6001-22-00-6ап/286
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 24 мамыр Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья С.Ү.Баймаханов, судьялар Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өміралиев болып, талап қоюшының өкілі Т[...], жауапкердің өкілі Ж[...], мүдделі тұлғалар: «Қостанай қаласы әкімдігінің «Қостанай жылу энергетикалық компаниясы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорның (әрі қарай – Энергетикалық компания) өкілі М[...],
«Электрондық қаржы орталығы» акционерлік қоғамының өкілі Е[...],
аудармашы М[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «КӨМЕК БОЛАШАҚ» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің (бұдан әрі – мүгедектер қоғамы) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Қазынашылық комитеті) бұйрықтың күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Мүгедектер қоғамы жауапкер Қазынашылық комитетінің Серіктестікті мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу туралы 2021 жылғы 11 тамыздағы № 114447-08-21 бұйрығының күшін жою жөнінде талап арызбен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 14 қазандағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, бұйрықтың күші жойылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысымен шешімнің күші жойылып, әкімшілік талап қою арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылғанын көрсетіп, апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Жауапкер кассациялық шағымға берген қарсылығында дауланып отырған сот актісін күшінде қалдыруды сұраған.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірлерін, мүдделі тұлғалар өкілдерінің түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда тапсырыс беруші Энергетикалық компания 2021 жылдың 23 сәуірінде «арнайы киім сатып алу» бойынша конкурс жариялаған.
Конкурстық комиссияның 2021 жылғы 8 маусымдағы қорытындысымен мүгедектер қоғамы жеңімпаз болып танылған.
2021 жылғы 5 тамызда тапсырыс беруші веб-портал арқылы жеңімпазға мемлекеттік сатып алу шартының жобасын қол қою үшін жолдаған.
Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 43-бабына, 44-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы қоса берілген хабарлама мемлекеттік сатып алу веб-порталына келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тапсырыс берушіге мемлекеттік сатып алу туралы қол қойылған шартты ұсынбаса немесе мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасып, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (ол болған кезде) енгізбесе, онда мұндай әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарды деп танылады.
Бұл жағдайда Заңның 12-бабының 5-тармағына сай мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі уәкілетті органның әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі негізінде қалыптастырылады.
Мүгедектер қоғамы үш жұмыс күні ішінде, яғни 2021 жылдың 5-11 тамызы аралығында, шартқа қол қоймаған деген негізбен Қазынашылық комитеттің 2021 жылғы 11 тамыздағы № 114447-08-21 бұйрығымен (бұдан әрі - бұйрық) мүгедектер қоғамы мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген.
Бірінші сатыдағы сот мүгедектер қоғамының мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуға жауапты тұлға Ш[...] 2021 жылдың 9-15 тамызы аралығында «COVID 19» инфекциялық ауруынан ем алғанын, шартқа қол қоюдан қасақана жалтармағандығы жөнінде қорытындыға келіп, талап арызды қанағаттандырған.
Сонымен қатар, мүгедектер қоғамы 100 ден астам адамды жұмыспен қамтушы болып табылатыны, оның ішінде көпшілігі мүгедектер екендігі де ескерілген.
Мұндай тұжырыммен келіспеген апелляциялық сатыдағы сот Ш[...] де, мүгедектер қоғамының төрағасы да шартқа қол қоюларына мүмкіншіліктері болғандығын көрсетіп, талапты қанағаттандырусыз қалдырған.
Апелляциялық сатыдағы соттың бұл тұжырымы қате жасалған және істің нақты мән-жайларына сәйкес келмейді.
Қазақстан Республикасының «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтанба туралы» Заңының 10-бабының 3 тармағына сәйкес заңды тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасының тіркеу куәлігін иеленуші – заңды тұлғаның басшысы немесе оны алмастыратын адам осы заңды тұлғаның жұмыскеріне немесе өзі тағайындаған адамға осы заңды тұлғаның атынан электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалануға өкілеттік беруге құқылы.
Ш[...] 2021 жылғы 30 маусымда мүгедектер қоғамы төрағасының №2106/30-03 бұйрығымен 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап коммерциялық бөлімге мемлекеттік сатып алушы ретінде жұмысқа алынып, 2021 жылғы 5 шілдедегі №2107/05-013 бұйрықпен оған мемлекеттік сатып алуға байланысты құжаттарға, электрондық шарттарға қол қою жүктелген.
Ш[...] «COVID 19» инфекциялық ауруына шалдығып 2021 жылдың 09-15 тамызы аралығында амбулаторлық емнен стационарлық ем қабылдауға ауруханаға жатқызылғаны медициналық құжаттармен дәлелденген.
Ал, қоғам басшысы Т[...] 2-топтағы мүгедек екендігі де істегі құжаттармен бекітілген. Оның мүгедектігі шартқа қол коюға кедергі болғаны туралы талап қоюшының уәжі апелляциялық сатыдағы сотпен теріске шығарылмаған.
«Электрондық қаржы орталығы» акционерлік қоғамының 2021 жылғы 16 қыркүйектегі мәліметіне сай талап қоюшының 2021 жылғы 29 шілде мен 10 тамыз аралығында мемлекеттік сатып алу порталына кірмегендігі анықталған.
Сонымен қатар, апелляциялық сот алқасы шартқа уақытылы қол қойылмауға тапсырыс берушінің өзінің де кінәлі екендігін ескермеген. Заңның 43-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сай тапсырыс беруші жеңімпазға мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасын конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттамаға шағымдану мерзімі өткен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жібереді. Осы Заңның 47-бабының 2-тармағына сәйкес бұндай шағымдар бес жұмыс күнінен кешіктірмей беріледі.
Тапсырыс беруші конкурстық комиссияның қорытындысы 2021 жылғы 8 маусымда қабылданса да және оның шағымданбағанына қарамастан, Заңда көзделген мерзімдерді бұзып, шарт жобасын мүгедектер қоғамына тек ғана 2021 жылғы 5 тамызда қол қою үшін жолдаған.
Осы дауды қарау кезінде қолданыста болған «Соттардың мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысының 6-тармақшасына сай тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтару негіздемесі бойынша әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қойылған кезде АПК-нің 65, 66-баптарына сәйкес, оған шарт жобасының тиісінше жіберілгеніне дәлел келтіруге (мысалы, шарт жобаларының жеткізілгені туралы пошталық хабарлама, өнім берушінің өзі қол қойып алғаны туралы қолхат) не орындалмау себептерін көрсетуге тиіс. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасын жіберу жөнінде өзіне жүктелген міндетті тапсырыс берушінің орындамауы, әлеуетті өнім берушіні шартты жасасудан жалтару негізі бойынша мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы арызды қанағаттандырудан бас тарту үшін негіз болып табылады.
Тапсырыс беруші әлеуетті өнім берушіге шарт жобасын Заңда көрсетілген мерзімде не себепті жодамағанын хабарламаған.
Сондықтан мүгедектер қоғамының мемлекеттік сатып алу қорытындысы қабылданғаннан кейін он жұмыс күні ішінде шартқа қол қоюға мүмкіншіліктері болғанын, бірақ Ш[...] науқастанған кезінде ол мәселені бақылау мүмкіндігі болмағаны туралы уәжі орынды болып табылады.
Бұл мән-жайлар мүгедектер қоғамының шартқа қол қоюдан жалтармағандығын бекітеді.
Сот алқасы ӘРПК-нің 2-тарауына сай әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттарының бірі мөлшерлестік қағидаты болып табылатынын назарға алады.
Талап қоюшының шартқа уақытылы қол қоймауының нәтижесінде тапсырыс берушіге елеулі зиян келтірілмеген. Мүгедектер қоғамының басшысы , жұмысшыларының көпшілігі де мүгедектер болып табылады.
Осы кодекстің 6-бабына сәйкес әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу осы тарауда баяндалған қағидаттар негізінде жүзеге асырылады.
Осы тарауда белгіленген әкімшілік рәсімдердің қағидаттары түпкілікті болып табылмайды және құқықтың басқа да қағидаттарын қолдануға кедергі болмайды. Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары, егер бұл осы тарауда баяндалған қағидаттарға қайшы келмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданылады. Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.
ӘРПК-нің 10-бабында әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді. Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс екендігі көзделген.
Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімі заңды, ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Істің бұл тұрғысында апелляциялық сот алқасы қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы сот шешімі күшінде қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысының күші жойылсын.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 14 қазандағы шешімі күшінде қалдырылсын.
«КӨМЕК БОЛАШАҚ» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Өміралиев
Көшірмесі дұрыс. Судья
С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.