ВС РК - Постановление от 13.12.2022 по делу 6001-22-00-6ап/960 (Административное)

6001-22-00-6ап/960

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 13 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Н.Ү. Қайыпжан, Г.К. Нұрбаев,

талап қоюшы өкілі К[...],

жауапкерлер өкілдері: Батыс Қазақстан облысы, [...] әкімі Т[...], «Казталов ауданы жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің А[...],

мүдделі тұлғалардың өкілдері: М[...] және А[...] – Н[...], «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының – Ж[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Д[...] жауапкерлер Батыс Қазақстан облысы, [...] әкіміне, Батыс Қазақстан облысы «Казталов ауданы жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, нотариус Р[...] 2010 жылғы 19 сәуірдегі № 97 қаулысын, 2016 жылғы 11 тамыздағы №249 қаулысын, аудан бойынша рәсімделген жылжымайтын мүлікті жария етуді жүргізу жөніндегі комиссиясының 2007 жылғы 2 наурыздағы № 5225 шешімін заңсыз деп тану, 2016 жылғы 16 қарашадағы сатып алу-сату шартын бұзу, № [...] кадастрлік нөмірімен 0,1200 га, № 08-[...] кадастрлік нөмірімен 0,075 га жер учаскесіне берілген актілердің мемлекеттік тіркеуін жою туралы әкімшілік ісі бойынша,

Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 сәуірдегі ұйғарымына мүдделі тұлға өкілінің берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап коюшы Д[...] жауапкер Батыс Қазақстан облысы, [...] әкіміне, Батыс Қазақстан облысы «Казталов ауданы жер қатынастар бөлімі» ММ-не, нотариус Р[...] жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 2 наурыздағы ұйғарымымен әкімшілік талап қою арызы кері қайтарылған.

Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 сәуірдегі ұйғарымымен сот ұйғарымы өзгертілген. Талап қоюдың Казталов ауданы әкімінің мүлікті заңдастыру жөніндегі комиссияның 2007 жылғы 2 наурыздағы № 5225 шешіміне, Казталов ауданының әкімінің 2016 жылғы 11 тамыздағы № 249, 2010 жылғы 19 сәуірдегі № 97 қаулыларына дау айту туралы бөлігінде бұзылып, іс осы бөлігінде бірінші саты сотына қайтадан қарау үшін жолданған. Ұйғарымның қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Мүдделі тұлға М[...] өкілі Н[...] кассациялық шағымында апелляциялық саты сотының іс бойынша қабылдаған сот актісін заңсыз деп танып күшін жоюды сұраған.

Мүдделі тұлға өкілі Н[...] кассациялық шағымның уәждерін қолдаған түсінігін, талап қоюшы өкілі К[...] апелляциялық сатының сот актісі заңды негізде қабылданғанын көрсетіп, өзгеріссіз қалдыруды сұраған уәжін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актісі күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларымен айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5-тармағына сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс материалдарынан анықталғандай, Д[...] аталған талап қою арызымен сотқа жүгініп, Казталов ауданының әкімінің 1997 жылғы 28 қаңтардағы № 16 қаулысымен «С[...]» ШҚ-на жайылымдық жерлер бөлінгенін, 2019 жылғы 22 қыркүйектегі №223 қаулымен шаруа қожалығына 1027 га жер 49 жылға жалға берілгенін, жер учаскесінің ішінде А[...] 2016 жылғы 16 қарашадағы №774 шарт бойынша М[...] сатып алған тұрғын үйі орналасқанын, соңғымен үй [...] жылғы 2 наурызда №5225 мүлікті заңдастыру туралы комиссия шешімімен алғанын және оған Казталов ауданының 2010 жылғы 19 сәуірдегі № 97, 2016 жылғы 11 тамыздағы № 249 қаулыларымен 0,075 га және 0, 12 га жер учаскелері берілгенін көрсетіп, аталған әкімшілік актілерді, шартты, кадастрлық нөмірі [...], 08-119-021-17 жер учаскелерін тіркеуді заңсыз деп деп тануды сұраған. Бірінші сатыдағы сот талап қою арызын қайтарып, оны талап қоюшы талап қою мерзімін өткізіп алғанымен және талаптың бір бөлігінде іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтындығымен негіздеген.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың мұндай тұжырымымен бір бөлігінде келесідей негіздер бойынша келіспеген.

Анықталғандай, талап қоюшы 2021 жылғы 25 желтоқсандағы хатында дауланып отырған қаулыларға сілтеме жасаған. Аудан әкімінің орынбасарының 2022 жылғы 14 қаңтардағы жауабында әкімшілік актілерді жоюға негіз жоқ деп көрсетілген.

Яғни, талап қоюшының Казталов ауданының әкіміне жазбаша түрде комиссияның шешімін бұзу туралы жүгінуі, талап қоюшының 2021 жылдың желтоқсанында өз құқықтарының бұзылуы туралы білгенін көрсетеді.

Бұған қоса, жауапкерлермен талап қоюшыға шешім туралы 2021 жылдың желтоқсан айына дейін белгілі болғаны жөнінде дәлелдемелер ұсынылмаған.

Сондықтан Д[...] мүлікті заңдастыру туралы шешімге дау айту мерзімі өткізіліп алынбаған.

Демек, апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың қаулыларды даулау туралы талап қоюды қайтаруға құқықтық негіздері болмады деген тұжырымы дұрыс.

АПК-нің 294 бабының 1 бөлігіне сәйкес (даулы құқықтық қарым-қатынас уақытында қолданыста болған) азамат өзінің құқықтары мен бостандықтарының, заңды мүдделерінің бұзылуы туралы білген күннен баста үш ай мерзім ішінде сотқа жүгінуге құқылы.

ӘРПК-нің 136 бабының 1,2 бөліктерінде көзделген мерзім әкімшілік актілер Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін қабылданғандықтан қолданылуға жатпайды.

Бұдан бөлек, мүдделі тұлғалар М[...] пен А[...] өкілдерінің талап қоюшы 2017 жылы жер учаскесінде орналасқан құрылыстарды бұзу туралы жолыққан кезден белгілі болды деген уәждері негізсіз.

Сондықтан, сотпен жер учаскелеріне актілерді мемлекеттік тіркеуден жою туралы талап қою да заңсыз кері қайтарылған. Сотпен кері қайтару негізделмеген, ал іс материалдарынан жер учаскесінің тіркелгендігі талап қоюшыға белгілі болмағаны анықталған.

Бұған қоса, талап қоюшыға жер учаскесіне мемлекеттік актілердің тіркелгені туралы белгілі болғанын растайтын құжаттар сотқа ұсынылмаған.

Демек, апелляциялық сатыдағы соттың, 2010 жылғы 19 сәуірдегі № 97 қаулысын, 2016 жылғы 11 тамыздағы № 249 қаулысын, аудан бойынша рәсімделген жылжымайтын мүлікті жария етуді жүргізу жөніндегі комиссиясының 2007 жылы 2 наурыздағы №5225 шешімін заңсыз деп тану, 2016 жылғы 16 қарашадағы сатып алу-сату шартын бұзу, № 08-119-021—227 кадастрлік нөмірімен 0, 1200 га, № 08-[...] кадастрлік нөмірімен 0, 075 га, жер учаскесіне берілген актілерді мемлекеттік тіркеуден жою туралы бөлігінде бұзылып, бірінші саты сотына қайта қарауға жіберілуге жатады деген тұжырымы негізді.

Сонымен қатар, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың талап қоюшының 2016 жылғы 11 тамыздағы М[...] пен А[...] арасындағы сатып алу-сату шартын бұзу туралы талабы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды деген тұжырымдары дұрыс.

ӘРПК 138 бабының 2 бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес егер іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Сот алқасы апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдарымен келіседі.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, алқа апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымы заңды және негізді қабылданған деп санайды, сондықтан мүдделі тұлға өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдыруға жатады.

Қазақстан Республикасы ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігінің, АПКтің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 сәуірдегі ұйғарымы өзгеріссіз, мүдделі тұлға өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г. Дуйсенбаев Судьялар Н. Қайыпжан Г. Нұрбаев Көшірмесі дұрыс Судья Г.Нұрбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.