ҚАУЛЫ
2025 жылғы 12 қараша №7199-25-00-4к/468 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотты құрамында:
төрағалық етуші - судья М.А.Манабаева,
судьялар - Л.Е. Каирбаева, Н.М. Кабдрахманова,
прокурор К. Тогаев, талап қоюшы «Қамқор Локомотив» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері Н. Жаңабергенұлы, А.Б. Кульбасов, «Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі Н.Ж. Алин, «ҚАЗАҚСТАН отынэнергетикалық кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері О.М. Кабышев, Е.М. Жадығуловтың қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қамқор Локомотив» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкер «Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша Экология департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне 2023 жылғы 8 тамыздағы №28/080/3 бұзушылықты жою туралы нұсқаманың бірінші бөлігін заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюы бойынша
мүдлелі тұлғалар: «Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі, Мақат ауданы әкімі, «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік коғамы, «ҚТЖ - Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі - «ҚТЖ - Жүк тасымалы» ЖШС), «ҚАЗАҚСТАН отын - энергетикалық кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі- ТЭК),
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 шілдедегі шешіміне және 2024 жылғы 19 қарашадағы Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының қаулысына талап қоюшы «Қамқор Локомотив» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің берілген кассациялық шағыммен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
2024 жылғы 12 шілдедегі Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен 2023 жылғы 8 тамыздағы №28/080/3 бұзушылықты жою туралы нұсқаманың бірінші бөлігін заңсыз деп танып, оның күшін жою туралы талап қою қанағаттандырудан бас тартылған. 2024 жылғы 19 қарашадағы Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен 2024 жылғы 12 шілдедегі Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының сотының шешімі күшінде қалдырылған.
Кассациялық шағымда талап қоюшы төменгі саты соттарының сот актілерінің күшін жойып, істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберуді сұраған.
Жауапкердің және басқа да мүдделі тұлғалардың тиісті түрде хабарланған өкілдері белгісіз себептермен кассациялық соттың отырысына келмеді, бұл Қазақстан Республикасы 2020 жыдғы 29 маусымдағы №350-VI Әкімшілік рәсімдік - процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес осы істі қарауға кедергі болмайды.
Кассациялық шағымдағы уәждерін толық қолдаған талап қоюшының және мүдделі тұлғалар өкілдерінің түсініктерін тыңдап, іс материалдарын зерттеп, шағымның дәлелдерін талқылай отырып, кассациялық сот мынадай тұжырымға келді.
ӘРПК 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Осы іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
2023 жылғы 1 шілдеде Атырау облысы Мақат ауданының әкімінің орынбасары Е.Ермағамбетов «Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша Экология департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент, жауапкер) №06-08-01-103/1658 хат жолдаған.
Хатта 2023 жылғы 18 мамырда «AQIQAT» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Г.Ж.Габдуллиннің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі «Доссор жаңалықтары» парақшасында Мақат ауданы, Мақат кенті, Л.Шахатов көшесі, 61 үй мекен-жайында орналасқан «Қамқор Локомотив» ЖШС-нің (бұдан әрі - Серіктестік, талап қоюшы) меншігінде орналасқан пайдаланылған май қалдықтары төгіліп, жерді бүлдіргендігі туралы бейнежазба жарияланғанын (бұдан әрі - бейнежазба), осыған орай экология және қоршаған ортаны қорғау туралы заңнама талаптары сақталуына тексеріс жүргізіп, тексеріс нәтижелері туралы хабарлау сұратылған.
2023 жылғы 25 шілдеде жауапкер Департамент тарапынан тексеруді тағайындау туралы №28 акт қабылданып, 2023 жылғы 26 шілдеде акт құқықтық статистика және арнайы есеп алу жөніндегі уәкілетті органында тіркелген (бұдан әрі - тексеру тағайындау актісі).
Тексеру жүргізудің мерзімі 2023 жылғы 26 шілде - 8 тамыз аралығы деп белгіленген.
Тексерілетін кезең 2023 жылғы 1 қаңтар - 8 тамыз.
2023 жылғы 8 тамызда Департаментпен №28/080-3 тексеру нәтижелері бойынша акт (бұдан әрі - тексеру актісі) және №28/080-3 заң бұзушылықты жою туралы нұсқама (бұдан әрі - нұсқама) рәсімделіп, талап қоюшы Серіктестіктің өкіліне табыс етілген.
Атырау облысы бойынша Бас мемлекеттік экологиялық инспекторы С.Б.Тлегеновтың (бұдан әрі - бас инспектор) 2023 жылғы 4 қыркүйектегі №061/13 қаулысымен Серіктестік Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 328-бабының 1-бөлігімен көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 7 053 505 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынған.
2023 жылғы 4 қыркүйектегі бас инспектордың №06-1/14 қаулысымен Серіктестікке қатысты ӘҚБтК-нің 337-бабының 4-бөлігімен қозғалған әкімшілік істің құрамында қылмыстық заңнамада көзделген қылмыстың жазаланатын іс әрекет белгілері болуына байланысты материал прокурорға, сотқа дейінгі іс жүргізу органына берілуі негізінде әкімшілік құқық бұзушылық өндіріс тоқтатылған.
Аталған әкімшілік құқық бұзушылық бойынша бас инспектордың қаулылары Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына дауланған.
2024 жылғы 16 қазандағы Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен Серіктестіктің ӘҚБтК-нің 44-тарауымен берілген шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
2024 жылғы 7 қарашадағы Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының қаулысымен бірінші саты сотының қаулысы өзгеріссіз, Серіктестіктің шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылған.
Нұсқамамен ішінара келіспей, 2023 жылғы 8 тамыздағы №28/080/3 бұзушылықты жою туралы нұсқаманың бірінші бөлігін заңсыз деп танып және күшін жою туралы шағыммен талап қоюшы сотқа жүгінді.
Шағымды қанағаттандырудан бас тарта отырып, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар нұскаманың күшін жоюға құқықтық негіз жоқ екенін көрсетті.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың бұл қорытындылары занды және негізделген болып табылады.
Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 175-бабының 1, 2-тармақтары бойынша Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарын бұзушылық анықталған кезде мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар жеке және заңды тұлғаларға мұндай бұзушылықты жою туралы нұсқама шығарады. Нұсқаманы жасау тәртібі және оның мазмұны Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде (бұдан әрі - Кәсіпкерлік кодекс) белгіленеді.
Кодекстің 228-бабы бойынша жер - қоғамның материалдық, мәдени және басқа да қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қызмет процесінде пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін, топырақ қабатын қоса алғандағы жер беті (аумақтық кеңістік).
Топырақ қабаты (топырақ) - биотикалық, абиотикалық және антропогендік факторлардың ұзақ әсер етуі нәтижесінде жер бетінде пайда болған, минералдық және органикалық қатты бөлшектерден, су мен ауадан тұратын және өсімдіктердің өсуі мен дамуы үшін тиісті жағдайлар жасайтын өзіндік ерекше генетикалық-морфологиялық белгілері, қасиеттері бар дербес табиғи-тарихи органикалық-минералдық табиғи дене.
Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес жер:
жер беті мен топырақтың антропогендік ластануынан;
жер бетінің қоқыстануынан;
топырақтың тозуы мен құнарсыздануынан;
жердің өзге түрде бүлінуі мен нашарлауынан (су және жел эрозиясы, шөлейттену, су басу, су жайылу, батпақтану, кейіннен сортаңдану, құрғап кету, тығыздалу, табиғи ландшафтардың техногендік өзгеруі салдарынан) қорғалуға жатады. Топырақ сапасының мемлекет белгілеген экологиялық нормативтерінен асатын концентрацияларда ластағыш заттардың топырақта болуы топырақтың ластануы деп танылады.
Кодекстің 238-бабының 1-тармағына сай жеке және заңды тұлғалар жерді пайдалану кезінде жердің ластануына, жер бетінің қоқыстануына, топырақтың тозуына және құнарсыздануына жол бермеуге тиіс, сондай-ақ топырақтың құнарлы қабатының біржола жоғалуын болғызбау үшін қажет болған жағдайда оны алуды және сақтауды қамтамасыз етуге міндетті.
Кодекстің 135-бабында көзделгендей, халықтың денсаулығына зиян келтірудің елеулі тәуекелін туғызатын ластағыш заттардың, организмдердің немесе микроорганизмдердің жер бетіне немесе жердің құрамына немесе топыраққа тікелей немесе жанама түсуі нәтижесінде жердің ластануы жерге экологиялық залал деп танылады. Топырақты жою немесе Қазақстан Республикасы жер заңнамасының ережелеріне сәйкес олардың тозуына немесе құнарсыздануына алып келетін өзге де салдарлар түрінде келтірілген залал да жерге келтірілген экологиялық залал деп танылады.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда анықтағандай тексеру барысында мұнай өнімінің шламымен (нефтешлам) бүлінген жер топырақ қабаты 5 аумаққа белгіленіп бөлінгенін, Серіктестіктің тарапынан сарқынды суды «ЭЙКОС» МФУ-Э-В 20 кондырғысымен тазалау кезінде механикалық тұндырғышта тұндыратын резервуар іштері мұнай өнімдерімен бүлінгені, қалқымалы мұнай өнімдерінің жоғарғы қабатын өрескел ұстауға арналған тұндырғыштың жоқ екені, сарқынды су тазалауға арналған темір сульфатының ертіндісін және ақтас ертіндісін қоспай, сарқынды суды сүзу алаңына төгу кезінде «ЭЙКОС» МФУ-Э-В 20 сарқынды су тазарту кондырғысының ақаулығын және тиімділігі жоқ екенін біле тұра сарқынды суды сүзу алаңына төгу салдарынан Кодекстің нормалары бұзылған.
Мұнай шламымен жер ластану фактісі 2023 жылғы 7 тамыздағы №21 топырақтың (жердің) сынақ хаттамасымен дәлдеденеді. Топырақтың ластану концетрациясы 152 мг/кг бастап 2 843 мг/кг аралығында орын алған.
Серіктестіктің мұнаймен ластанған 5 жер аумақ тарихи ластану объектесіне жатқызылатыны деген уәждері сотпен қабылдануға жатпайды.
Кодекстің 142-143 баптарына сай бұрынғы қызметтің нәтижесінде, оның ішінде антропогендік қызметтің алуан түрлері әсер етуінің жиынтығы нәтижесінде туындаған, суларға және (немесе) жерлерге келтірілген, жою жөніндегі міндеттері орындалмаған не толық көлемде орындалмаған, жинақталған экологиялық залал тарихи ластану деп танылады.
Тарихи ластану объектілерін анықтау бұрын антропогендік қызмет жүзеге асырылған және (немесе) иесіз күрделі құрылыс объектілері және (немесе) иесіз қалдықтарды сақтау немесе көму объектілері орналасқан аумақтар мен акваторияларды түгендеу және зерттеп - қарау арқылы жүзеге асырылады.
Тарихи ластану объектілерін анықтау, бағалау және есепке алу, оның ішінде тарихи ластану объектілерінің мемлекеттік тізілімін жүргізу қағидаларын (бұдан әрі - тарихи ластану объектілерін анықтау, бағалау және есепке алу қағидалары) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің талаптарын ескере отырып бекітеді.
Бұл ретте Кодекстің талаптарына сай тарихи ластану объектілерінің уәкілетті органмен мемлекеттік тізілімі жүргізілетіні айқындалған, алайда Мақат кентінде анықталған ластанған 5 аумақтағы жер учаскелері тарихи ластанудың объектілердің қатарына жатқызылатыны туралы дәлелдеме жоқ, Серіктестікпен осы бағытта тиісті жұмыстарын жүргізіп 5 аумақты тарихи ластанудың объектілер мемлекеттік тізіліміне енгізу мәселесімен уәкілетті органға жүгіну құқығы бар екенін сот ескереді.
Сонымен қатар, Серіктестіктің мұнаймен ластанған 5 аумақтың маңында өзге жер пайдаланушылары бар екенін, жауапкершілік тек өздеріне жүктелген деген уәждері тексеріліп, сот процесіне мүдделі тұлғалар «ҚТЖ - Жүк тасымалы» ЖШС, ТЭК тартылған болатын.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттармен анықталғандай, ластанған 5 аумақтың маңында «ҚТЖ - Жүк тасымалы» ЖШС-тің, ТЭК-тің пайдалануында жер учаскелері орналасқан, дегенмен олардың негізгі қызметтерінен жер учаскелерінің ластануы орын алған нақты деректермен расталмайды.
«ҚТЖ - Жүк тасымалы» ЖШС локомотив жөндеу жұмыстарымен айналысып, өз қызметінде ірі мөлшерде, яғни 5 аумақтың ластануға әкеп соқтыратын мұнай өнімдерін қолданбайды (куәлар Ж.Жалгаспаевтың, А.Суйесиновтың айғақтарымен расталынады). ТЭК-тің пайдалануындағы жер учаскелерінде мұнай сақтау резервуалары орналасқан, азаматтық-құқықтық шарттарымен расталынды. Бұдан басқа Серіктестікке тиесілі «ЭЙКОС» МФУ-Э-В 20 сарқынды су тазарту кондырғысының пайдалануда сарқынды суды сүзу алаңына төгу салдарынан жердің ластануы нақты анықталған.
Істің осы тұрғысында сот жауапкермен нұсқама заң талаптарына сәйкес қабылданған деген тұжырымға дұрыс келген.
ӘРПК-нің 155-бабының 4-бөлігіне сай, сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартады.
Бұл ретте, талап қоюшының талабы қанағаттандырудан бас тартылуға жатады деген бірінші сатыдағы соттың қорытындысымен апелляциялық алқа дұрыс келісті.
Істің егжей - тегжейлі мән - жайлары, соттардың негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.Соттардың қорытындылары іс бойынша анықталған нақты мән-жайларға және материалдық кұқық нормаларына негізделген.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымдарда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Талап қоюшының сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.
Кассациялық шағымда жаңа дәлелердің болмауына байланысты, қолда бар материалдар бойынша істі кассациялық сатыда қарау шектері, кассациялық сот шағымданатын сот актілері өзгерссіз, ал талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдыруға тиіс деп есептейді.
Баяндалғанның негізінде және ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ :
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 шілдедегі шешімі және 2024 жылғы 19 қарашадағы Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Төрағалық етуші Судьялар
М.А.Манабаева Л.Е.Каирбаева Н.М. Кабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.