КСАД РК - Постановление от 07.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/1491 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 7 қазан № 6003-25-00-4к/1491 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Ә.Ж. Назарова, судьялар – М.А.Касымов, Д.Н.Нурлыбаева болып,

жауапкер өкілдері А.М.Махашев, А.Т.Сулейменов,

мүдделі тұлғаның өкілі А.Б.Астаевтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Защита растений - К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкер «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті» мемлекеттік мекемесіне қойған

конкурстық комиссиясының 2025 жылғы 11 ақпандағы қорытындылары туралы хаттаманың №73225681-ОК1 лот бөлігін заңсыз деп танып, күшін жою; «АЗОШ» жеке кәсіпкерлігінің конкурстық өтінімін қабылдамауды; талап қоюшының конкурстық өтінімін қабылдау туралы талап қоюы бойынша қабылданған

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 мамырдағы қаулысына жауапкер мен мүдделі тұлға «АЗОШ» жеке кәсіпкердің кассациялық шағымдары бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы «Защита растений - К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Жауапкер «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті» мемлекеттік мекемесінің 2025 жылғы 11 ақпандағы №13509627-OK2 қорытындылары туралы хаттаманың №73225681-ОК1 лот бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған. Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Сот актімен келіспей, жауапкер мен мүдделі тұлға «АЗОШ» жеке кәсіпкер өздерінің кассациялық шағымдарында бірінші сатыдағы соттың шешімін және апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын толық жоюды, талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Кассациялық сатыдағы сот жауапкердің, мүдделі тұлғаның өкілдерінің түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын, шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі–АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2025 жылғы 11 ақпандағы № 13509627-OK2 қорытындысының хаттамасына сәйкес, конкурс жеңімпазы болып «АЗОШ» жеке кәсіпкер танылған.

Талап қоюды ішінара қанағаттандыра отырып, төменгі соттар жеңімпаз «АЗОШ» жеке кәсіпкер материалдық ресурстар бойынша дұрыс емес мәліметтер мен құжаттарды ұсынып, жеңімпаз ретінде заңсыз танылғанын көрсеткен.

Ал, талап қоюшы конкурстық өтінімімен бірге ұсынған Конкурстық құжаттаманың 6-қосымшасының талаптарына сәйкес, яғни Біліктілігі туралы мәліметтерінде тіркемелі бүрку құрылғыларына тарту құрылғысын (Тракторларға және т.б.) және оның техникалық паспортын көрсетпеген.

Кассациялық сот төменгі соттардың қорытындыларымен келіседі, ал жаупкер мен мүдделі тұлғаның үәждерін негізсіз деп табады.

Конкурстық комиссия (жауапкер) талап қоюшыны Қағидалардың 238тармағының 1), 2)-тармақшаларының талаптарына сай, конкурстық құжаттамада көрсетілген шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті материалдық ресурстарына ие болу бөлігінде біліктілік талаптарына сәйкес техникалық ерекшелікте талап етілетін құжаттарды ұсынбағанына байланысты конкурсқа қатысудан шеттеткен

Сәйкесінше, 2025 жылғы 11 ақпандағы конкурс қорытындысының №13509627-ОК2 хаттамасына сәйкес, «АЗОШ» жеке кәсіпкер А.Кадыркулов 17 880 088 теңге ұсыныммен Мемлекеттік сатып алу туралы Заңның 26бабының 2-тармағының талаптары негізінде конкурс жеңімпазы деп танылған.

Бірақ, сотпен конкурстан жеңімпаз атанған әлеуетті өнім беруші «АЗОШ» жеке кәсіпкер А.Кадыркуловтың конкурстық өтінімінде Конкурстық құжаттаманың 6-қосымшасында мемлекеттік тіркеу нөмірі X436ASD, AHDX758, AXDX367, AFD237X 4 данада ОПВ-2000 жер үсті желдеткіш бүріккіштер тіркемелерінің техникалық паспорттарын ұсынғанымен, дайындаушы зауыттың паспорты ретінде «Гварта-Агро» жауапкершілігі шектеулі қоғамының (Ресей Федерациясы) ОНВ-330 желдеткіш бүріккіштер жартылай тіркеменің техникалық паспортын тапсырғандығы анықталған.

Яғни, іс құжаттарына ОПВ-2000 жер үсті желдеткіш бүріккіштер тіркемесінің техникалық паспорттарын ұсынып, конкурсқа қаралған жұмыстарды осы техникамен атқаратынын көрсетіп, ал конкурстық құжаттаманың 15-қосымшасында талап етілген дайындаушы зауыттың паспорты ретінде басқа ОНВ-330 желдеткіш бүріккіштер жартылай тіркеменің техникалық паспортын тіркеген.

Аталған жағдайда, төменгі соттар әлеуетті өнім беруші «АЗОШ» ЖК А.Кадыркуловтың біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат ұсыну фактісін дұрыс анықтаған.

Сондықтан да, соттар «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 10бабы 1-тармағы 3) тармақшасына, яғни әлеуетті өнім беруші біліктілік талаптары бойынша анық емес ақпарат беру фактісі анықталғанда біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деп танылатыны жөніндегі қағидаттарға негізді сілтеме жасаған.

Одан бөлек, әкімшілік процестік іс жүргізу заңнама талаптарына сай, соттың белсенді ролін жүзеге асыру барысында, сотпен «АЗОШ» жеке кәсіпкер А.Кадыркуловтың конкурстық комиссияға өтінімімен ұсынған біліктілік талаптарына қатысты, мемлекеттік тіркеу нөмірі X277ADE «Беларусь 80.1» тракторының, сондай-ақ, мемлекеттік тіркеу нөмірі X436ASD, AHDX758, AXDX367, AFD237X 4 данада ОПВ-2000 жер үсті желдеткіш бүріккіштер тіркемелердің тіркелгені, олардың тіркеу техникалық паспорты жөнінде мәліметтер тіркеуші - уәкілетті органға сұраныс хаттар жолданған.

Өз кезегінде, «Түркістан облысының ауыл шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2025 жылғы 20 наурыздағы және 2025 жылғы 4 сәуірдегі жауап хаттарына, «Түлкібас ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2025 жылғы 28 наурыздағы және 2025 жылғы 3 сәуірдегі жауап хаттарына қарағанда жоғарыдағы техникалар мемлекеттік тіркеуден өтпеген. Сондай-ақ аталған техникалар жеке тұлға А.Исмагуловқа және «Жасулан» өндірістік кооперативіне тіркелмеген.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнайы органдарының ақпарат алмасу жүйесінің 2025 жылғы 31 наурыздағы бірегей идентификатор 6194d0a5-7c36-4667-864b-b932871440b0 мәліметіне сәйкес БСН:960640001921 «Жасулан» өндірістік кооперативі «Заңды тұлғалар» тіркеу жүйесінде жоқ екендігі анықталды. Аталған жағдайда, «АЗОШ» жеке кәсіпкер А.Кадыркуловпен Қағидалардың 238-тармағының 1)-тармақшасына сәйкес, біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпаратты және осы тармақтың 2)-тармақшасына сәйкес конкурстық өтінімде ұсынылған құжаттар бойынша дәйексіз мәліметтер ұсынғаны даусыз болып саналады және бұл мән жайларды төменгі соттар дұрыс анықтап құқықтық баға берген.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы АПК-де апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иелерінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер мен мүдделі тұлғаның кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Ә. Назарова

Судьялар

М.Касымов

Д.Нурлыбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.