ВС РК - Постановление от 16.05.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2785 (Административное)

№6001-24-00-6ап/2785

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 16 мамыр Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Г.К. Нурбаев, Ш.Т.Даниярова болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшылар Айгул Айдуллаевна Доскалиеваның, Нариман Кайржанович Жантуринның, Гульшат Сақтапбергеновна Тулешованың жауапкерлер Атырау қаласының әкіміне, Атырау облысының әкіміне, «Атырау қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесіне Атырау қаласының Жұлдыз шағын ауданына орталық кәріз, дренаж және нөсерлік жауын жүйелерінің құрылысына жобалау сметалық құжаттамасын жасауды міндеттеу, олардың құрылысына жергілікті бюджетпен қаражат бөлуін мәслихатқа ұсыныс жасауды міндеттеу және жүргізуді міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 мамырдағы шешімі мен, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 тамыздағы қаулысына талап қоюшылардың өкілі Л.Ж.Нурмагамбетованың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшылар жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 мамырдағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылусыз қалдырылған. Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 3 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 мамырдағы қаулысымен апелляциялық сот алқасы қаулысының күші жойылып, іс апелляциялық сот алқасына қайта қарауға жолданған.

Жаңа қарауда Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшылардың өкілі Л.Ж.Нурмагамбетова кассациялық шағымында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, бірінші сатыдағы соттың шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Жауапкерлерден істі олардың қатысуынсыз қарау туралы өтінішхаттар келіп түсті.

Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілген.

Іс материалдарынан анықталғандай, талап қоюшылар Атырау қаласы, Жұлдыз шағын ауданының тұрғындары.

Жұлдыз шағын ауданының 678 тұрғындары Атырау қаласының әкіміне 2021 жылдан бастап бірнеше рет жүгініп орталық кәріз жүйесін, көшелерге арық жүргізіп, халықтың жағдайын жасауды сұраған.

Бұл өтініштерге аталған мәселе бойынша ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен қаражат көзі қарастырылмағанын, бірақ аталған мекен жайға жобалау-сметалық құжаттамаларын жасақтауды қажет ететін нысандардың тізіміне енгізілгенін, жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталғаннан кейін және мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынған жағдайда, жергілікті бюджеттен қаражат көзінің бөлінуіне орай аталған мәселе шешілетіні жайлы жауаптар беріліп келген.

Бірақ тұрғындар әкімдіктің бұл міндеттемелері іс жүзінде бірнеше жылдар бойы орындалмағандықтан, жоғарыда көрсетілген талаптармен сотқа жүгінген. Талап қоюларын уәкілетті органдардың әрекетсіздігінен жауын және жер асты суының көтеріліп, салдарынан тұрғындардың үйлері құлап қалу қаупі туындап отырғандығымен негіздеген.

Соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім қабылдағанда қазіргі кезде жұмыстар жүргізіліп жатқанын, ол үшін бюджет есебінен қаражат бөлінуі және арнайы процедуралар сақталуы тиіс екенін негізге алған.

Сот алқасы жергілікті соттар істің мән-жайларын дұрыс анықтай тұра, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған деп есептейді. Бұл олқылық заңсыз сот актілерін қабылдауға әкеп соқтырған.

Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Атырау қаласы, Жұлдыз шағын ауданы жеке меншік секторына жатады. Осы мөлтек ауданынан әкімдік тарапынан кезінде жеке тұлғаларға жер учаскелері жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін берілген.

Жер учаскесіне құқық беру тәртiбi Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 43-бабымен реттеледі.

Осы нормаға сәйкес мемлекеттік меншіктегі жерден, сондай-ақ осы Кодекстің 48-бабына сәйкес сауда-саттыққа (аукциондарға) шығарылатын жерден жер учаскесіне құқық беру мынадай тәртіппен жүргiзiледi:

  1. жер учаскесiне тиiстi құқық беру туралы өтінішті (өтінімді) қарауға қабылдау;

  2. сұралып отырған жер учаскесін аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындау;

  3. елді мекен шегінде объектілер салуды қоспағанда, объектілер салу үшін жер учаскесі сұралған кезде жер учаскесін алдын ала таңдау;

  4. жер комиссиясының қорытынды дайындауы;

  5. жерге орналастыру жобасын әзiрлеу және бекiту;

  6. облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның жергiлiктi атқарушы органының және кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесiне құқық беру туралы шешiм қабылдауы;

  7. сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі

(өтеусіз) жер пайдалану шартын жасасу;

  1. жергілікті жердегi жер учаскесiнiң шекарасын белгiлеу;

  2. кент, ауыл шегінде объектілер салуға арналған жер учаскесін қоспағанда, жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындау және беру.

Кодекстің 44-2 бабының 3-бөлігіне сәйкес тұрғындарының есептік саны жиырма мың адамнан асатын елдi мекендердiң егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары немесе бас жоспарлары және тұрғындарының саны жиырма мың адамға дейінгі елді мекендердің егжей-тегжейлі жоспарымен біріктірілген бас жоспарлары (немесе тұрғындарының саны бес мың адамға дейiнгi елдi мекендердi дамытудың және құрылыс салудың оларды алмастыратын схемасы) болмаса, сондай-ақ инженерлік желілер болмаған кезде құрылыс үшiн жер учаскелерiн беруге тыйым салынады.

Алайда, жергілікті атқарушы органымен Атырау қаласындағы Жұлдыз мөлтек ауданындағы көшелер орталық кәріз жүйесі мен арықтармен қамтамасыз етілмеген, бірақ оған қарамастан адамдарға жер учаскелері табысталып кеткен.

Қазіргі таңда Жұлдыз ықшам ауданының 1,2,3 елді мекендерінің көшелерін су басқан. Бұл мән-жайды жауапкерлер сотта жоққа шығармады.

Осыған орай, Жұлдыз шағын ауданындағы жер учаскелері инжинерлік желілерсіз берілгендіктен, су басу салдарынан тұрғындардың үйлері зақымдалып отыр.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 31-бабының 1- тармағының 7)-тармақшасына сәйкес аудандық (облыстық маңызы бар қалалық) әкімдік Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) су құбырларын, тазарту құрылыстарын, жылу мен электр желiлерiн және басқа да көлiктiк және инженерлiк инфрақұрылымдар объектiлерiн, байланыс желілерін салуды және пайдалануды ұйымдастырады.

Сондықтан, Атырау қаласының әкімдігі өз қателігін түзету үшін Жұлдыз шағын ауданының көшелерін инженерлік желілерімен қамтамасыз етуге міндетті.

Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 75-бабына сәйкес, жергілікті бюджеттің жобасы мәслихаттың тұрақты комиссияларында және сессиясында қаралады. Жергілікті бюджеттен жүргізілетін жұмыс үшін қаражат көзі мәслихаттың тұрақты комиссияларында шешіледі. Жергілікті атқарушы орган ұсыныс енгізеді.

ӘРПК-тің 10-бабына сай әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді.

Бұл ретте, Атырау қаласының әкімдігі бұл мәселені шешу үшін қаражат бөлу мәселесі бойынша мәслихатқа тиісті ұсыныспен жүгінуге міндетті.

Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы дауланып отырған бірінші сатыдағы шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулының күшін жойып, талап қоюшылардың талап қоюы қанағаттандыруға жатады деп санайды.

Мемлекеттік кірістер органдары талап қоюшыларға сотқа жүгіну барысында және кассациялық шағым келтіргенде төленген 14 855 теңге көлемінде мемлекеттік баж салығын кері қайтаруы қажет (ӘРПК-нің 122 – бабы және АПК-нің 109 – бабы).

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 мамырдағы шешімі мен Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 тамыздағы қаулысының күші жойылсын.

Іс бойынша жаңа шешім қабылдансын.

Талап қоюшылар Айгул Айдуллаевна Доскалиеваның, Нариман Кайржанович Жантуринның, Гульшат Сақтапбергеновна Тулешованың талап қоюы қанағаттандырылсын.

Жауапкерлер Атырау қаласының әкіміне, Атырау облысының әкіміне, Атырау қаласының Жұлдыз шағын ауданында орталық кәріз, дренаж және нөсерлік жауын жүйелерінің құрылысына жобалау сметалық құжаттамасын жасауды, оның құрылысына жергілікті бюджетпен қаражат бөлуін мәслихатқа ұсыныс жасау міндеттелсін. Мемлекеттік кірістер органы Нариман Кайржанович Жантуринге, Гульшат Сақтапбергеновна Тулешоваға әрқайсына 3 105 (үш мың бір жүз бес) теңге және Айгул Айдуллаевна Доскалиеваға 8 645 (сегіз мың алты жүз қырық бес) теңге мемлекет пайдасына төлеген мемлекеттік баж салығын Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 108-бабының 4-бөлігіне сәйкес қайтарсын.

Талап қоюшылардың өкілі Л.Ж.Нурмагамбетованың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Г.К. Нурбаев Ш. Даниярова Ш. Даниярова

Көшірмесі дұрыс. Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.