ВС РК - Постановление от 20.04.2022 по делу 6001-22-00-6КА/71 (Об административном правонарушении)

6кп-36/22

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 20 сәуір Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья А.Қ.Қыдырбаева, судьялар М.Т.Балкен, М.Т.Таймерденов, прокурор К[...],

әкімшілік жауапқа тартылған тұлға «НАР[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері О[...], А[...],

Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің өкілі Ш[...] қатысуларымен,

бейнеконференц байланыс жүйесі арқылы ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен «НАР[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 278-бабының 1- бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің (бұдан әрі – Департамент) 2020 жылғы 13 шілдедегі қаулысымен «НАР[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – ЖШС) ӘҚБтК-нің 278-бабының 1-бөлігімен 44 063 537 теңге әкімшілік айыппұл салынған.

Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысымен Департаменттінің қаулысы өзгертілген, айыппұл мөлшері азайтылған. Барлығы 39 118 290 теңге айыппұл салынып, шағым ішінара қанағаттандырылған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 8 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 2021 жылғы 8 шілдеде аталған істі Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы бойынша қарау нәтижесінде сот қаулыларының күшін жойып, істі бірінші сатыдағы соттың жаңадан қарауына жіберген.

Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2021 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысымен Департамент қаулысының күші жойылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған қаулыны қайта қарауды көрсетілген.

Іс құжаттарын зерделеп, прокурор К[...], Департамент өкілі Ш[...] ұсынуды қолдаған, «НР[...]» ЖШС-нің өкілдері О[...] пен А[...] ұсынуды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған пікірлерін тыңдап, ұсынудың уәждерін талқылап, сот алқасы сот қаулысының күші төмендегі мәнжайлардың негізінде жойылуға жатады деген тұжырымға келді. ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.

Осы іс бойынша шығарылған қаулыны қайта қарау үшін негіз бар.

Іс құжаттарына сәйкес Департаментпен жүргізілген тексеру нәтижесінде ЖШС-нің салық есептіліктерінде салық төлемдерін кемітіп, көрсеткені анықталған. Ол бойынша хабарлама шығарылып, корпоративтік табыс салығы – 47 210 522 теңге, қосылған құн салығы – 62 059 577 теңге, қоршаған ортаға эмиссия үшін – 34 463 теңге, көлік құралдарына төленетін салығы бойынша 36 132 теңге есептелінген.

Осыған орай, салық төлемдерін кемітіп көрсетуіне байланысты ЖШС-нің әрекеті ӘҚБтК-нің 278-бабының 1-бөлігімен сараланып, хаттама толтырылып, Департаментпен 44 063 537 теңге айыппұл салынған. Сот қаулысымен айыппұл соммасы 39 18 290 теңгеге дейін төмендетілген.

Алайда Департаменттің 2020 жылғы 9 маусымдағы салықтық тексеру туралы актісі рәсімделгенге дейін, 2020 жылғы 18 ақпандағы 01.04.2019-30.06.2019 жылдың аралығында камералдық бақылау нәтижесімен 31 020 558 теңге анықталған.

Сондықтан 2020 жылғы 18 ақпанда камералдық бақылау нәтижелерімен Департаментпен анықталған бұзушылықтарды жою туралы ЖШС-ке хабарлама берген. Ол хабарламаға сай ЖШС бюджетке 31 020 558 теңге төлеу қажет болған. Департаментпен бұзушылықтарды жоюға 30 жұмыс күні уақыт белгіленген. Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы осы іс бойынша шығарылған сот актілерінің күшін жойып, істі жаңадан сот қарауына жіберген кезде ӘҚБтК-нің 783-бабына сәйкес іс бойынша барлық дәлелдемелерді толық, жан-жақты, объективті тексеру, қажет болған жағдайда тиісті мамандарды қатыстыру қажеттілігі туралы көрсеткен.

Алайда бірінші сатыдағы сот істі жаңадан қараған кезде Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысын орындамаған және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығара отырып, аталған шешімді қабылдаудың негіздерін келтірмеген. Бірінші сатыдағы сот Департаменттің жоғарыда көрсеткен хабарламасының күші бар-жоғын анықтамаған және қандай себептермен ЖШС-гі анықталған салық сомасын белгіленген мерзімде төлей алмағанын тексермеген.

Істің қаралуы Серіктестік пен Департамент өкілдерінің және прокурордың қатысуымен жүзеге асырылғанына қарамастан, бірінші сатыдағы сот ӘҚБтК-нің 829-10-бабы 1-бөлігінің 9) тармақшасын бұзып, аталған тұлғалардың түсiнiктемелерiн, прокурордың қорытындысын тыңдамай, дәлелдемелерді зерттемеген. Сот отырысының дыбыс-, бейнежазбасын зерттеу барысында істің қаралу ұзақтығы 4 минутты құрағаны анықталған.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша шығарылған

қаулы заңды және негізделген болуға тиіс.

«Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі іс бойынша соттың қаулысы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 5 нормативтік қаулысының 25-тармағына сәйкес іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы ӘҚБтК-нің 741, 742баптарында көзделген жағдайларда шығарылады.

Істі тоқтату туралы қаулының сипаттау-уәждеу бөлігінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада көрсетілген құқық бұзушылықтың мән-жайлары мен істі тоқтатуға негіз болған мән-жайлар жазылады.

Қаулының қарар бөлігінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігінің нормасымен және әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы соттың шешімімен қатар, мұндай шешімді қабылдау негізі көрсетіледі.

Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2021 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысында аталған талаптар сақталмай, өрескел заң бұзушылыққа жол берілген.

Қаулының сипаттау-уәждеу бөлігінде оның қарар бөлігінде сот Департаменттің қаулысының күшін жоюға қандай негіздер болғанын келтірмеген.

Осыған орай бірінші сатыдағы сотпен қабылданған қаулының күшін жойылып, іс жаңадан сот қарауына жолдануға жатады.

Істі жаңадан қарау барысында сот жоғарыда көрсетілген кемшіліктер мен заң бұзушылықтарды ескере отырып, іс бойынша барлық дәлелдемелерді толық, жан-жақты, объективті тексеріп, қажет болған жағдайда тиісті мамандарды тартып, анықталған мәнжайларға баға беріп, заңға негізделген шешім қабылдауы қажет.

Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 840-бабының 1) тармағын, 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы,

ҚАУЛЫ ЕТТІ :

Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 278-бабының 1-бөлігі бойынша «НАР[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2021 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысының күшін жойылып, іс жаңадан сот қарауына бірінші сатыдағы сотқа жолдансын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

А. Қыдырбаева

Төрағалық етуші

Судьялар:

М. Балкен

М. Таймерденов

Көшірмесі дұрыс М.Таймерденов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.