6001-23-00-6ап/1125
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 19 қазан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Н.Ү.Қайыпжан, судьялар - Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып, прокурор Ж[...],
жауапкердің өкілдері К[...], Д[...], Н[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Ж[...] жауапкер «Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Кербұлақ ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - РММ, Басқарма) қойған 2022 жылғы 21 маусымдағы №20000033868 хабарламасын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 30 қарашадағы шешіміне, Жетісу облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 наурыздағы қаулысына жауапкер келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа жауапкердің 2022 жылғы 21 маусымдағы №20000033868 хабарламасын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюмен жүгінген.
Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 30 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Басқарманың 2022 жылғы 21 маусымдағы №20000033868 хабарламасы заңсыз деп танылып, күші жойылған. Жетісу облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 наурыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Тиісті түрде хабарланған талап қоюшы кассациялық сатының сот отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді. Тараптардың түсіндірмелерін және прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, сот алқасы келесі қорытындыға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Соттармен анықталғандай, талап қоюшы Ж[...] 1951 жылғы 15 шілдеде туылған, зейнеткер.
2019 жылдың 22 маусымынан бастап автокөлік маркасы «Lincoln Town CAR», мемлекеттік тіркеу нөмірі «[...]» (бұдан әрі - автокөлік), Ж[...] меншігінде тіркелген.
Талап қоюшы Ж[...] Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 5 мамырдағы Жарлығымен «Күміс алқа» алқасымен марапатталған. Осыған байланысты аталған автокөлікті тіркеуге қойған кезден бастап Ж[...] кірістер басқармасымен автокөлікке төленетін салықтан босатылған болатын.
2022 жылдың 21 маусымында талап қоюшы Ж[...] 2019-2021 жылдар аралығында 816 374 теңге салықтық қарызы жөнінде Басқармамен №[...] хабарлама (бұдан әрі - хабарлама) берілген. Басқарманың хабарламасына сай, талап қоюшы Ж[...] 2019-2021 жылдар аралығында автокөлік бойынша салық қарызы бар екендігі көрсетілген.
Ж[...] 2022 жылғы 28 маусым күні жазған өтінішіне салық басқармасы «лимузин» автокөлігінің «жеңіл» автокөліктер қатарына енгендігі және осыған байланысты салықтан босатылмайтындығын және қарызы 2019-2021 жылдар аралығында есептелгендігі жөнінде салық органнан тиісті жауап алған.
Дауды шешіп, талап қоюды қанағаттандыра отырып, жергілікті соттар Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық Кодексі) Кодексінің (бұдан әрі - Салық кодексі) 490-бабы мен 492-бабы 4-тармағының ережелерін қолдана отырып, уәкілетті органның (жол полициясының) мәліметтерін ескере отырып, талап қоюшының көлік құралына салықты жеңіл автомобильдерге қолданылатын мөлшерлеме бойынша есептеу жөніндегі Басқарманың әрекеттерінің заңсыздығы туралы дұрыс қорытындыға келген.
Салық кодексінің 490-бабының 1-тармағымен, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, меншік құқығында салық салу объектілері бар жеке тұлғалар және меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында салық салу объектілері бар заңды тұлғалар көлік құралдары салығын төлеушілер болып табылатындығы бекітілген.
Салық кодексінің 492-бабының 4-тармағымен Салық кодекстің мақсаттары үшiн:
- жеңiл автомобильдерге:
егер осы тармақтың 2) тармақшасында өзгеше белгiленбесе, В санатындағы (ВЕ, В1-ді қоса алғанда) автомобильдер;
жүкке арналған платформасы және жүк бөлiгiнен қатты стационарлық қабырғамен бөлiнген жүргiзушi кабинасы бар жеңiл автомобиль шассиiндегi моторлы көлiк құралдары (пикап автомобильдер); рұқсат етiлген ең жоғары массасы және (немесе) жолаушылар орындарының саны бойынша В санатына (ВЕ-ні қоса алғанда) қойылатын талаптардан асып кететін, сыйымдылығы ұлғайтылған және жүрiп өту мүмкiндiгi жоғары автомобильдер (жолсыз жермен де жүретiн автомобильдер, оның iшiнде джиптер, сондай-ақ кроссоверлер мен лимузиндер) жатады;
- жүк автомобильдерiне:
егер осы тармақтың 1) тармақшасында өзгеше белгiленбесе, С санатындағы (СЕ, С1Е, С1-ді қоса алғанда) автомобильдер;
автомобиль шассиіне орнатылатын қатты жабық шанағы немесе вагон үлгісіндегі шанағы бар, өнеркәсіптік, азық-түлік және ауыл шаруашылығы жүктерін тасымалдауға арналған, шанақтың ішінде жүкті жинауға және бекітуге арналған құрылғылармен жабдықталған жүк бөлігін бөлетін қалқасы бар В санатындағы мамандандырылған жүк автомобильдері (автомобиль-фургондар);
борттық платформасы бар жалпы мақсатқа арналған В санатындағы жүк автомобильдері (пикап автомобильдерді қоспағанда) жатады;
- егер осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында өзгеше белгiленбесе, арнайы автомобильдерге белгiлi бiр технологиялық процестердi немесе операцияларды орындауға арналған арнайы жабдығы бар автомобильдер жатады; 4) егер осы тармақтың 1) тармақшасында өзгеше белгiленбесе, автобустарға D санатындағы (DЕ, D1Е, D1-ді қоса алғанда) автомобильдер жатады.
Көлік құралының тіркеу куәлігіне, жол полициясының мәліметтеріне, сотқа ұсынған 2022 жылғы 14 қарашадағы маманның қорытындысына сәйкес талап қоюшының автокөлігі «D1/M2» санатына (категориясына) жатады, яғни ол жеңіл көлік санатына жатпайды.
Сот алқасы жергілікті соттардың қорытындыларымен келіседі, өйткені тіркеу туралы деректері бойынша автокөлік «D1/М2» санатына (категориясына) жатқызылған.
Сондықтан, жергілікті соттардың жауапкердің хабарламасын заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы қорытындылары дұрыс.
Сот алқасы дауланып отырған сот актілерінің күштерін жоюға не өзгертуге дәлелді негіздер жоқ деп санайды.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 30 қарашадағы шешімі, Жетісу облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер «Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Кербұлақ ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Н. Қайыпжан
Ж. Ермагамбетова
Судьялар
Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.