ҚАУЛЫ
2025 жылғы 15 қазан 6003-25-00-4к/2088 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – Д.Ә. Әбдіғалиев,
судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов болып,
мүдделі тұлға Н.Р.Бахтыбаев және оның өкілі А.Т.Уатбаевтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Түркістан облысының білім басқармасының «Сайрам ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Бөлім) жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент), «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Министрлік) қатысты 2023 жылғы 17 қарашадағы анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқаманы, 2024 жылғы 7 тамыздағы қарсылықты қараудан бас тарту туралы шешімді заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Түркістан облысының мамандандырылған ауданарарылық әкімшілік сотының 2025 жылғы 9 қаңтардағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысына мүдделі тұлға өкілінің берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 9 қаңтардағы шешімімен талап қоюды қанағаттындырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Мүдделі тұлға өкілі өзінің кассациялық шағымында мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу жоғарылатылған мөлшерде, бірақ жұмыскердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесі бір жарым еседен төмен болмайтын мөлшерде төленетінін көрсете отырып, сот актілерімен келіспейтінін алға тартып, олардың күшін жойып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Жауапкер Астана қаласына бара алмауына байланысты бейнеконференцбайланыс режимінде сот отырысына қосылу туралы өтініш келіп түсті. Алайда бұл өтініш қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасы әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында міндетті түрде жеке қатысу арқылы өткізуге тағайындалған, бұл туралы іске қатысушы барлық тұлғалар алдын ала хабарланған. Аталған мән-жай кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды.
Министрлік аталған сот отырысын олардың қатысуынсыз қарау туралы өтінішхат жолдаған.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сотқа келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімет бермеген.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес, Департаменттің 2023 жылғы 29 қыркүйектегі №80 нұсқауымен Бөлімнің орталықтандырылған бухгалтерия қызметкерлерінің 2021, 2022 жылдары және 2023 жылдың 9 айындағы еңбекақыларына бюджеттен бөлінген қаражаттарды пайдаланудың заңдылығына аудиторлық тексеру тағайындалып, аудиторлық іс-шара нәтижесінде 2023 жылғы 10 қарашадағы аудиторлық есепке сәйкес Бөлім тарапынан қызметкерлерді мереке, демалыс күндері жұмысқа тартып, мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу кезінде үстемеақылар еселенген мөлшерден асыра есептелгені анықталған.
Салдарынан аудиторлық тексерудің негізінде жалпы сомасы 386 103 540 теңге (2021 жылы – 113 064 815 теңге, 2022 жылы – барлығы 206 735 251 теңге, 2023 жылы – 66 303 474 теңге) артық есептелген қаржылық бұзушылықтар анықталғаны көрсетілген.
Бөлімнің бас есепшісі Ж.Абданбековтың кезеңіндегі артық есептелген 89 061 960 теңге толығымен өтелген. Ал қалған 297 041 580 теңге негізсіз артық есептелген қаражатты бюджетке өтеу тапсырылған.
Бөлім аудиторлық есепке қарсылығын Нұсқама шығарылғаннан кейін 2024 жылғы 5 шілдеде берілген. Министрлікпен апелляциялық комиссия қарсылықты беру мерзімі кешіктірілуіне және әкімшілік актінің жолдануына байланысты қарсылықты қараудан бас тартқан.
Төмен тұрған сатыдағы соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, Бөлімнің бұйрықтарында мереке және демалыс күндері еңбекақы төлеу мөлшері мен шарттары, жұмысқа шақырылған қызметкерлердің нақты қанша сағат жұмыс атқаратыны көрсетілмегенін негізге алып, орталықтандырылған есеп бөлімінің ағымдағы жұмыстарын атқаруға демалыс және мереке күндерін жұмыс күні деп белгілегенін анықтаған. Кассациялық сот төмен тұрған соттардың тұжырымдарымен келісіп, жауапкердің талап қоюшыға сәулет-жоспарлау тапсырмасын беруден бас тартқаны заң нормаларына сәйкес деп таниды. Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысымен бекітіліп, оның 18қосымшасының 3-тармағына сәйкес мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне жұмыстың әр сағаты үшін демалыс немесе мереке күндері қосымша ақы сағаттық мөлшерлемеден 50% мөлшерінде төленеді.
Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидалары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 908 бұйрығымен бектіліп, оның 6-тармағына сәйкес орташа айлық жалақыны есептеу белгіленген қосымша ақылар мен үстемеақылар, сыйлықақылар және еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген тұрақты сипаттағы басқа да ынталандыру төлемдері ескеріле отырып, тиісті кезеңдегі орташа күндік (сағаттық) жалақының есебінен нақты жұмыс істелген уақыт үшін жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 79-бабына сәйкес жұмыс беруші жұмыскердің нақты жұмыс істеген жұмыс уақытын есепке алуды жүргізуге міндетті.
Алайда іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес Бөлімнің бұйрықтарында мереке және демалыс күндері еңбекақы төлеу мөлшері мен шарттары, жұмысқа шақырылған қызметкерлердің нақты қанша сағат жұмыс атқаратыны көрсетілмеген.
Салдарынан аудиттік тексеріс барысында Бөлім №1193 Қаулымен бірыңғай қосымша ақылар мен үстемеақылар, №908 Қағидалармен орташа жалақыны есептеу бекітілгеніне қарамастап, мереке және демалыс күндердегі жұмыс үшін сағаттық мөлшерлемені негізге алмаған, үстемақылар 1,5 еселенген мөлшерде есептелмеген.
Осыған байланысты төмен тұрған сатыдағы соттар Бөліммен қызметкерлерге 297 041 580 теңге негізсіз артық есептелген қаражат болып табылады деген тұжырымы заң нормалары мен іс материаларына сәйкес келеді.
Кассациялық сот, ұсынылған дәлелдемелерге баға бере отырып, төмен тұрған соттардың дауланып отырған нұсқама Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданған деген тұжырымдары дұрыс болып табылады деген қорытындыға келіп, олардың тұжырымдарымен толық көлемде келіседі.
АПК-нің 426 және 452-баптарына сәйкес, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін АПК-да көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағымның уәждері мазмұны, мәні және мақсаты жағынан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірілген уәждерге ұқсас болып табылады. Аталған уәждер төмен тұрған сатыдағы соттарда қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.
Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталып, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына немесе дұрыс қолданылмауына жол берілмегендіктен, кассациялық сот сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.
Жоғарыда аталғанның негізінде, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға, ал мүдделі тұлға өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК–нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 9 қаңтардағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Д. Әбдіғалиев
Төрағалық етуші
Судьялар
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.