ВС РК - Постановление от 08.12.2022 по делу 6001-22-00-6ап/1214 (Административное)

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 8 желтоқсан 6001-22-00-6ап/1214 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өміралиев болып,

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының өкілі

Д[...],

талап қоюшы «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (ММ) өкілі Қ[...],

жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (РММ) өкілі Е[...],

мүдделі тұлғалар:

«ИА[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) өкілі М[...],

«А[...]» ЖШС-нің өкілі М[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» ММнің (бұдан әрі – Басқарма) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» РММ-не (бұдан әрі – Департамент ) нұсқаманың күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 сәуірдегі шешіміне және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 12 мамырдағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Департаменттің 2022 жылғы 14 ақпандағы №06-13/343 анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқамасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 12 мамырдағы қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.

Іс бойынша кассациялық шағымның уәждерін қолдаған жауапкер өкілінің түсінігін, талап қоюшы өкілінің қарсылығын, мүдделі тұлағалардың өкілдерінің пікірлерін, прокурордың жергілікті соттардың қабылдаған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Басқарма тарапынан ұйымдастырылған бірнеше мемлекеттік сатып алулар бойынша Департамент жоспардан тыс аудиторлық тексеру жүргізіп, оның нәтижесімен Даулы нұсқаманы берген.

Басқарма нұсқамамен келіспей сотқа талап қоюмен жүгінген.

Соттар талапты қанағаттандыру туралы шешімдерін Департамент даулы болып отырған конкурстардың барлығы бойынша әлеуетті өнім берушілердің шағымдары негізінде бұрын камералдық бақылау жүргізіп, бұзушылықтар анықтамағанын, осыған орай аталған конкурстар бойынша шарттар жасалып, міндеттемелер орындалып кеткендігімен және басқа мәнжайлармен негіздеген. Даудың мән-жайлары мен соттардың тұжырымдары дауланып отырған сот актілерінде егжей-тегжейлі көрсетілген.

АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 сәуірдегі шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 12 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С.Баймаханов Судьялар Ш.Даниярова Е.Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.