6кп-10-21
Қ А У Л Ы
2021 жылғы 25 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья А.Д.Рахметулин,
судьялар М.Т. Балкен, Ж.Б. Ермағамбетова, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры
Т[...],
қорғаушы А[...] қатысуларымен,
кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы,
Жамбыл облысы Талас аудандық сотының 2020 жылғы 07 қыркүйектегі қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы ұсынуымен келіп түскен,
жеке кәсіпкер Т[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 200-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Жамбыл облысы Талас аудандық сотының 2020 жылғы 07 қыркүйектегі қаулысымен ӘҚБтК-нің 200-бабының 3-бөлігі бойынша жеке кәсіпкер Т[...] қатысты оның әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу тоқтатылған.
Іс бойынша сот Жамбыл облыстық полиция департамент басшысының атына шығарған жеке қаулысын апелляциялық сатыдағы сот күшінде қалдырған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы ұсынуында сот қабылдаған қаулысы қайта қарауға жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатындығы туралы көрсетілген.
Алқа, қорғаушысының ұсынуды қолдамаған, прокурордың ұсынуды қолдаған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарды зерттеп, ұсынудағы уәждерді талқылап, сот қаулысының күшін жоюға жатады деп есептейді.
Әкімшілік іс құжаттарына сәйкес, жеке кәсіпкер Т[...] 2020 жылғы 24 тамызда сағат 11:37-де «Береке» дүкенінде этил спирттің көлемді үлесі отыз пайыздан асатын, көлемі 0,5 литр құрайтын «Зерно» арағын сатқаны анықталған. Осы факті бойынша Талас ауданы полиция бөлімі жеке кәсіпкер Т[...] қатысты ӘҚБтК-нің 200-бабының 3-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырып, сотқа қарау үшін жолдаған.
Сот, жеке кәсіпкер Т[...] этил спирті мен алкоголь өнімін өндіру және олардың айналымын жүзеге асыру бойынша лицензия жоқ екенін анықтап, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 06 қазандағы «Соттардың Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің Ерекше бөлігінің нормаларын қолданудың кейбір мәселелері туралы» №7 нормативтік қаулысының 8-тармағына сілтеме жасай отырып, іс бойынша әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы болмауы туралы қаулысын шығарған.
Алайда соттың қаулысы негізсіз және заңсыз болып табылады. Себебі ӘҚБтК-нің 200-бабының 3-бөлігі бойынша құқық бұзушылық құрамы сауда уақытының режимін бұза отырып, алкоголь өнімін өткізу бойынша іс-әрекетті қалыптастырады.
Іс материалдары Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» № 429-I Заңының 9-бабының 4-тармағында көзделген тыйымның бұзылу фактісін растайды.
Сот істі қарау кезінде Т[...] жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені, алайда алкоголь өнімін сату бойынша өз қызметін лицензиясыз жүзеге асырғаны анықтаған. Аталған тұлғаның лицензиясының болмау фактісі осы іс бойынша әкімшілік құқық бұзушылық құрамының жоқтығы туралы соттың тұжырымына негіз болған. Алайда бұл тұжырым заң талаптарына сәйкес келмейді. ӘҚБтК-нің 200-бабы 3-бөлігінің санкциясымен аталған құқық бұзушылық жасағаны үшін лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып, айыппұл түріндегі жауаптылық көзделген.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы «Соттардың Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің Ерекше бөлігінің нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы» № 7 нормативтік қаулысының 3 және 8-тармақтарында қызметті немесе жекелеген қызмет түрлерін тоқтата тұру не оған тыйым салу, сол сияқты тиісті қызмет түріне лицензияның қолданылуын тоқтата тұру немесе одан айыру сияқты қосымша жазалар осындай қызметті жүзеге асыруға тиісті рұқсаты бар адамдарға қатысты қолданылуға тиіс деп көзделген. Кәсiпкерлік субъектілері ретінде тіркелмеген адамдардың мұндай өнімді сатуы, лицензиясыз кәсiпкерлiк немесе өзге де қызметпен айналысқаны үшін ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылық құрамын құрайды.
Тиісінше, сот аталған норманы және істің нақты мән-жайларын ескере отырып, тұлғаны әкімшілік жауаптылыққа тарту мәселесін қарауы керек еді.
Бұл жағдайда екі әкімшілік құқық бұзушылықтың жиынтығы байқалады: алкоголь өнімін сауда уақытын бұза отырып сату - ӘҚБтКнің 200-бабының 3-бөлігі және алкоголь өнімін рұқсатсыз (лицензиясыз) сату-ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөлігі.
Осыған байланысты әртүрлі қол сұғушылық объектілері бар әкімшілік құқық бұзушылықтардың екі құрамы анықталған. Тұлғаның әрекеттерінде сонымен бірге құқық бұзушылықтың басқа құрамының болуына байланысты құқық бұзушылықтың бір құрамы бойынша іс жүргізуді тоқтатуға жол берілмейді. Және санкцияда қосымша жаза ретінде лицензияны қолданылуын тоқтату жөнінде көрсетілсе, бірақ тұлғада лицензиясы болмасада, оған қарамастан сол жаза тағайындауға жатады.
Сондықтан сауда уақытын бұза отырып, алкоголь өнімін өткізу фактісі дәлелденген кезде ӘҚБтК-нің 200-бабының 3-бөлігі бойынша құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс жүргізуді тоқтату туралы сот қаулысы негізсіз.
Мұндай жағдайда, бірінші сатыдағы соттың қабылданған қаулысының ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінде көзделген негіздер бойынша кассациялық тәртіппен күші жойылуға жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзады.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 840-бабының 2) тармақшасын, 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 200-бабының 3-бөлігі бойынша жеке кәсіпкер Т[...] қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Жамбыл облысы Талас аудандық сотының 2020 жылғы 07 қыркүйектегі қаулысының күшін жойып, істі жана сот қарауына бірінші сатыдағы сотқа жіберілсін.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
А. Рахметулин
Судьялар
М. Балкен
Ж. Ермағамбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.