғанын дәлелдейді, Серіктестіктің қаржы директоры Д.В.Юнның Автокөлікті қызмет орнына мініп келуі Серіктестік Автокөлікті жалға алды дегенді білдірмейді деген қорытындыға жергілікті соттар дұрыс келген. Бұл ретте Серіктестіктің директоры Р.А.Базарбай Шартқа қол қоймағаны, атқарылған жұмыстар жөнінде актілер заңсыз жасалғаны және жалға алу қаражаты негізсіз аударылғаны туралы Серіктестіктің уәждері өз дәлелін тапқан.

АК-тің 8-бабының 4, 6 және 7-тармақтарына сәйкес азаматтар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын сақтауға тиiс. Ешкім де өзінің теріс пиғылды мінез-құлқымен артықшылық алуға құқылы емес.

Осы баптың 3-6-тармақтарында көзделген талаптар сақталмаған жағдайда сот адамға тиесілі оның құқығын қорғаудан бас тарта алады.

Бұл жағдайда жергілікті соттар Кәсіпкердің әрекетіне дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі ол өзіне берілген құқықтарын теріс пайдаланған, оның уәждері АПК-тің 72-бабына сәйкес дәлелденбеген және Серіктестіктің уәждерін жоққа шығаратын деректер ұсынылмаған.

Істің мұндай тұрғысында, талап қою қанағаттандырусыз қалдырылуға, ал қарсы талап қою қанағаттандырылуға жатады деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 30 сәуірдегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 шілдедегі қаулысы күшінде, талап қоюшы жеке кәсіпкер Зарина Алибекқызы Алтынбектің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.