ВС РК - Постановление от 19.12.2023 по делу 6001-23-00-6ап/1390 (Административное)

№6001-23-00-6ап/1390

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 19 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев талап қоюшы А[...] және оның өкілі И[...], жауапкердің өкілі А[...] қатысуыларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «М[...]» шаруа қожалығының (бұдан әрі – ШҚ) басшысы А[...] жауапкерлер Семей қаласының әкімі мен Семей қаласы әкімдігінің жер комиссиясына жер комиссиясының хаттамалық шешімін заңсыз деп тану және күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 2 желтоқсандағы шешімі мен Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 сәуірдегі қаулысына мүдделі тұлға «Ә[...]» шаруа қожалығының өкілі Т[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда ол жер комиссиясының отырысы жер заңнамасын бұза отырып өткізілгенін көрсеткен.

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 2 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Семей қаласы әкімдігінің жер комиссиясының 2022 жылғы 7 қыркүйектегі 14 лот бойынша № 14 хаттамалық шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Мүдделі тұлға кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, шығарылған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

ӘРПК-ні Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Тараптардың сот отырысына техникалық байланыс арқылы қатысуға рұқсат беру туралы өтінішхаттары қанағаттандырусыз қалдырылады, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өтетіні туралы уақытылы хабарлама жолданған.

Сот алқасы тараптардың пікірлерін тыңдап, кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Іс материалдарын анықталғандай, Абай облысында ауыл шаруашылығы өндірісін, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурс № 14-1146,1660 га жайылымы бар Қараөлең ауылдық округіне карасты жер телімдері 14-лот конкурсының объектісі болып табылған.

№ 14 лот бойынша 3 өтінім түскен: «М[...]» ШҚ басшысы А[...], «А[...]» ШҚ басшысы А[...], «Р[...]» ШҚ Б[...].

2022 жылғы 7 қыркүйектегі жер комиссиясының № 14 хаттамалық шешімімен «А[...]» ШҚ басшысы А[...] жеңімпаз болып танылған.

Бұл шешіммен келіспей талап қоюшы сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырып, жер комиссиясының құрамында Қараөлең ауылдық округінің әкімі А[...] «А[...]» ШҚ басшысы А[...] туысқаны болғанын анықтаған.

Сондай-ақ, конкурсқа катысушылардың тапсырған құжаттарының негізділігін жете тексермегенін ескерген.

Соттардың талап қоюды қанағаттандыру негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні пікірде келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 2 желтоқсандағы шешімі мен Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға «Ә[...]» шаруа қожалығының өкілі Т[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.