ҚАУЛЫ
2026 жылғы 12 ақпан № 6003-25-00-4к/2504 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Ә.Ж.Назарова,
судьялар – М.А.Қасымов, Д.Н.Нұрлыбаева болып,
прокурор А.Е.Кадылбековтың, талап қоюшы өкілі Г.Н.Сагдееваның қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы Министрлігінің жер ресурстарын басқару Комитеті Солтүстік Қазақстан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің
жауапкер Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданы Нежинка ауылдық округінің әкіміне шешімнің күшін жою туралы талабы бойынша қабылданған
Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 18 шілдедегі ұйғарымы мен Солтүстік Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы «Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы Министрлігінің жер ресурстарын басқару Комитеті Солтүстік Қазақстан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Департамент) сотқа жүгінген талабында Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданы Нежинка ауылдық округінің әкіміне шешімнің күшін жоюды сұраған. Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 18 шілдедегі ұйғарымымен талап қоюшының талабы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпауына байланысты қайтарылған.
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Сот актілерімен келіспей, талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерінің күшін жойып, әкімшілік талапты негізінен қарау үшін бірінші саты сотына жолдауды сұраған.
Кассациялық сатыдағы сот жауапкердің түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын, шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі–АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Департамент Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданы Нежинка ауылдық округінің әкімінің 2024 жылғы 17 қазандағы №37 шешімі заңсыз қабылданғанын көрсетіп, олардың күшін жою туралы мемлекет мүддесі үшін талап қоюмен сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар талап қоюды қайтарғанда, даудың жария-құқықтық қатынастардан туындамағанын, сондықтан әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтынын негізге алған.
ӘРПК-нің 5-бабында көрсетілгендей, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті - жария-құқықтық қатынастардағы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру болып табылады.
Осы Кодекстің 4-бабының бірінші бөлігі 33) тармақшасында келтірілген түсіндірмеге сәйкес талап қоюшы ретінде өзінің бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген адам не оның мүддесі үшін прокурор, Қазақстан Республикасының заңдарында осындай өкілеттік берілген өзге адам талап қоюды берген тұлға түсіндірілген.
Жария-құқықтық қатынастар құқық субъектілері арасындағы қатысушылардың бірінің билікті өкілеттерін басқаларға жүргізуіне байланысты туындайтын қатынастар болып табылады.
Осы тұрғыдан, тараптар арасындағы қатынастар жария-құқықтық болып табылмайды.
Одан бөлек, Департамент өзінің бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау үшін емес, мемлекет мүддесі үшін жүгінген.
Ал ӘРПК-нің 31-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, қоғам мен мемлекет мүдделерін қорғау үшін сотқа талап қоюмен әкімшілік іс жүргізуде прокурор ғана жүгінуге құқылы.
Сондықтан әкімшілік іс жүргізу шеңберінде Департаменттің әкім қаулыларын даулап талап қоюға құқығы жоқ.
Сондықтан соттардың талап қою арызын қайтаруы аталған заң нормаларына сай келеді.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 148-бабының бірінші тармағы 4) тармақшасында жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұзу салдарынан келтірілген залалды өтеу, мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан және игерілмеген не Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жүрген жер учаскелерiн мәжбүрлеп алып қою, жер учаскелерін беруге, нысаналы мақсатын өзгертуге, алып қоюға, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты құқыққа сыйымсыз шешімдердің күшін жою, сондай-ақ жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы берген нұсқамаларын осы нұсқама берілген тұлғалар нұсқамада көрсетілген мерзімде орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайларда оларды орындау және жеке тұлғалардан, лауазымды адамдар мен заңды тұлғалардан айыппұл өндіріп алу мәселелері бойынша сотқа талап қоюды дайындауға және беруге құқығы көзделген.
Осы заң талабына сәйкес жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын орган ретінде Департамент талабын азаматтық іс жүргізу тәртібімен қоюға құқылы.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Жоғарыда келтірілгендердің негізінде жергілікті соттардың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 18 шілдедегі ұйғарымы мен Солтүстік Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ә. Назарова
Судьялар
Д. Нұрлыбаева
М.Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.