КСАД РК - Постановление от 09.04.2026 по делу 6003-26-00-4к/71 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 9 сәуір 6003-26-00-4к/71 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында:

төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев

судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева

ашық сот отырысында талап қоюшы Тілеш Мұқтардың жауапкер Атырау облысы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы (бұдан әрі – ЖСО) Айболат Асетович Карабековтың 2025 жылғы 22 тамыздағы алимент бойынша берешекті анықтау туралы қаулысын заңсыз деп танып, бұзу, алимент берешегін заңға сәйкес қайта есептеуге міндеттеу туралы талабы бойынша қозғалған әкімшілік ісін,

Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 14 қазандағы шешіміне, Атырау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 желтоқсандағы қаулысына түскен жауапкердің кассациялық шағымын қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 14 қазандағы шешімімен Тілеш Мұқтардың талап қоюы қанағаттандырылған.

Атырау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер, өзінің кассациялық шағымында және оның қосымшасында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған, себебі жергілікті соттар материалдық және процессуалдық нормалардың елеулі бұзылуына жол берген, яғни іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін дұрыс анықтамаған және нақтыламаған.

Талап қоюшымен ұсынылған құжаттарға бұрын қабылданған қаулылармен баға берілгенін, атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы борышкердің міндетті зейнетақы жарналары тексергенін, тексеру барсында талап қоюшы сәуір, мамыр, маусым айларында міндетті зейнетақы жарнасы аударылғанын, ал шілде тамыз айларына аударылмағанын, сондықтан соңғы екі айға алимент мөлшелері жұмыссыздық бойынша орташа жалақы мөлшерінде есептелген, деген уәждері келтірген.

Іске қатысушылар сотқа келген жоқ, оның себебін хабарлаған жоқ. Жауапкер – сот орындаушысынан істі бейнеконференцбайланыс құралдарын пайдалану арқылы қарау туралы өтініш келіп түсті, алайда, ол қанағаттандыруға жатпайды, себебі Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот отырысы кассациялық сот ғимаратында тараптардың міндетті түрде жеке қатысуымен қарауға тағайындалған, бұл туралы процеске қатысушылар алдын ала хабардар етілген.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық сот, кассациялық шағым және оның толықтыруларының және оған қарсы пікірдің уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Осы істің мән-жайлары дауланып отырған сот актілерінде егжейтегжей баяндалған.

Іс құжаттарынан белгілі болғандай, 2017 жылғы 21 шілдедегі Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық сотының бұйрығы негізінде борышкер Мұқтар Тілештен өндіріп алушы Абай Нұргүлдің пайдасына ай сайын барлық табысынан ¼ бөлігін алимент ретінде, 2013 жылғы 23 ақпанда туылған Мұқтар Юсуп Тілешұлы атты баласына асырау үшін 19 шілде 2017 жылдан бастап кәмелетке толғанша алимент өндіру туралы 2024 жылғы 10 қазандағы №1406/24-23-6759 атқару өндірісі қозғалған.

2024 жылғы 11 қазанда жауапкермен алимент бойынша берешегін анықтау туралы қаулысына сәйкес, борышкердің 2021 жылғы 1 қазан – 2024 жылғы 1 қазан аралығындағы алимент берешегі 3 030 318 теңге көлемінде анықтаған.

Талап қоюшы 2024 жылғы 11 қазандағы жауапкердің қаулысымен келіспей сотқа талап қою арызымен жүгінген.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттының 2025 жылғы 7 сәуірдегі ұйғарымымен талап қоюшы мен жауапкер арасында медиация келісімі бекітілген. Медиациялық келісім бойынша:

  1. Жауапкер талап қоюшы Т.Мұқтардың алимент бойынша берешегін қайта есептеуге келісіп, осы келісімге қол қойған күннен бастап, 15 жұмыс күн ішінде алимент бойынша берешегін қайта есептеу туралы қаулы шығарады.

    1. Т.Мұқтар әкімшілік талаптан бас тартқан.
  2. Абай Нұргүл борышкердің алимент бойынша берешегін қайта

есептеуге келіскен.

Сот ұйғарымы 2025 жылғы 22 сәуірде заң күшіне еңген.

Жауапкер жоғарыда аталған сотының ұйғарымын орындау барысында, алимент бойынша берешегі 2021 жылғы қазан, қараша, желтоқсан айларында, 2022 жылғы 12 ай, 2023 жылғы 12 ай, 2024 жылғы қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр, шілде, тамыз, қыркүйек, қазан, қараша айларында жұмыссыз болған мерзімін көрсетіп, ал 2024 жылғы желтоқсан айында «К.Тогизбаев» ЖК қызмет атқарған, 2025 жылғы қаңтар, ақпан, наурыз айлары жұмыссыз болған мерзімін қайта есептеп, барлығы 3 415 281 теңгені құрады деп 2025 жылғы 25 сәуірде қаулы қабылдаған.

Талап қоюшы аталған қаулымен келіспей сотқа жүгінген.

Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 3 шілдедегі шешімімен талап қоюшының талап қоюы қанағаттандырылған. Жауапкердің алимент бойынша берешек сомасын анықтау туралы 2025 жылғы 25 сәуірдегі қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылып ол лимент берешегі қайта есептеуге міндеттелген.

Алайда, Атырау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылдың 12 тамыз қаулысына сәйкес, сот шешімнің күші жойылып, жаңа шешім қабылданған. Талап қоюшының, алимент бойынша берешек соммасын анықтау туралы жауапкердің 2025 жылғы 25 сәуірдегі қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою, алимент берешегін қайта есептеуге міндеттеу туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.

2025 жылғы 25 тамызда жауапкермен алимент берешегі есептеліп, ол 3 682 010 теңге көлемінде анықтаған.

Оның негізі ретінде 2025 жылғы 25 сәуірдегі қаулыға (2025 жылғы 12 тамыздағы сот алқасы қаулысымен күшінде қалдырылған) сәйкес берешек 3 415 281 теңге анықталғанын, ал 2025 жылғы сәуір айынан 22 тамызына дейін: сәуір, мамыр, маусым айларына – 75 000 (25 000 *3 айға) теңге (К.Т.Тогизбаев ЖК-да жұмыс жасауына байланысты жалақсынан 25%) шілде – 112 155 теңге (жұмыссыздық бойынша), тамыз айының 22 күніне – 79 574 теңге (жұмыссыздық бойынша) анықтаған. Барлығы 3 682 010 теңге.

Талап қоюшы 2025 жылдың 20 тамызында жауапкерге, алимент берешегін қайта есептеу үшін, 7 696 500 теңге аудару туралы банктік құжаттарды тіркей отырып тиісті арызбен жүгінген.

Талап қоюшының арызын қанағаттандыру мақсатында, 2025 жылғы 25 тамыз алимент берешегі жауапкермен есептеліп, ол 3 682 010 теңге көлемінде анықталған.

Т.Мұқтар жауапкердің қаулысымен келіспей, табысталған құжаттарға нақты баға берілмегенін және талап қоюшы шілде, тамыз айларында мүдделі тұлға, жеке кәсіпкер (бұдан әрі – ЖК) К.Т.Тогизбаевта жұмыс атқарғанын, алайда, жауапкер аталған айлар бойынша жұмыссыздық бойынша есептегенін көрсетіп, талаптарын нақтылап 2025 жылғы 25 тамызындағы қаулысын заңсыз деп танып, күшін жоюды, алимент берешегін қайта есептеуді міндеттеуді сұраған. Дауды шешу және талап қоюшының талап қою талаптарын қанағатандыру кезінде бірінші сатыдағы сот, алимент берешегін анықтаған кезде жауапкер талап қоюшы алатын нақты жалақыны негiзге алмай, алимент берешегін дұрыс анықтамай Заң талаптарын сақтамаған деп негіздеген.

Даулы қаулымен жауапкер ЖСО А.А.Карабековпен 2025 жылғы сәуір айынан бастап тамыз айына дейін алимент берешегі анықталған. Осыған дейін мерзім сотта дауланған және күшінде қалдырылған, ол туралы 2025 жылғы 25 сәуірде алимент берешегі туралы қаулысында айқындалған.

Атап атқанда, берешектің, есебі 2025 жылғы сәуір, мамыр, маусым айларына Т.Мұқтардың айы сайынғы жалақысынан, шілде-тамыз айларында Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы мөлшерiнен белгіленген.

ЖСО А.А.Карабеков 2025 жылғы шілде-тамыз айларына алименттік берешекті талап қоюшының жұмыссыз салдарынан есептелуін міндетті зейнетақы жарналарының түспеуімен негіздеген.

Бірінші сатыдағы сотпен, талап қоюшының жұмыс берушісі ЖК К.Т.Тогизбаев мүдделі тұлға ретінде тартылған, ол Т.Мұқтардың жұмыс жасағанын растайтын құжаттарды ұсынған. Жұмыс беруші К.Т.Тогизбаев талап қоюшы өзінің мекемесінде жұмыс атқарғаны туралы дәлелдеме ретінде жұмысқа қабылдау/шығару бұйрықтарын, өндіріп алушыға алимент сомасын аудару туралы түбіртек, міндетті зейнетақы төлеу туралы жарналарын, жалға алынған автокөлік құралының жұмыс уақытының табелін және атқарылған жұмысты қабылдау туралы актісін ұсынған.

Апелляциялық сот алқасы, бірінші сатыдағы соттың жоғарыда қорытындыларымен келісе отырып, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған.

Аталған жағдайда бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қоюды қанағаттандыру заңды және негізді деген тұжырымға келген.

ӘРПК-нің 7-бабының бірінші бөлігіне сәйкес (заңдылық қағидаты) әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 169- бабының 3 - тармағына сай, Кодекстің 139 - бабына сәйкес кәмелетке толмаған балаларға төленетін алимент бойынша берешектің мөлшерін алимент төлеуге міндетті адамның алимент өндіріп алынбаған кезеңдегі жалақысы мен өзге де кірісін негізге ала отырып, сот орындаушысы айқындайды. Егер алимент төлеуге міндетті адам осы кезеңде жұмыс істемеген болса немесе оның жалақысы мен өзге де кірісін растайтын құжаттар ұсынылмаса, ай сайынғы төлемдер және (немесе) алимент бойынша берешек сол берешекті өндіріп алу кезіндегі Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақының мөлшері негізге алына отырып айқындалады.

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 99- бабының 3 - тармағына сайкес, егер борышкер бұл кезеңде жұмыс icтeмeген немесе оның жалақысын және өзге де кірісін растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда, ай сайынғы төлемдер және (немесе) алимент бойынша берешек оны өндiрiп алу кезiнде Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы мөлшерi негізге ала отырып айқындалады.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандыра атқарушылық іс жүргізу барысында сот орындаушысы борышкердің 2025 жылғы шілде және тамыз айларындағы табыстарын дұрыс есептемеген, атап айтқанда, оның көрсетілген кезеңде жеке кәсіпкерде еңбек қызметін жүзеге асырғаны ескерілмеген деген тұжырымға дұрыс келген. Іс материалдарымен борышкердің аталған кезеңде нақты жұмыс істегені расталады. Бұл ретте зейнетақы аударымдарының болмауы борышкердің кінәсінен туындамаған, сондықтан бұл мән-жай оның табысын есепке алмауға негіз бола алмайды деп заңды негіздеген. Осыған байланысты, сот орындаушысының борышкердің табыстарын толық көлемде есепке алмауы заң талаптарына сәйкес келмейді, ал оның мұндай әрекеттерін заңсыз деп тану туралы, талап қоюды қанағаттандыру дұрыс болып табылады.

Кассациялық шағым беруші келтірген уәждер бұрын сот төмен тұрған сот сатыларында қаралып, мәні бойынша тексеріліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Сондықтан көрсетілген дәлелдерге қайтадан баға беру, немесе оларды басқаша бағалау үшін негіздер жоқ.

Сондықтан, іс бойынша қабылданған бірінші сатыдағы сот шешімінің, апелляциялық сот қаулысының күшін жоюға, сөйтіп жауапкердің кассациялық шағымын қанағаттандыруға себеп анықтамады. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 14 қазандағы шешімі, Атырау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер жеке сот орындаушысы Айболат Асетович Карабековтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Е. Нұралиев Судьялар Л. Кудекова

⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.