ВС РК - Постановление от 30.07.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2864 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 30 шілде 6001-23-00-6ап/2864 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Ш.Т.Даниярова, Ғ.Ө.Әлжанов болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Саида Иристаевна Кульметованың жауапкерлер Шымкент қаласының әкіміне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, Шымкент қаласының жер комиссия мүшелерінің заң нормаларына қайшы келеді деген тұжырымын заңсыз деп тану туралы, комиссия хатшысының ұсыныс айту әрекетін заңсыз деп тану туралы, жер комиссия мүшелерінің қорытындысын алдын ала, күні бұрын дайындау әрекетін заңсыз деп тану, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2023 жылғы 24 қаңтардағы №24-06-01/500 санды «қала құрылыстық қорытындысындағы» Саида Иристаевна Кульметованың құрылыс салу құқығынсыз, қоршаусыз ақысыз автотұрақ ретінде қысқа мерзімді уақытша жер пайдалану құқығымен пайдалануға бекітіп беруді сұранған алаңы 0,0021 га жер учаскесін толығымен көпшілік пайдаланылатын көше ендігінде орналасқан деген мәлімдемесін заңсыз деп тану, 2023 жылғы 26 қаңтарында өткен кезекті жер комиссия отырысына тікелей қатыстырмау әрекетін заңсыз деп тану және хаттамалық шешімді заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде ұсынбау (жолдамау) әрекетін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 26 мамырдағы шешіміне және ұйғарымына, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 7 қыркүйектегі қаулысына және ұйғарымына талап қоюшы С.И.Кульметованың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 26 мамырдағы шешімімен С.И.Кульметованың талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.

Сонымен қатар, талап қоюшы соттан Шымкент қаласы Жер комиссиясының төрағасы М.П.Исахов пен комиссия мүшелерінің талап қоюшының талабын заң нормаларына қайшы келеді деген тұжырымын (әрекетін) заңсыз деп тануды, комиссия хатшысының ұсыныс айту әрекетін заңсыз деп тану туралы, жер комиссия мүшелерінің қорытындысын алдын ала, күні бұрын дайындау әрекетін заңсыз деп тану, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2023 жылғы 24 қаңтардағы №24-06-01/500 санды «қала құрылыстық қорытындысындағы» Саида Иристаевна Кульметованың құрылыс салу құқығынсыз, қоршаусыз ақысыз автотұрақ ретінде қысқа мерзімді уақытша жер пайдалану құқығымен пайдалануға бекітіп беруді сұранған алаңы 0,0021 га жер учаскесін толығымен көпшілік пайдаланылатын көше ендігінде орналасқан деген мәлімдемесін заңсыз деп тану сұраған.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 26 мамырдағы ұйғарымымен С.И.Кульметованың жоғарыда көрсетілген талап қоюлары қайтарылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 7 қыркүйектегі қаулысымен және ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың шешімі мен ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды толығымен қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Жауапкерлердің өкілдері істі қашықтықтан бейнеконференц байланыс арқылы қарау туралы сотқа өтініш келтірген.

Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалуына байланысты, сот жауапкерлердің өкілдерінің сот отырысына келмеуі туралы уәждерін дәлелді деп санамайды. Әкімшілік іс бойынша басқа тараптар сот отырысына себепсіз келмеген.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Істің мән-жайларына қарағанда Шымкент қаласының әкімдігінің (бұдан әрі – әкімдік) 2015 жылғы 19 қаңтардағы №61 қаулысымен С.И.Кульметоваға Шымкент қаласы, 16 шағын аудан, №14 үй, 33 пәтерде орналасқан, алаңы 0,0021 га жер учаскесіне дүкенге жапсырманы жобалау мен құрылысын салу үшін 10 жылға уақытша өтеулі жер пайдалану құқы ғы берілген. Жер учаскесінің кадастрлық нөмірі 19-309-027-908. Жер учаскесін пайдалану құқығы 2015 жылы 15 ақпанда тіркелген.

Талап қоюшы 2023 жылы 18 қаңтарда «Шымкент қаласы әкiмiнің аппараты» ММ-не кадастрлық №19-309-027-908 санды жер учаскесінің алдындағы мемлекеттік меншіктегі алаңы 0,0021 га жер учаскесін құрылыс салу құқығынсыз, қоршаусыз ақысыз автотұрақ ретінде қысқа мерзімді уақытша жер пайдалану құқығымен пайдалануға рұқсат беру туралы №KZ58RVX00662743 өтінішпен жүгінген.

Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесінің 2023 жылғы 24 қаңтардағы №24-0601/500 санды «қала құрылыстық қорытындысында «Шымкент қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 28 желтоқсандағы №1700 қаулысымен бекітілген «Рысқұлов және Сайрам көшелерінің» егжей – тегжейлі жоспарлау жобасына түзету енгізу жобасы бойынша, толығымен көпшілік пайдаланатын көше енділігінде орналасқаны көрсетілген.

2023 жылғы 26 қаңтардағы Шымкент қалалық жер комиссиясы №3/48 хаттамалық шешімімен талап қоюшының өтініші қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 6 ақпандағы №197 қаулысымен Жер комиссиясының қорытындысында көрсетілген негіздерде талап қоюшыға сұратылған жер учаскесін уақытша пайдалануға беруден бас тартылған.

2023 жылғы 26 қаңтардағы №3/48 хаттамалық шешімінде бас тартудың негіздері ретінде «Қазақстан Республикасы Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 1 бабы 35 және 36 тармақшаларында құрылыс салуды реттейтін сызық және қызыл сызықтар көрсетілген.

Қазақстан Республикасы Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы Заңының 12 бабының қызыл сызықтарды және құрылыс салуды реттеу сызықтарының талаптары сақталмаған. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 109 бабының 1 тармағына қайшы келеді» деген негіздер көрсетілген.

Талап қоюшы С.Кульметова сотқа берген әкімшілік талап қоюында жер комиссиясының 2023 жылғы 26 қаңтардағы №3/48 хаттамалық шешімін, әкімдіктің 2023 жылғы 6 ақпандағы № 197 қаулысының өзіне қатысты бөлігін заңсыз деп танып, күшін жоюды, кадастрлық нөмірі 19-309-027-908 жер учаскесінің алдындағы, алаңы 0,0021 га жер учаскесіне уақытша пайдалану құқығын беру туралы қолайлы шешім қабылдауды Шымкент қаласының әкіміне міндеттеуді сұраған.

Соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырып, іс бойынша төмендегі мән-жайларды негізді ескерген.

Іс құжаттарымен, сұратылған жер учаскесі Шымкент қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 7 желтоқсандағы №2262 қаулысымен бекітілген «Рысқұлов және Сайрам көшелерінің» егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бойынша толығымен «қызыл сызықта» орналасқан және 2023 жылғы 24 қаңтардағы №24-06-01/500 санды «қала құрылыстық қорытындысында «Шымкент қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 28 желтоқсандағы №1700 қаулысымен бекітілген «Рысқұлов және Сайрам көшелерінің» егжей – тегжейлі жоспарлау жобасына түзету енгізу жобасы бойынша, толығымен көпшілік пайдаланатын көше енділігінде орналасқан деген қорытынды берілген.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 43-бабына сәйкес, жер теліміне меншік құқығын табыстау қала әкімдігінің өз құзіреті шегінде жүзеге асырады, осы Кодекстің 43-бабының 2- тармағына сәйкес, жер учаскесін беру немесе жер учаскесін беруден бас тарту туралы шешім қаланың жергілікті атқарушы органдары жергілікті өкілді орган депутаттарының, қаланың уәкілетті органы, сондай-ақ тиісті әкімдіктердің сәулет және қала құрылысы істері жөніндегі құрылымдық бөлімшелері және жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілдерінің арасынан құратын комиссияның қорытындысы негізінде қабылданады.

Талап қоюшының сұрап отырған алаңы 0,0021 га жер учаскесі оның қызыл сызықтарды және құрылыс салуды реттеу сызықтарының талаптары сақталмағандығын ескеріп, жер комиссиясының 2023 жылы 26 қаңтардағы №3/48 хаттамалық шешім, Шымкент қаласының әкімдігінің 2023 жылғы 06 ақпандағы №197 қаулысы заңды қабылданған деген қорытындыға келді.

Сонымен қатар жергілікті соттардың талап қоюды қайтарғанда дау талап қоюшы мен жауапкер арасында жария-құқықтық қатынастардан туындамайды және әкімшілік акті болып табылмайды деген тұжырымы негізді болып табылады.

Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген. АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І: Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 26 мамырдағы шешімі және ұйғарымы, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 7 қыркүйектегі қаулысы және ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы С.И.Кульметованың келтірген кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С.Баймаханов

Судьялар

Ш.Даниярова

Ғ. Әлжанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.