ҚАУЛЫ
11 қыркүйек 2025 жыл №6003-25-00-4к/812 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші Туғанбаев М.А.,
судьялар – Нуралыева Н.Е., Манабаева М.А. болып,
прокурор А.С.Камашевтың, жауапкердің өкілі Г.А.Махановтың қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының (бұдан әрі - Кәсіпорын) «Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – жауапкер, Департамент) қойған бұзушылықты жою туралы нұсқаманы ішінара заңсыз деп танып, күшін жою туралы талабы бойынша қабылданған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 шілдедегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 желтоқсандағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Департамент 2024 жылғы 19 наурыз - 10 сәуір аралығында Кәсіпорын қызметіне бақылау субъектісіне бару арқылы табиғи монополиялар туралы заңнаманың сақталуына профилактикалық бақылау жүргізген. Профилактикалық бақылау қорытындысымен Департамент Кәсіпорынға 2024 жылғы 10 сәуірде Бұзушылықтарды жою туралы нұсқама (бұдан әрі - Нұсқама) берген.
Кәсіпорын Нұсқамамен ішінара келіспей, оның ішінде Кәсіпорынның бюджеттік мекемелермен жасаған шарттары үлгілік шарттарға сәйкес келмейтіні жөніндегі және тұтынушылардың есептегіш су аспаптарына пломба басқаны үшін 2020-2022 жылдары 38 559 000 теңге кіріс алғаны жөніндегі қорытындыларына дау айтып, жоғарыда көрсетілген әкімшілік талаппен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 шілдедегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
2024 жылғы 10 сәуірдегі бұзушылықты жою туралы №12/4 нұсқаманың 6-тармағының 4) тармақшасындағы көрсетілген қызметке қосылу кезеңінде пломбалау жұмыстарына ақы талап етуді белгілемеу және 38 559 000 теңге көлеміндегі қаражатты қайтару туралы бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Талаптың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған. Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Кассациялық шағымда жауапкер істі қарау барысында зерттелген дәлелдемелерге дұрыс баға берілмегендігін, материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмағандығын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, іс бойынша талап арызды қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім қабылдауды сұрайды.
Мүдделі тұлға «Электрондық қаржы орталығы» АҚ-нан сот мәжілісін оның өкілінің қатысуынсыз өткізу туралы өтініш түсті.
Сот отырысының уақыты мен орыны туралы тиісінше хабарланған талапкердің өкілі сотқа келген жоқ.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабына сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, прокурордың сот актілерін күшінде қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Осы іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі - КК) 137-бабы бірінші тармағының 1) тармақшасында көрсетілгендй, профилактикалық бақылау бақылау мен қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) қызметін бақылаудың алдын алу-профилактикалық сипаттағы бір нысаны болып табылады. Профилактикалық бақылау мынадай түрлерге бөлінеді: 1) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау;
бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау;
бақылау мақсатында сатып алу.
Осы баптың 6-тармағында көрсетілгендей, бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылаудың және (немесе) тексерудің нысанасы - бақылау мен қадағалау субъектілерінің осы Кодекстің 132-бабының 2-тармағына және 143-бабының 3-тармағына сәйкес тексеру парақтарында белгіленген талаптарды сақтауы болып табылады.
Кодекстің 143-бабының 3-тармағында тексеру парақтарында белгіленген талаптар ғана тексеруге жататыны белгіленген және тексеру парағына енгізілетін талаптар бір мезгілде мынадай өлшемшарттардың бәріне сәйкес келуге тиіс екені нақтыланған:
экономикалық қауіпсіздікті, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қоса алғанда, адамдардың өміріне, денсаулығына, олардың мүлкін қорғауға, қоршаған орта үшін қауіпсіздікке, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне тікелей (тура) әсер ететін қызметпен (процеспен, әрекетпен) байланысты болу;
талаптардың сақталуын көзбен шолу, зертханалық зерттеу, қараптексеру және жете тексеру, растайтын құжаттардың бар-жоғын тексеру арқылы тексеруге болады;
талаптар жалпы сипатта болмауы және басқа нормативтік құқықтық актілерге сілтемені қамтымауы керек;
талапты бірнеше реттеуші мемлекеттік органның қайталауына жол бермеу.
Жергілікті соттардың анықтағанындай, Департамент Кәсіпорында профилактикалық бақылауды 71 (жетпіс бір) талап бойынша жүргізген.
Жауапкер өкілінің соттағы түсіндірмесіне қарағанда, дауланып отырған бұзушылық тексеру парағының 11-талабы бойынша анықталған.
Тексеру парағында бұл талап «Ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметке қатысы жоқ қосымша талаптарды белгілемеу» деп көрсетілген.
Келтірілгендердің сөзбе-сөз мағынасына қарағанда, 11 - талап бойынша жауаптылық реттеліп көрсетілетін қызметке қатысы жоқ қосымша талаптарды белгілеген жағдайда туындайды
Бақылау нәтижелері туралы актіде 11-талап бойынша анықталған бұзушылық ретінде Кәсіпорын тарапынан тексеру кезеңінде есептеу аспаптарын пломбалау жұмыстарын ақылы түрде жүзеге асырып, 2020 жылы -7014000 теңге, 2021 жылы -23895 000 теңге, 2022 жылы -7650 000 теңге кіріс түсіргені көрсетілген.
Яғни бұзушылық ретінде Кәсіпорынның қандай да бір қосымша талаптарды белгілегені көрсетілмеген.
Мұнымен қоса Департамент тарапынан жоғарыда көрсетілген жалпы сомасы 38 599 000 теңге болатын кірістің есептеу аспаптарын пломба басудан ғана түскенін дәлелденбеген.
Кәсіпорын тарапынан сотқа ұсынылған дәлелдеме құжаттарға қарағанда, бұл сома есептеу аспаптарын пломбалаудан бөлек, есептеу аспаптарын алғаш орнатудан, есептеу аспаптарын ауыстырудан және есептеу аспаптарын қайта пломбалаудан түскен сомадан құралады. Кассациялық сотта жауапкердің өкілі профилактикалық бақылау барысында Департамент сұратқан құжаттарды Кәсіпорынның ұсынбауына байланысты, бұзушылық сомасы ретінде Кәсіпорынның өзінде болған аудиторлық есепте көрсетілген сома негізге алынғандығын көрсетті.
Бұл уәждерді жергілікті соттар заңды түрде негізге алмаған, себебі 11талап бойынша жауапкердің Кәсіпорынннан құжаттар сұратқаны расталмаған. Сол себепті соттар жауаптылыққа тарту негіздемесі заңды әрі нақты болуы тиіс, болжамға негіздеп, мүліктік жауапкершілікті жүктеуге болмайды деген орынды тұжырымдарға келген. Сонымен қатар, сотқа ұсынған мәліметтеріне қарағанда, Кәспорын тарапынан алғаш орнатылған есептеу құралдарына пломба басудан 20202021 жылдары түскен сомалар: 1296464 теңге, 3585872 теңге және 3376 660 теңге тұтынушылардың жеке шоттарына отырғызу арқылы қайтаруға шара көрілген.
Қорыта келе, дауланып отырған әкімшілік акт ӘРПК-нің 79-бабында көзделген заңдылық, негізділік, анықтық талаптарына сай келмегендіктен, соттар оны дұрыс заңсыз деп таныған
Жоғарыда келтірілгендердің негізінде кассациялық сот Нұсқаманың 6- тармағының 4) тармақшасындағы көрсетілген қызметке қосылу кезеңінде пломбалау жұмыстарына ақы талап етуді белгілемеу және 38 559 000 теңге көлеміндегі қаражатты қайтару туралы бөлігі заңсыз деген жергілікті соттардың тұжырымымен келіседі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Мұндай жағдайда жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 шілдедегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Туғанбаев М.А.
Судьялар Нуралыева Н.Е. Манабаева М.А.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.