Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 05.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/609 (Гражданское)

№6003-26-00-2к/609 іс

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 5 мамыр Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья А.К.Есдаулетов, судьялар Г.М.Даулеткалиева, Н.Б.Ормаханов болып,

талап қоюшы С[...], оның өкілі А[...],

жауапкер өкілі С[...] қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы, ашық сот отырысында Ақтау қаласының № 2 сотының 2025 жылғы 11 маусымдағы шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 тамыздағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен,

талап қоюшы С[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Маңғыстау облысы бойынша Департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне кезекті ақылы еңбек демалысын екі лауазымдық айлықақысы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төлене отырып беруге міндеттеу туралы электрондық азаматтық ісін қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

С[...] аталған талап қоюы Ақтау қаласының № 2 сотының 2025 жылғы 11 маусымдағы шешімімен қанағаттандырылып, «Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Маңғыстау облысы бойынша Департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Департамент, жұмыс беруші) оған 2025 - 2026 жылы аралығындағы кезекті ақылы еңбек демалысын екі лауазымдық айлықақысы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төлене отырып беруге міндеттелген.

Оған, соттың жұмыс берушімен жұмыскердің жыл сайынғы еңбек демалысын алу құқығы бұзылғаны және заңнамада лауазымдық айлықақысы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысының жылына екі рет төленуіне тыйым салынбағаны жөнінде тұжырымға келуі негіз болған.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 тамыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған. Жауапкер кассациялық шағымында, материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына, заңда сауықтыру жәрдемақысының күнтізбелік жылына бір рет төленуінің көзделуіне және оның жұмыскерге 2025 жылы төленгендіктен сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, тараптардың түсінігін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

Соттармен бұл істі қарауда Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі-АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылатын заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 24 - бабының 4 - тармағының талабы бойынша әркімнің тынығу құқығы бар. Еңбек шарты бойынша, жұмыс істейтіндерге заңмен белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндеріне, жыл сайынғы ақылы демалысқа кепілдік беріледі.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V Заңының 54-бабының 1- тармағына сәйкес мемлекеттiк қызметшiлерге екi лауазымдық айлықақысы мөлшерiнде сауықтыру жәрдемақысы төленiп, ұзақтығы күнтiзбелiк отыз күнді құрайтын жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысы берiледi.

Мемлекеттік қызметшілерге алғашқы және одан кейінгі жылдардағы жұмысы үшін жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында беріледі.

Тараптар арасында даудың туындауына негіз болған істің мәнжайлары шағым берілген сот актілерінде толық баяндалғандықтан, олар осы қаулыда қайталап көрсетуді қажет етпейді.

Анықталғаны, С[...] Департаментке 2008 жылғы 23 қазанда жұмысқа қабылданып, 2023 жылғы 25 сәуірден бастап Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соттың сот әкімшісі қызметін атқарған.

Департаментпен 2023 жылғы 24 қарашада келісілген қызметкерлердің демалыс кестесі бойынша С[...] 2024 жылғы сәуір айында берілуі тиіс болған еңбек демалысы, қызметтік қажеттілікке байланысты осы жылдың қыркүйек айына ауыстырылған.

С[...] 2024 жылғы 8 тамыздағы еңбек демалысын 2 қыркүйектен бастап беруді сұраған арызы, Департаментпен бас тарту себептерін көрсетусіз қанағаттандырусыз қалдырылған.

Яғни, жұмыс берушімен С[...] 2024 жылғы еңбек демалысы берілмеген.

Бұл жылғы еңбек демалысы, кейіннен Департаменттің 2025 жылғы 11 ақпандағы №52 бұйрығымен екі лауазымдық айлықақысы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төлене отырып 10 күнтізбелік күні берілген. Департаменттің 2025 жылға демалыс беру кестесі бойынша С[...] 2024 - 2025 жылдары кезеңіндегі жұмысы үшін берілетін еңбек демалысының мерзімі сәуір айына белгіленген.

С[...] 2025 жылғы кезекті еңбек демалысын 31 наурыздан бастап 5 сәуіріне дейін екі лауазымдық айлықақысы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысын төлей отырып беруді сұраған арызына, жұмыс берушімен оған 2025 жылғы еңбек демалысының берілмейтіндігі туралы хабарланған.

Осы мән-жайларға байланысты кассациялық соты, Департаменттің әрекетінен С[...] жыл сайынғы еңбек демалысын алу құқығы бұзылғаны туралы соттардың тұжырымдарымен келіседі.

Себебі, мемлекеттiк қызметшiлерге екi лауазымдық айлықақысы мөлшерiнде сауықтыру жәрдемақысы төленiп, ұзақтығы күнтiзбелiк отыз күнді құрайтын жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысының берiлуі заңда көзделген және тікелей тыйым салынбағандықтан, жұмыс берушінің бастамасымен жұмыскерге алдынғы жұмыс кезеңі үшін еңбек демалысының берілмеуі, оның бұл жәрдемақыны жыл сайын алу құқығының шектелуіне әкеп соқтырмауға тиіс.

2025 жылғы еңбек демалысы өз алдына дербес еңбек кезеңі үшін берілетін болғандықтан, қолданыстағы заңға сәйкес еңбек демалысын беру кезінде сауықтыру жәрдемақысын төлеу жұмыс берушінің міндеті болып табылады.

АПК-тің 6-бабының 5-бөлігінің талабы бойынша, егер заңда немесе дауласушы тараптардың келісімінде тиісті мәселелерді соттың шешуі көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын негізге ала отырып шешуге міндетті. Бұл тұрғыда соттармен шешім шығарған кезде дәлелдемелерге дұрыс баға беріліп, іс үшін маңызы бар мән-жайлар, тараптардың құқықтық қатынастары дұрыс анықталып, дауды шешуге тиісті заңдар қолданылып, талап қоюды қанағаттандыру туралы заңды және негізді шешім қабылданған.

Осыған орай, сот актілеріне өзгерістер енгізу не олардың күшін жоюға заңда көзделген негіздер болмағандықтан кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

Тараптардың екеуі де сот шығыстарын төлеуден босатылғандықтан, АПК-тің 117-бабының 3-бөлігінің талабына сәйкес іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар бюджет қаражаты есебіне жатқызылады.

Сондықтан бірінші сатыдағы сот шешімінің қарар бөлігінен жауапкерден мемлекет пайдасына 1966 теңге мемлекеттік бажды өндіру туралы тұжырымы алып тасталуға тиіс.

Сот шығыстарын бөлу туралы мәселенің дұрыс шешілмеуі сот шешімінің күшін жою немесе оны өзгерту үшін негіз болып табылмайды.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармағын басшылыққа алып, кассациялық сот

Ақтау қаласының № 2 сотының 2025 жылғы 11 маусымдағы шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 тамыздағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Кассациялық сатыдағы сот қаулысы ол жарияланған күнінен бастап заңды күшiне енедi.

Төрағалық етуші А.Есдаулетов

Судьялар Н.Ормаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.