6001-21-00-3гп/520 6001-21-00-3гп/520(2) 6001-21-00-3гп/520(3)
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 8 желтоқсан «Н[...]»-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Ш.Иманиязова, судьялар Ш.Даниярова, Р.Қуанышбаева,
талап қоюшының өкілі М[...],
жауапкер А[...] өкілі Н[...] қатысуларымен мобильдік бейнеконференцбайланыс арқылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «А[...]» шаруа қожалығының (бұдан әрі - ШҚ) басшысы Х[...] жауапкерлер «Сырым аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - ММ), «Сырым ауданы әкімінің аппараты» ММ-ге, Сырым ауданының жер комиссиясына, Сырым ауданының әкіміне, жеке кәсіпкер А[...], «Ғ[...]» ШҚ-ның басшысы Ғ[...] жалға алу шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қою арызы бойынша қабылданған
Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 22 шілдедегі қаулысына «Сырым аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ-нің өкілі Т[...], жеке кәсіпкер А[...], «Ғ[...]» ШҚ-ның басшысы Ғ[...] келтірген өтінішхаттарымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
«А[...]» ШҚ сотқа жоғарыда аталған талап қою арызымен жүгінген. Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 22 сәуірдегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Осы соттың 2021 жылғы 22 сәуірдегі ұйғарымдарымен «А[...]» ШҚ-ның 2020 жылғы 12 қазандағы № 3 хаттамалық шешімінің № 1, 27 лоттарын, 2020 жылғы 15 қазандағы № 144,148 қаулыларын заңсыз деп тану туралы талаптарының бөліктері бойынша іс жүргізу тоқтатылған және «Н[...]» ШҚ-ға қатысты 2020 жылғы 12 қазандағы № 3 хаттамалық шешімінің № 23 лотын, 2020 жылғы 15 қазандағы № 150 қаулысын заңсыз деп тану туралы талабы қараусыз қалдырылған.
Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 22 шілдедегі қаулысымен сот шешімінің күші
жойылып, іс бойынша талап қою арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
2020 жылғы 15 қазанда «Сырым аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ мен жеке кәсіпкер А[...], «Ғ[...]» ШҚ-ның басшысы Ғ[...] араларында жасалған № 65, 89 жалға алу шарттары жарамсыз деп танылған.
Арыз беруші «Сырым аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ-нің өкілі Т[...] өтінішхатында іс бойынша қабылданған апелляциялық қаулымен келіспей, істі қарау барысында материалдық құқық нормалары бұзылуына байланысты дау айтылған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Сонымен бірге, жеке кәсіпкер А[...] қабылданған апелляциялық қаулымен келіспей, өтінішхатында оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
«Ғ[...]» ШҚ-ның басшысы Ғ[...] өтінішхат келтіріп, онда апелляциялық қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Талап қоюшының өкілі М[...] өтінішхатқа берген қарсы пікірінде апелляциялық сот актісі заңды және негізді қабылдануына байланысты, оны күшінде қалдыруды сұраған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі - сот алқасы) іс бойынша өтінішхаттардың уәждерін қолдаған жауапкер өкілінің түсінігін, талап қоюшы өкілінің қарсы пікірін тыңдап, іс материалдарын зерттеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сотпен жол берілген.
Іс кұжаттарына қарағанда, Батыс Қазақстан облысы, [...] жер комиссиясымен жер учаскелерін жалға беру жөніндегі сауда-саттық (конкурс) ұйымдастырылып, оның хаттамалық шешімімен келесідей тұлғалар жер учаскелерінің жеңімпазы болып танылған:
№ 1 лот А[...] 2020 жылғы 12 қазандағы № 3 хаттамалық шешімімен Алғабас ауылдық округінде орналасқан ауданы 450 га;
№ 27 лот «Ғ[...]» ШҚ 2020 жылғы 19 қазандағы № 3 хаттамалық шешімімен Талдыбұлақ ауылдық округі, ауданы 900 га.
Сырым ауданының әкімі міндетін атқарушысының 2020 жылғы 15 қазандағы № 144, 148 қаулыларымен А[...] ауыл шаруашылық өндірісін, «Ғ[...]» ШҚ-ға шаруа қожалығын жүргізу үшін жоғарыда аталған жер учаскелері ұзақ мерзімді уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен 10 жылға берілген.
Қаулыларды орындау мақсатында 2020 жылғы 15 қазанда жоғарыда аталған тұлғалар мен «Сырым аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ арасында № 65, 89 жер учаскелерін жалға алу шарттары жасалған.
«А[...]» ШҚ талап қою арызында жауапкерлерге конкурстық тәртіпте жер учаскелерін табыстау барысында Жер кодексінің 43-1-бабы мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары-Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 20 желтоқсандағы № 518 бұйрығымен бекітілген, Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларының (бұдан әрі - Қағида) 24-тармағының талаптары өрескел бұзылғанын мәлімдеген.
Бірінші сатыдағы сот дау айтылған жалға алу шарттарын жарамсыз деп тану туралы талаптарды қанағаттандырудан бас тарта отырып, Сырым ауданы әкімдігімен шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі ұйымдастырылған конкурс қолданыстағы жер заңнамасының талаптарын бұзбай жүргізілгендігімен негіздеген.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың мұндай тұжырымымен келіспей, А[...] мен «Ғ[...]» ШҚ-ның конкурсқа қатысуға арналған өтінімдерінде шаруашылық ішіндегі жерге орналастыру жобасын дайындау және әзірлеу, ауылшаруашылық инфрақұрылымын дамыту бойынша шараларды жүзеге асыру жөніндегі міндеттемелері болмағанын көрсеткен.
Бұл өтінімдер Жер кодексінің 43-1-бабының 9-тармағы талаптарына сай келмегендіктен және жоғарыда аталған талаптардың болмауына байланысты қайтарылуға жатқан. Алайда жер комиссиясы заң бұзушылыққа жол беріп, конкурс өткізген деп тұжырымдаған.
Сот алқасы апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдарын негізсіз деп санайды.
Қағиданың 22-тармағына сәйкес жер комиссиясы барлық өтінімдерді олардың сәйкестігі, толықтығы, есептемелердегі қателіктердің, құжаттардағы барлық қолтаңбалардың бары тұрғысынан зерделейді, сондай-ақ, жалпы рәсімдеудің дұрыстығын тексереді, конкурстық ұсыныста көсетілген бизнесжоспар, оның ішінде, инвестициялардың болжамды көлемі бойынша балл беру жолымен өтінімдерді бағалайды, салыстырады.
Сырым ауданының жер комиссиясының 2020 жылғы 12 қазандағы № 3 хаттамалық шешіміне сай № 1 лот бойынша Алғабас ауылдық округі, ауданы 450 га жер учаскесіне А[...], С[...], Б[...], Х[...] және № 27 лот бойынша Талдыбұлақ ауылдық округі, ауданы 900 га жер учаскесіне С[...], Б[...], Х[...], Е.«Ғ[...]» қатысып, олар ең жоғары 20 балл жинаған. Яғни, комиссия мүшелерімен Қағиданың 23-тармағының талаптары толық сақталып, талап қоюшының құқықтары бұзылмаған.
А[...] мен Е.«Ғ[...]» № 1 және 27 лоттар бойынша комиссия мүшелерінің ашық дауыс беруі арқылы ең көп дауысын алған қатысушы ретінде жеңімпаз болып танылған, бұл Қағиданың 24-тармағына сәйкес келеді, өйткені тартылған инвестициялардың ұсынылған көлемі бойынша өз лоттары бойынша балдары тең болған.
Талап қоюшы конкурс қорытындыларының нәтижелерін даулап, міндеттемелердің жоқтығымен негіздеген, ал апелляциялық сатыдағы сот көрсетілген негізбен келіскен.
Өз кезегінде өткізілген конкурс материалдарынан көрінгендей, оның қорытындылары балдық жүйенің барлық тиісті өлшемшарттары бойынша ескерілген комиссия мүшелерінің көпшілік дауысымен шығарылған. Сонымен бірге, міндеттемелердің болмауы даулы конкурс қорытындысының нәтижесіне әсер етпейді, өйткені олардың болуы немесе болмауы жеңімпаздың артықшылығы ретінде бағаланбаған.
Осыған орай, сот алқасы, бірінші сатыдағы сот аудан әкімдігімен шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі ұйымдастырылған конкурсты қолданыстағы жер заңнамасы талаптарының бұзылуына әкеп соқпаған деген дұрыс тұжырымға келді деп санайды.
Істің мұндай тұрғысында, бірінші сатыдағы сотпен материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылып, іс бойынша жиналған барлық дәлелдерге тиісті баға берілгендіктен, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы бұзылуға, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 22 шілдедегі қаулысының күші жойылсын, Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 22 сәуірдегі шешімі күшінде қалдырылсын. Жауапкерлердің өтінішхаттары қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Ш.Иманиязова Судьялар Ш.Даниярова Р.Қуанышбаева Көшірмесі дұрыс Судья Р.Қуанышбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.