6001-24-00-3ГП/265
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 2 шілде Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа төрағасы Н.Шәріпов,
судьялар Б.Ералиева, Ғ.Мырзаке,
талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің Абай облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент, Тапсырыс беруші) өкілі Ш[...] қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы Департаменттің жауапкер «ТЭС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – Серіктестік, Әлеуетті өнім беруші) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қою бойынша қабылданған
Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 22 ақпандағы ұйғарымын, Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28 наурыздағы ұйғарымын қайта қарау туралы Департаменттің өтінішхатымен келіп түскен талап қоюды және оған қоса тіркелген құжаттарды қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Департамент Серіктестікке жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 22 ақпандағы ұйғарымымен талап қою қабылдаудан бас тартылған.
Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28 наурыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Арызданушы өтінішхатында жергілікті соттармен қабылданған сот актілерімен келіспей, іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, дауланған сот актілерінің күшін жойып, істі жаңадан қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жіберуді сұраған.
Азаматтық істі қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған жауапкер сот отырысына өкілін жолдамады, бұл Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 445-бабының 3-бөлігіне сәйкес істі қарауға кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы талап қоюшы өкілінің өтінішхатты қолдаған түсінігін, өтінішхаттың уәждерін талқылап және құжаттарды зерделеп келесі тұжырымға келеді.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттар мұндай заң бұзушылықтарға жол берген.
Соттармен анықталғандай, 2023 жылғы 21 желтоқсанда Департамент ерекше тәртіпті қолдана отырып «Департаменттің қажеттілігі үшін электр энергиямен қамтамасыз ету қызметтері» туралы мемлекеттік сатып алу конкурсын жабық түрде өткізу барысында әлеуетті өнім беруші Серіктестік жалпы сомасы 237 610 989 теңге құрайтын №91 хаттама шешімімен бірінші лот бойынша конкурстың жеңімпазы болып айқындалған.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 43-бабының 4-7-тармақтарының талаптарына сәйкес хаттамалық шешім негізінде, электр энергиямен қамтамасыз ету туралы шарттың жобасы және шарт жобасына келісім жасасу немесе қараусыз қайтару бойынша тиісті шешім қабылдауын Департамент сұрау хаттарын 2024 жылғы 10 қаңтарда, 6 және 12 ақпанда Серіктестікке жолданған.
Серіктестіктен келісу немесе келіспеу туралы хабарлама келіп түспеген.
Департамент Серіктестіктің шартқа қол қоюдан бас тартуы шарт жасаудан жалтару деп көрсетіп, Әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар, талап қоюды қабылдаудан бас тартуын Тапсырыс берушінің мұндай талаптарымен мемлекеттiк сатып алу саласындағы уәкiлеттi органға жүгінуі қажет екендігімен тұжырымдаған.
Алайда мұндай тұжырымдарымен келісуге болмайды.
Талап қоюды қабылдаудан бас тарту құқықтық негіздер тізбесі АПК-нің 151-бабы 1-бөлігінің 1)-4) тармақшаларында көзделген. Бұл тізбе түпкілікті болып табылады және кеңейтілген талқылауға жатпайды.
Мұндай негіздер іс бойынша анықталмаған.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қаржы министрінің «Ерекше тәртіпті қолдана отырып, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» №686 бұйрығының 5-ші қосымшасының 52, 53 тармақтарында көзделгендей егер жеңімпаз деп танылған әлеуетті өнім беруші Заңда белгіленген мерзімде қол қойылған мемлекеттік сатып алу туралы шартты тапсырыс берушіге ұсынбаса немесе мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасып, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді
енгізбеген жағдайда, мұндай әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған болып танылады.
Мемлекеттік сатып алу жеңімпазы болып айқындалған әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған деп танылған жағдайда тапсырыс беруші:
-ол енгiзген конкурсқа қатысуға өтiнiмдi қамтамасыз етудi ұстап қалады және мұндай әлеуеттi өнiм берушiнi мемлекеттiк сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгiнедi.
«Соттардың мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғырғы Сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі №4 нормативтік қаулысының 12-тармағында түсіндірілгендей Заңның 43-бабының 4-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу жөніндегі талаптар Заңның 39-бабы 3- тармағының 4), 9), 17), 18), 20), 21), 23), 26), 31), 32), 35), 40), 41) тармақшаларында және 50-бабында көзделген жағдайларға қолданылмайды.
Соттар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1200 қаулысымен бекітілген Ерекше тәртіпті қолдана отырып, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларымен реттелетін мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурс негізінде туындайтын дауларды қарау кезінде сатып алу жалпы негізбен жүзеге асырылған даулардан болатын осы ерекшеліктерді ескергендері жөн.
Уәкілетті органның шешімі негізінде Заңның 12-бабы 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім берушілердің тізілімін қалыптастыру ерекше тәртіпті қолдана отырып, мемлекеттік сатып алу шеңберінде туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылмайды.
Мемлекеттік сатып алу веб-порталында ерекше тәртіпті қолдана отырып жүргізілген конкурс бойынша деректер қамтылмағандықтан, шарт жасасудан жалтарған кезде осындай әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюлар сот тәртібімен қаралады.
Сондықтан жергілікті соттардың Департамент мұндай талап қоюмен мемлекеттiк сатып алу саласындағы уәкiлеттi органға жүгінуі қажет деген тұжырымы заңға тікелей қарама қайшы және негізсіз болып табылады.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтінінішхатта көрсетілген уәждер мен мән-жайлар өз дәлелін тапты деп санайды. Бұл ретте жергілікті соттардың жіберген кемшіліктері елеулі болып табылады, өйткені олар Департаменттің сот арқылы қорғалуы жөніндегі конституциялық құқығының шектелуіне әкеп соққан.
Осыған орай процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанына байланысты, кассациялық сот алқасы жергілікті соттармен қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды мәні бойынша қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жіберу қажет деп санайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 22 ақпандағы ұйғарымының және Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28 наурыздағы ұйғарымының күші жойылсын.
Талап қою оған қоса тіркелген құжаттарымен бірге Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына басқа құрамда жаңадан қарауға жіберілсін.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің Абай облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Н. Шәріпов Б. Ералиева
Ғ. Мырзаке
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.