ҚАУЛЫ
2026 жылғы 18 ақпан №6003-25-00-4к/2299 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші - судья Д.А. Әбдіғалиев, судьялар, М.А. Қасымов, - Г.М. Ыдырысова
талап қоюшының өкілі Н.М. Қасымбековтің,
жауапкерлердің өкілдері О.Ә. Изтайдың және С.А. Алсеиповтің
қатысуымен,
жауапкердің Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 25 ақпандағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 шілдедегі қаулысына келіп түскен кассациялық шағымы бойынша
«Шарапхана» өндірістік кооперативінің жауапкерлері Қазығұрт ауданының әкіміне, «Қазығұрт аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына қаулылар мен бұйрықтың күшін жою, әрекеттерді заңсыз деп тану туралы әкімшілік талап қоюы бойынша әкімшілік істі ашық сот отырысында қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы «Шарапхана» өндірістік кооперативі жоғарыда көрсетілген әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінді.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 25 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылды. Сот Қазығұрт ауданы әкімінің 2007 жылғы 4 сәуірдегі №142 қаулысын, Қазығұрт ауданы әкімінің 2024 жылғы 22 қазандағы №332 қаулысын, «Қазығұрт аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ-нің 2024 жылғы 31 қазандағы №14 бұйрығын, Мемлекеттік корпорацияның №332 қаулы мен №14 бұйрықты мемлекеттік тіркеу жөніндегі әрекеттерін заңсыз деп танып, олардың күшін жойды.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды.
Кассациялық шағымда жауапкер сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдауды сұрайды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ және тиісті түрде хабарланған мүдделі тұлғалар белгісіз себептермен кассациялық сатыдағы сот отырысына келмеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын тұлғалардың келмеуі, олар тиісті түрде хабарланған жағдайда, сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Іске қатысушыларды тыңдап, кассациялық шағымның уәждерін талқылап, іс материалдарын зерттеп, кассациялық сот мынаны анықтады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым беру тәртібі мен кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларымен айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтарға соттар жол бермеген.
Іс материалдары бойынша Қазығұрт ауданы әкімдігінің 2002 жылғы 23 қаңтардағы №32 қаулысына сәйкес 49 жыл мерзімге ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығымен «Шарапхана» өндірістік кооперативіне (бұдан әрі - Кооператив) Шарапхана ауылдық округінде жалпы алаңы 7 888,058 гектар жер учаскесі берілген, оның ішінде: егістік - 2 575,474 га, суармалы егістік - 44,194 га, шабындық - 781,536 га, жайылым - 4 517,082 га, өзге жерлер - 13,956 га.
Қазығұрт ауданы әкімдігінің 2004 жылғы 1 сәуірдегі №129 қаулысының негізінде Кооперативке берілген жер учаскесінің алаңы нақтыланған, 1 128,85 га жайылым жеріне 19-289-083-002 кадастрлық нөмірімен сәйкестендіру құжаты рәсімделіп, 2006 жылғы 20 наурызда мемлекеттік тіркеуден өткен.
Қазығұрт ауданы әкімдігінің «Жер учаскелерін ауданның арнайы жер қорына қайтару туралы» 2007 жылғы 4 сәуірдегі №142 қаулысымен аталған жер учаскесі ауданның арнайы жер қорына қайтарылған деп жарияланған. Алайда бұл қаулы мемлекеттік тіркеуден өтпеген және жер учаскесін иесіз мүлік ретінде есепке қоюдың тиісті рәсімі жүргізілмеген.
Бұдан кейін 2007 жылғы 26 сәуірдегі №175 қаулымен бұл жер учаскесі «Сіргелі-Нұржан» ЖШС-ға 1 жыл мерзімге берілген, ал 2008 жылғы 12 маусымдағы №323 қаулымен жалдау мерзімі 49 жылға өзгертілген. 2008 жылғы 4 тамызда Қазығұрт аудандық жер қатынастары бөлімі мен «СіргеліНұржан» ЖШС-ның арасында №295 жалдау шарты жасалған.
2023 жылы Түркістан облысы Жер ресурстарын басқару департаменті сотқа жүгініп, 1 жылға жалдау шарты жасалмағанын, серіктестік Кооператив мүшесі болмағанын, пай үлесі болмағанын, жер учаскесі заң талаптарын бұза отырып, заңсыз рәсімделген құжаттар негізінде берілгенін көрсетіп, әкім қаулыларын, жалдау шартын және сәйкестендіру актісін жарамсыз деп тануды сұраған.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 28 тамыздағы шешімімен Қазығұрт аудандық жер қатынастары бөлімі мен «Сіргелі-Нұржан» ЖШС-ның арасында жасалған 2008 жылғы 4 тамыздағы №295 жалдау шарты жарамсыз деп танылған. Көрсетілген шешім Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2023 жылғы 8 қарашадағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған. 2024 жылғы 1 сәуірде Кооператив пен Қазығұрт аудандық жер қатынастары бөлімінің арасында 19-289-083-002 кадастрлық нөмірімен жер учаскесіне қатысты №48/1 жалдау шарты жасалған.
Әкімнің 2024 жылғы 22 қазандағы №332 қаулысымен алаңы 1184,0 га, кадастрлық №19-289-083-002 жер учаскесі ауданның арнайы жер қорына енгізілген.
Жер қатынастары бөлімінің 2024 жылғы 31 қазандағы №14 бұйрығымен 2024 жылғы 1 сәуірдегі №48/1 жалдау шарты біржақты тәртіппен бұзылған.
2024 жылғы 2 желтоқсанда Мемлекеттік корпорация филиалының аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімі №332 қаулы мен №14 бұйрық негізінде Кооперативтің тіркелген құқықтарын тоқтатқан.
Кооператив сотқа жүгініп, жер пайдалану құқығынан нотариалды куәландырылған бас тарту болмағанын, учаске иесіз ретінде тіркелмегенін, коммуналдық меншік деп тану туралы талап қою берілмегенін, учаске иеліктен шықпағанын, шарт тек сот шешімімен ғана біржақты бұзылуы мүмкін екенін, алайда құқықтың сот актісінсіз тоқтатылғанын көрсетіп, актілер мен тіркеудің күшін жою туралы талаптарын нақтылаған.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талапты қанағаттандыру туралы шешім қабылдай отырып, Кооперативтің жер пайдалану құқығын тоқтату және жерді арнайы қорға қайтару тек Жер кодексінде көзделген негіздер болған жағдайда ғана мүмкін екенін негізге алған.
Бұл жағдайда соттар нотариалды бас тарту болмағанын, құқықтың тоқтатылуы мемлекеттік тіркеуден өтпегенін, құқықты тоқтату туралы сот актісі болмағанын, жалпы жиналыс хаттамасы кворумның және құзыретті шешімнің болғанын растамайтынын анықтаған.
Кассациялық сот төменгі саты соттарының қорытындыларымен келіседі. Кассациялық шағымда жауапкер Кооперативтің 2007 жылғы 12 наурыздағы №2 хатпен жер учаскесінен ерікті түрде бас тартқанын және талап қою мерзімін өткізіп алғанын көрсетеді.
ӘРПК-нің 136-бабына сәйкес ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіге дау айту мерзімі тұлға өз құқықтарының бұзылғанын білген немесе білуге тиіс болған кезден бастап есептеледі. Іс материалдарына сәйкес Кооператив №142 қаулы өзінің құқықтарын іске асыруға нақты кедергі келтіретінін тек 2024 жылы Қазығұрт ауданы әкімі аппаратының №ЗТ-2024-05533974 жауабынан білген. Сонымен сотқа жүгіну мерзімі өткізіп алынбаған.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (2007 жылғы редакциясы) 82бабының 3-тармағына сәйкес жер пайдалану құқығынан ерікті бас тартқан жағдайда жер учаскесін иесіз мүлік ретінде есепке қоюдың негізі жер пайдаланушының нотариалды куәландырылған жазбаша өтініші болып табылады. Іс материалдарын қарағанда, Кооперативтің жер учаскесінен бас тарту туралы 2007 жылғы 12 наурыздағы №2 хаты нотариалды куәландырылмаған. Демек ол Жер кодексінің 82-бабының 3-тармағының тәртібімен иесіз мүлік ретінде есепке қоюға тиісті құқықтық негіз бола алмайды.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 242-бабының 3- тармағына сәйкес иесіз жылжымайтын мүлік жергілікті атқарушы органның өтініші бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органда есепке алынады; есепке қойылған күннен бастап бір жыл өткен соң жергілікті атқарушы орган коммуналдық меншік құқығын тану туралы сотқа талап қоюға құқылы.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ 2024 жылғы 29 қазандағы жауабымен 19-289-083-002 кадастрлық нөмірлі жер учаскесі иесіз мүлік ретінде тіркелмегені расталған. Қазығұрт ауданының әкімдігі осы мүліктің мемлекеттік немесе коммуналдық меншікке өткенін тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінбеген. Демек Кооперативтің жер пайдалану құқығы заңда белгіленген тәртіппен тоқтатылмаған.
«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабына сәйкес жылжымайтын мүлікке құқықтардың туындауы, өзгеруі немесе тоқтатылуы мемлекеттік тіркеуге жатады және осындай тіркеу сәтінен бастап күшіне енеді. 2007 жылғы 4 сәуірдегі №142 қаулы мемлекеттік тіркеуден өтпеген, сондықтан Кооперативтің жер пайдалану құқығын заңды түрде тоқтатқан акт болып саналуы мүмкін емес.
Осылайша, жауапкерде жалдау шартын біржақты бұзуға құқықтық негіз болмаған, өйткені 2024 жылғы 1 сәуірдегі шарттың 13-тармағына сәйкес шарт тараптардың келісімімен немесе сот шешімімен ғана бұзылады.
Азаматтық кодекстің 401 және 404-баптарына сәйкес шартты біржақты бұзу заңда немесе шартта көзделген жағдайларда ғана жол беріледі.
Қаралып отырған жағдайда шарт бұзудың сот тәртібін тікелей көздейді, бұл оны әкімшілік актімен тоқтатуға мүмкіндік бермейді.
Кассациялық шағымның дәлелдері өзінің мазмұны, мәні және мақсаты бойынша бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірілген дәлелдермен бірдей. Осы дәллелдерді апелляциялық сатының соты қараған және оларға тиісті құқықтық баға берген. Кассациялық шағымда жаңа дәлелдер келтірілмеген.
Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталған, материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылған, сондықтан кассациялық сот дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ: Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 25 ақпандағы шешімінің және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 шілдедегі қаулысы осы іс бойынша күшінде қалдырылсын. Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Д. Әбдіғалиев
Судьялар М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.