ВС РК - Постановление от 30.09.2022 по делу 6001-21-00-6ап/325 (Административное)

6001-21-00-6ап/325

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 30 қыркүйек

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Баймаханов С.У.,

судьялар Өмірәлиев Е.Ж., Нұрбаев Г.К.,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында жазбаша талқылауда талап қоюшы «Канай» өндірістік кооперативінің жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Сайрам ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 3 қарашадағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

«Канай» өндірістік кооперативі сотқа жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Сайрам ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – жауапкер, Басқарма) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қою арызымен жүгінген. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 3 қарашадағы шешімімен әкімшілік талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 қаңтардағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспей, жергілікті соттар сот актісін қабылдау барысында қандай заңды тұлғалардың арасында мәміле жасалғанын білмегенін, сот тек «M[...]» ЖШС-нің құжаттары бойынша есіктерді сатып алу – сату шарттарында, шот-фактураны шығаруларда, кіріс чектердің барлығында Т[...] қол қойғандықтан дәлелдемелерді анық және жарамды деп таппаған, өздерінің бұл тұжырыммен келіспейтіндіктерін, себебі шот-фактура электронды түрде қалыптасқанын, соттың «G[...]» ЖШС-гі бойынша ұсынылған құжаттарға мүлдем баға бермегенін, сондықтан сот актілері негізсіз деп қайта қарауды сұраған.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (бұдан әрі – ӘРПК) 148-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот тараптардың келісімімен әкімшілік істі жазбаша талқылауда ақылға қонымды, бірақ талап қойылған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімде қарауға құқылы.

Әкімшілік іс тараптардың келісімімен жазбаша талқылауда қарауға ұйғарылды.

Әкімшілік іс материалдары мен шағымның уәждерін зерттеп, алқа келесі тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларымен айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5-тармағына сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Аталған іс бойынша мұндай негіздер анықталды.

Іс материалдарынан анықталғандай, «G[...]» ЖШС-гі мен «M[...]» ЖШС-гі арасында 2017 жылдың 1 наурызы мен 2020 жылдың 17 сәуірі аралығында көрсетілген қызметтер бойынша салыстыру актісі жасалған.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті, «Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Сайрам ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-сі 2021 жылғы 24 тамыздағы №5811QA1000006 камералдық бақылау нәтижесі бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны талап қоюшыға жолдаған.

Хабарламаның №1 қосымшасында қосымша құн салығы сомасын есепке жатқызуға қате тағайындау жоғарыда аталған сот шешімі негізінде қайта тіркеуі жарамсыз деп танылғанына байланысты салық төлеушімен есеп айырысу және заң бұзушылықтық сомасы 4 127 349 теңге деп көрсетілген. 2021 жылғы 24 тамыздағы салық есебі бойынша форма 300.00, 01.07.201830.06.2021 аралығына есептелген.

Бірінші сатыдағы сот, 2020 жылғы 10 қарашадағы заңды күшіне енген сот шешімімен «M[...]» ЖШС-нің мемлекеттік тіркелуі жарамсыз деп танылғанына байланысты, серіктестік контрагент болып табылатын ЖШСның кәсіпкерлік қызметпен айналысуы ниетісіз, заң талаптары бұзыла отырып құрылғаны және оның құрылтайшысы және директоры Т[...] серіктестіктің құрылғаны және мемлекеттік тіркеуден өткені туралы білмегені, заңды кәсіпкерлікпен айналысу ниетінің болмағандығы, осы серіктестікке ешқандай қатысы жоқ екендігі анықталғанына, сонымен қатар талап қоюшымен сотқа ұсынылған есіктерді сатып алу-сату шарттарында, шот-фактураны шығаруларда, кіріс чектердың барлығында Т[...] қол қойғандықтан, ал жоғарыда аталған соттың шешімімен Т[...] ЖШС-ке қатысы жоқ екені анықталғандықтан, талап қоюшының бұл дәлелдемелерін анық және жарамды деп таппай, жауапкермен қабылданған даулы хабарлама оның құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданған деп тауып, әкімшілік талап қою арызын қанағаттандырудан бас тартқан.

Апелляциялық саты бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымымен келісіп, шешімді өзгеріссіз қалдырған.

Алайда сот алқасы жергілікті соттардың көрсетілген тұжырымдарымен келесі негіздерде келісе алмайды.

Қазақстан Республикасы Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кодексінің (бұдан әрі – СК) 94-бабының 2-бөлігіне сәйкес, салық органдарында тіркеу есебіне қою және (немесе) осы Кодекстің 96-бабына сәйкес салықтық есептілікті ұсыну және (немесе) салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді төлеу арқылы салық органдары камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықтаған бұзушылықтарды салық төлеушіге дербес жою құқығын беру камералдық бақылаудың мақсаты болып табылады.

ӘРПК-нің 91-бабының 1-бөлігінде көрсетілгендей, әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен әкімшілік актіні қабылдауға байланысты емес әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы.

СК-нің 96-бабының 3-бөлігіне сай, салық төлеуші осы баптың 2- тармағының 2) тармақшасында көрсетілген түсінікті камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған мынадай:

  1. мыналар: жазып берілуі бойынша әрекетті (әрекеттерді) заңды күшіне енген сот актісімен немесе қылмыстық қудалау органының сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ақталмайтын негіздер бойынша тоқтату туралы қаулысымен жеке кәсіпкерлік субъектісі іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасаған (жасалған) деп танылған шот-фактураның және (немесе) өзге құжаттың негізінде;

заңды күшіне енген сот шешімің негізінде жарамсыз деп танылған мәмілелер бойынша сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шығыстарды шегерімге жатқызу және қосылған құн салығын есепке жатқызу кезіндегі;

  1. заңды күшіне енген сот шешімінде белгіленген, басшысының және (немесе) құрылтайшысының (қатысушысының) мұндай заңды тұлғаны тіркеуге (қайта тіркеуге) және (немесе) оның қаржылық-шаруашылық қызметін жүзеге асыруға қатысы жоқ салық төлеушімен іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жасалған операциялар бойынша корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шығыстарды шегерімге жатқызу кезіндегі;

  2. мыналар: заңды күшіне енген сот шешімі негізінде тіркелуі жарамсыз деп танылған заңды тұлғалармен және (немесе) дара кәсіпкерлермен жасалған мәмілелер (операциялар) бойынша; заңды күшіне енген сот шешімі негізінде қайта тіркелуі жарамсыз деп танылған заңды тұлғалармен жасалған мәмілелер (операциялар) бойынша сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша қосылған құн салығының сомасын есепке жатқызу кезіндегі бұзушылықтар бойынша ұсынуға құқылы емес.

Сонымен қатар СК-нің 96-бабының 5-бөлігіне сәйкес, камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға жоғары тұрған салық органына және (немесе) уәкілетті органға немесе сотқа шағым берілген кезде камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындау мерзімінің өтуі:

  1. жоғары тұрған салық органы және (немесе) уәкілетті орган шағымды қабылдаған күннен бастап – жоғары тұрған салық органының және (немесе) уәкілетті органның жазбаша шешімі шығарылғанға дейін;

  2. сот шағымды (өтінішті) іс жүргізуге қабылдаған күннен бастап – сот актісі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.

Бұл ретте, камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған, осы баптың 3-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны жіберу бойынша салық органдары лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) сотқа шағым берілген жағдайларда, салық төлеуші заңды күшіне енген сот шешімі негізінде тіркелуі (қайта тіркелуі) жарамсыз деп танылған заңды тұлғадан және (немесе) дара кәсіпкерден тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді іс жүзінде алғанын дәлелдеуге құқылы.

Алайда қаралып отырған дау бойынша сот өз кезегінде талап қоюшыға заңды күшіне енген сот шешімі негізінде тіркелуі (қайта тіркелуі) жарамсыз деп танылған заңды тұлғадан тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді іс жүзінде алғанын дәлелдейтін құжаттарын тексермеген, Серіктестік контрагент болып табылатын ЖШС-нің құрылтайшысы және директоры Т[...] іске тартып оның уәждерін тыңдамаған, тек 10 қараша 2020 жылғы сот шешіміне ғана сілтеме жасап талап қою арызын қанағаттандырудан бас тартқан.

ӘРПК-нің 16-бабына сай, әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады. Сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді. Судья әкімшілік істің нақты және (немесе) заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы. Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.

Көрсетілгендердің негізінде, жергілікті соттар өз кезегінде белсенді рөл қағидатын сақтамаған.

Қазақстан Республикасы ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігінің, АПК-тің 451-бабының екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 қаңтардағы қаулысының күші жойылсын.

Іс апелляциялық сатыдағы сотқа судьялардың басқа құрамымен жаңадан қарауға жіберілсін.

Талап қоюшы «Қанай» өндірістік кооперативінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов

Судьялар Е.Өмірәлиев

Г.Нұрбаев

Көшірмесі дұрыс Судья Г.Нұрбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.