ҚАУЛЫ
2025 жылғы 27 тамыз № 6003-25-00-4к/1450 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші - судья Ж.А.Оспанова,
судьялар - Л.Е.Каирбаева, М.А.Манабаева болып,
прокурор О.С.Пернеевтің,
талап қоюшының өкілі Н.Каусбековтің,
жауапкер өкілі Ә.Ғ.Сейданованың қатысуымен,
ашық сот отырысында «Өмір жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма), «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент)
камералдық бақылау нәтижелері бойынша мемлекеттік кірістер органдары анықтаған тәуекел дәрежесі орташа бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларды заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 9 шілдедегі шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 22 қазандағы қаулысына жауапкер Басқарманың кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Серіктестік жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 9 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Хабарламалар заңсыз деп танылып, күші жойылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 22 қазанындағы қаулысымен сот шешімі күшінде қалдырылған.
Сот актілерімен келіспей, олардың күшін жоюды сұрап, Басқарма кассациялық шағым берген. Онда шағым иесі келесі уәждері келтірген:
- Салық кодексінің 48-бабына сәйкес ескіру мерзімі үш жылды құрайды Мемлекеттік кірістер органдары салық міндеттемесі болған жағдайда ескіру мерзімі ішінде хабарламалар ресімдеуге құқылы;
- сот шешімінің заңды күшіне енген күні бұзушылық анықталған
күнге
теңестірілмейді, сондай-ақ қойылған хабарламаны кері қайтарып алу үшін негіз бола алмайды;
- Салық кодексінде де, Кәсіпкерлік кодексте де, сонымен қатар Нормативтік қаулыда да хабарламаны ресімдеу мерзімін өткізіп алу салдарынан оны заңсыз деп тануға негіз жоқ.
Кассациялық сатыдағы сот жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюышының сот актілерін өзгеріссіз қалдыруды сұраған түсініктерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын, шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің – (бұдан әрі АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, даулы хабарламалардың қабылдануына Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (бұдан әрі-МАЭС) 2023 жылғы 12 шілдедегі шешімімен «ШымТоргСтрой» ЖШС-ның мемлекеттік тіркеуінің жарамсыз деп танылуы негіз болған.
Осы сот шешімнің негізінде Басқарма 2023 жылғы 15 желтоқсанда Серіктестікке камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы №5820VD400002, №5820VD400001 хабарламаларды жолдаған.
Бұл хабарламаларда талап қоюшыға тіркелуі жарамсыз деп танылған салық төлеушімен өзара есеп айырысу бойынша қосылған құн салығының 14 325 279 теңге сомасын заңсыз есепке жатқызу, корпоративтік табыс салығы бойынша 26 947 795 теңге заңсыз шегерімге жатқызу бұзушылықтарын жою міндеттелген.
Сотта анықталғандай, хабарламаларды жіберуге негіз болған МАЭСтің шешімі 2024 жылғы 22 тамызда заңды күшіне енген.
Ал дау айтылған хабарламалар 2024 жылғы 15 желтоқсанда, яғни сот шешімі заңды күшіне енгеннен соң үш айдан кейін ғана шығарылған. Яғни салық органы тарапынан әкімшілік рәсімді жүргізу тәртібі елеулі түрде бұзылған.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырғанда, Қазақстан Республикасының Салық кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 94, 96 - баптарын және 114-бабының 2-тармағы 10) тармақшасын, ӘРПК-нің 79 – бабын, 84-бабының 1 және 2 бөліктерін басшылыққа алып, салық органымен белгіленген мерзімнің елеулі бұзылып, хабарламаның қабылдануы, оның заңсыз деп танылуына алып келеді деген дұрыс қорытындыға келген.
Жауапкердің Салық кодексінің кодексінің 48-бабына сілтеме жасап, осы бапта көзделген мерзім ішінде салық органының хабарламаны қабылдауға құқығы бар деген уәждерін сот назарға алмайды, себебі «талап қою мерзімі» мен «хабарламаны жіберу мерзімі» екі түрлі мерзімдер болып табылады.
Талап қою мерзімінің сақталуы (Салық кодексінің 48-бабы) жауапкерге заңда белгіленген өзге мерзімдерді, оның ішінде Салық кодексінің 114бабының 2-тармағы 10) тармақшасында көзделген камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны жолдаудың онкүндік мерзімін бұзуға құқық бермейді. Жауапкер шағымында сот шешімінің заңды күшіне енген күні бұзушылық анықталған күнге теңестірілуге жатпайтыны жөнінде уәждер келтіргенімен, мұны тесріске шығаратын, яғни салық есептілігіндегі бұзушылықтың салық органымен анықталған күнін бекітітін дәлелдемелерін сотқа ұсынбаған.
Мұндай дәлелдемелер бірінші сатыдағы сотта да, апелляциялық сатыда да ұсынылмаған.
ӘРПК-нің 129 - бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасы және үшінші бөлігі негізінде дәлелдеу ауыртпалығын дау айту жөніндегі талап қою бойынша ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдаған жауапкер көтереді.
Тиісінше Басқарма өзі қабылдаған әкімшілік актісінің заңдылығын бекіте алмағаннан кейін, сот бұл актіні заңсыз деп таныған.
Жауапкердің Салық кодексінде де, Кәсіпкерлік кодексте де, сонымен қатар Нормативтік қаулыда да хабарламаны ресімдеу мерзімін өткізіп алу оны заңсыз деп тануға алып келетіні көрсетілмегені жайлы уәждерін де сот негізсіз деп есептейді.
Дауланып отырған хабарлама әкімшілік акт ретінде әкімшілік актіге қойылатын талаптарға сай болуы міндетті. Әкімшілік рәсімнің сақталмауы әкімшілік актіні заңсыз деп тануға алып келеді. Жоғарыда баяндалған және соттар анықтаған мән-жайлары аясында кассациялық сот жергілікті соттардың жауапкер Басқармаға қатысты талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымымен келіседі, өйткені дауланып отырған хабарламалардың заңсыздығы істі қарау барысында өз дәлелін тапқан.
Ал Департаментке қатысты талап артық қойылған, бұл бөлікте соттар талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдануы тиіс болған. Дегенмен, талап қоюшы үшін қандай-да бір құқықтық салдарлар туындатпайтын ескере отырып, кассациялық сот АПК-нің 427бабының үшінші бөлігіне сәйкес сот актілерін өзгеріссіз қалдыруды дұрыс деп санады.
АПК-нің 427-бабының үшінші бөлігіне сәйкес мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды. Материалдық немесе процестік құқық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы, егер осы бұзушылық дұрыс шешім қабылдамауға әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертуге немесе күшін жоюға негіз болып табылады. Егер сот дұрыс шешім қабылдаса, бірақ көрсетілген бұзушылықтарға жол берілсе, қаулыда уәждер, материалдық және процестік құқық нормалары келтіріледі, оларға сәйкес шешім өзгеріссіз қалдырылуға жатады.
Жоғарыда келтірілгендердің негізінде шағымдалған сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігі 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 25 маусымдағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 22 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Судьялар
Ж. Оспанова
Л. Каирбаева М. Манабаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.