ВС РК - Постановление от 12.08.2024 по делу 6001-24-00-6кп/51 (Об административном правонарушении)

6кп-51-24

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 12 тамыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Б.Б.Шермұхаметовтің, судьялар Н.Қ.Құрманғалиев, Н.Ә.Әбдіқановтың,

Қазақстан Республикасы Бас прокурорының аға көмекшісі А.Төремұратұлының,

«ЭЛКОМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінiң өкілі

Б.С.Смағуловтың қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында кассациялық тәртіппен аудио-бейне жазба құралдарын қолданып, ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен «ЭЛКОМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (әрі қарай - ЖШC, Серіктестік) қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық сотының 2023 жылғы 11 қазандағы қаулысымен «ЭЛКОМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ӘҚБтК-нің 312 бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған лицензиядан айыра отырып, 1 380 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынған.

Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 қарашадағы қаулысымен іс бойынша бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында соттар қабылдаған қаулылары соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануындағы бірізділікті бұзатындығы туралы көрсетілген.

Ұсынуды қолдаған ЖШС-нің өкілі Б.С.Смағуловтың, прокурор А.Төремұратұлының сот актілерінің күшін жойып, істі қайта қарауына бірінші сатыдағы сотына жолдансын деген қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, сот алқасы мынадай тұжырымға келеді.

ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігінің 3) тармағына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.

Қаралып жатқан іс бойынша осындай негіз орын алған.

ӘҚБтК-нің 47-бабының 7-бөлігіне сәйкес егер жүзеге асырылуы кезінде әкімшілік құқық бұзушылық жасалған қызмет лицензияланатын қызмет түрінің кіші түрі болып табылса, рұқсаттан айыру не рұқсатты тоқтата тұру түріндегі әкімшілік жаза лицензияланатын қызмет түрінің нақты кіші түріне ғана қолданылады.

Іс материалдарынан Мердігер «ЭЛКОМ» ЖШС әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап, Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшқұыр ауылы, 1-3 кварталындағы тоқ желісін тарту жұмыстарын техникалық регламенттерде белгіленген талаптарды қоспағанда, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы мен мемлекеттiк нормативтердiң талаптарын бұза отырып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындаған. Сонымен қатар, «ЭЛКОМ» ЖШС бұрын 2023 жылғы 19 сәуірде ӘҚБтК-нің 312-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталған.

Істі қарап, соттар Серіктестіктің құқық бұзушылық жасаудағы

кінәсі дәлелденді деген қорытындыға келген.

Бұл ретте, іс бойынша тұлға әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған күннен бастап екi ай өткеннен кейiн әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуға жатпайды деген ӘҚБтК-нің 62-бабы 3-бөлігінің талаптарының бұзылуына жол берілген.

Сонымен, іс бойынша «Түпқараған аудандық құрылыс бөлімі» ММ (Тапсырыс беруші) мен «Элком» ЖШС-нің (Мердігер) арасында 2022 жылғы 14 маусымдағы № 7209639 мемлекеттік сатып алу бойынша ашық конкурстың қорытындысы бойынша, атап айтқанда «Түпқараған ауданы, Ақшұқыр-2 ауылының I, III кварталдарын электрмен жабдықтау құрылысы» жобасы бойынша құрылысмонтаждау жұмыстарын жүргізуге хабарламаны алған күннен бастап 4 ай құрылыс мерзімімен құрылыс саласындағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы 2022 жылғы 27 маусымдағы № 28 үлгілік шарт жасалғаны анықталған.

2022 жылғы 4 шілдеде Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы (бұдан әрі - МСҚББ) Серіктестікке электронды форматта жасалған № KZ16REA00283724 хабарламаны жолдаған. Демек, құрылыс-монтаждау жұмыстары 2022 жылдың 4 қарашасына дейін аяқталуы керек еді. Сот отырысында ЖШС сотқа Тапсырыс берушінің қолы қойылған №№ 1, 2 және 3 орындалған жұмыстардың 3 актісін және оларға 2022 жылдың тамыз, қыркүйек және қазан айларында орындалған жұмыстардың құны туралы анықтамаларды ұсынған. Яғни, шын мәнінде ЖШС құрылыс-монтаждау жұмыстарын мерзімінде орындаған.

Сонымен, іс бойынша 2020 жылғы 20 желтоқсандағы № EE-0036/20 мемлекеттік сараптамадан өткен «Түпқараған ауданы Ақшұқыр-2 ауылының I және III кварталдарын электрмен жабдықтау құрылысы» объектісінде Серіктестіктің жобалау шешімдерін бұзу фактісін МСҚББ 2023 жылғы 27 наурыздағы № ЖТ-2023-00463741 хатымен анықтаған.

Бұған дейін бұл туралы жобалық шешімдердің сәйкестігін бақылау жөніндегі көшпелі комиссияның 2023 жылғы 12 наурыздағы актісінде айтылған.

«Қазақстан жобалаушыларының Республикалық одағы» өзін-өзі реттейтін ұйымы 2023 жылғы 6 сәуірде No1-097 хатпен Серіктестіктің жоғарыда аталған Объект бойынша бұрын атап көрсетілген жобалық шешімдерідің бұзылғаны анықталғаны туралы Маңғыстау облысының МСҚББ-на жүгінген.

Алайда «Элком» ЖШС-ға қатысты ӘҚБтК-нің 312-бабының 2-бөлігімен № 234700620000162 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама тек 2023 жылдың 26 маусымында, яғни әкімшілік құқық бұзушылық анықталғаннан кейін екі айдан астам уақыт өткен соң жасалған.

Сонымен, бұл іс ӘҚБтК-нің 62-бабы 3-бөлігінің ережелеріне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылуы тиіс, өйткені әкімшілік құқық бұзушылық анықталған күннен, яғни 2023 жылғы 12 наурыздан бастап көшпелі комиссия құрылыс-монтаждау жұмыстарының бұзушылықтарын анықтаған сәттен екі айдан астам уақыт өткен.

ӘҚБтК-нің 741-бабының 1-бөлігінің 5) тармақшасына сәйкес әкімшілік жауптылыққа тартудың ескіру мерзiмдерi өткен кезде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi бастауға болмайды, ал басталған iс тоқтатылуға жатады.

Материалдарды зерттеу осы істі қарау барысында жергілікті соттарымен жоғарыда аталған заң нормаларын сақтамаған деуге негіз береді, бұл негізсіз әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға әкеп соқтырған. ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І: «ЭЛКОМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық сотының 2023 жылғы 11 қазандағы және Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 қарашадағы қаулылары күштері жойылып, әкімшілік жауптылыққа тарту мерзімінің өтуіне орай әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс тоқтатылсын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші: Судьялар:

Б. Шермұхаметов Н. Құрманғалиев Ә. Әбдіқанов

Көшірмесі дұрыс. Судья:

Б. Шермұхаметов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.