ҚАУЛЫ
2023 жылғы 1 тамыз 6001-23-00-6ап/347 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Ш.Т. Даниярова болып,
талап қоюшының өкілі Т[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер «Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент) тексеру актісін және заң бұзушылықтарды жою жөніндегі нұсқаманы заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 2 қыркүйектегі шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюлармен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 2 қыркүйектегі шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, күшін жоюды сұраған.
Жауапкер өкілі және мүдделі тұлғалар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2021 жылғы 4 тамызда Басқарма мен «КАО[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі - Серіктестік) арасында халықты әлеуметтік жағынан осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалып, талап қоюшымен [...] пәтерлер сатып алынған.
2021 жылғы 23 желтоқсанда аталған пәтерлердің біреуі - Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Тұран шағын ауданы №[...] үйдің [...] пәтері (бұдан әрі – пәтер) Е[...] коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген.
2022 жылдың 25 ақпанында Департамент Е[...] шағымы негізінде тексеру жүргізіп оған берілген пәтер «Ғимараттар мен имараттарды халықтың қимылы шектеулі топтары үшін қолжетімділіктің есебімен жобалау» Ережелер жинағының (бұдан әрі – Ереже) талаптарына сай келмейтіні анықталған. Атап айтқанда: пандустың бойлық еңісі 5%-тен асқан; ені 1,2 метрден кем; ішкі есіктердің ені 0,9 метрден кем; есік табалдырықтарының биіктігі 0,014 метр биік; дәретханаға кіру есігінің ені 0,9 метрден кем; кабинаның көлемі сәйкес келмеген (мүгедектік арба симайды).
Басқарма мемлекеттік сатып алу кезінде сатып алынатын пәтерлердің техникалық ерекшіліктерінде Ереже талаптарын көрсетпей, пәтерлерді аталған кемшіліктерімен өз балансына қабылдаған.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ: Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 2 қыркүйектегі шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ғ. Әлжанов
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.