6001-24-00-3ГП/289
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 17 шілде Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Молдахметова Т.А.
судьялар Айтжанов Е.Ж., Балкен М.Т.,
талап қоюшы Ж[...], оның өкілдері О[...],
С[...],
жауапкер өкілі Н[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Ж[...] жауапкер «Шымкент қаласының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) бұйрықтың күшін жойып, жұмысқа қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақытына жалақы өндіру туралы азаматтық ісі бойынша қабылданған
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 ақпандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы талап қоюшының өкілі О[...] өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Ж[...] сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2023 жылғы 27 қазандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Басқарманың Ж[...] қатысты 2023 жылғы 28 шілдедегі № 94ж/қ еңбек шартын тоқтату туралы бұйрығының күші жойылып, талап қоюшы бұрынғы лауазымына қайта орналастырылған.
Басқармаға қарасты «№ 138 жалпы орта білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен Ж[...] пайдасына 1 150 161 теңге жалақы, өкілдің көмегіне жұмсалған 380 000 теңге өндірілген.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 ақпандағы қаулысымен сот шешімі өзгертілген.
Шешімнің талап қоюшы Ж[...] жауапкер Басқармаға еңбек шартын тоқтату туралы бұйрықтың күшін жойып, жұмысқа қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақытына жалақы өндіру туралы талап қоюды қанағаттандырған бөлігінің күші жойылып, бұл бөлігінде іс бойынша талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта арыз беруші істі қарау барысында апелляциялық сот алқасымен материалдық құқық нормаларының бұзылуына жол берілгенін көрсетіп, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Сот алқасы, талап қоюшының және оның өкілдерінің өтінішхатты қолдаған, жауапкер өкілінің өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, дауланып отырған сот актісінің күші төмендегі негіздерге байланысты жойылуға жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша апелляциялық сот сатысымен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2020 жылғы 14 желтоқсандағы № 819ж/қ бұйрықпен Ж[...] Басқармаға қарасты «№ 138 жалпы орта білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - № 138 орта мектеп) директоры лауазымына тағайындалған.
Ж[...] 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № 06ж/қ бұйрығының негізінде М[...] № 138 орта мектептің бас есепшісі қызметіне жұмысқа қабылданып, Орта мектептің барлық құжаттарына бас есепшіге екінші қол қою құқығы берілген. Бұдан бөлек, № 138 орта мектептің басшысы Ж[...] «Казтокинг» кілтін қолдана алмауына байланысты соңғының «Казтокинг» кілтін жүргізу бас есепші М[...] тапсырылған (бұйрықпен).
Осыған дейін, Ж[...] «А.Бөкейханов атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - №2 орта мектеп) директоры лауазымын атқарған. Ж[...] 2019 жылғы 24 қазандағы № 180 бұйрығымен М[...] аталған мектептің бас есепшісі лауазымына тағайындалып, директордың «Казтокинг» кілтін қолдана алмауына байланысты кілтті қолдану бас есепші М[...] тапсырылған. «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – Департамент) бас есепші М[...] үстінен № 138 және № 2 орта мектептердің бас есепшісі қызметтерін атқарып жүрген кезде 67 093 609 теңгені жымқырды деген күдікпен тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, қылмыстық іс қозғалған.
Заңды күшіне енген Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2023 жылғы 29 маусымдағы үкімімен М[...] екі орта мектептен жалпы сомасы 67 093 609 теңгені жымқырғаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танылып, оған жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Департамент 2023 жылғы 17 сәуірдегі Басқармаға жолдаған ұсынысында, мектеп директоры Ж[...] «Казтокинг» кілтін жүргізуді бас есепші М[...] тапсырғаны үшін тәртіптік теріс қылық жасады деген уәждермен атқаратын лауазымынан шығару түріндегі жаза қолдану қажеттілігін көрсеткен.
2023 жылғы 27 шілдедегі № 94ж/қ бұйрықтың негізінде Ж[...] Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасы негізінде еңбек шарты тоқтатылған.
Жұмыстан шығарылуымен келіспеген Ж[...] сотқа жүгінген. Бірінші сатыдағы сот, талап қоюшының талабын ішінара қанағаттандырып, оның негізі ретінде жұмыс берушімен Ж[...] қатысты тәртіптік жаза қолдану кезінде жауапкершілікке тарту тәртібінің бұзылғандығы көрсетілген.
Апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келіспей, талап қоюшының жұмыстан шығарылуы заңды деп шешкен.
Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына сай, жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша ақшалай немесе тауарлық құндылықтарға қызмет көрсететін, сондай-ақ өзінің қызмет бабын өзі немесе басқа адамдар үшін материалдық немесе өзге де пайда алу үшін жұмыс берушінің мүдделеріне қарамастан өз мүддесінде немесе үшінші тұлға мүддесінде пайдаланатын жұмыскер кінәлі әрекеттер жасаған немесе әрекетсіздігі, егер бұл әрекеттер немесе әрекетсіздік жұмыс берушінің тарапынан оған деген сенімнің жоғалуына негіз болса бұзылуы мүмкін.
Еңбек кодексінің 53-бабының 7-2-тармағына сәйкес, Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасында көзделген негіз бойынша еңбек шартын бұзу жұмыскердің кінәлілік әрекеттер немесе әрекетсіздік жасағанын растайтын негіздемелер көрсетіле отырып, ішкі тергеп-тексеру актісімен расталуға тиіс. Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасын қолдана отырып, еңбек шарты бұзылуы мүмкін еңбек қатынастары субъектілеріне жұмыс беруші тарапынан сенімділікті жоғалтуға негіз болатын кінәлі әрекеттер немесе әрекетсіздіктер жасаған қызметкерлердің мынадай санаттарын жатқызады:
ақша немесе тауар құндылықтарына қызмет көрсететін қызметкерлер;
өзінің қызмет бабын өз мүддесі үшін немесе жұмыс берушінің мүддесіне қайшы келетін үшінші тұлғаның мүддесі үшін өзі немесе басқа адамдар үшін материалдық немесе өзге де пайда алу орнына пайдаланатын қызметкерлер.
Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасында көзделген негіз бойынша еңбек шартын бұзу туралы бұйрық шығару үшін қызметкердің кінәлі іс-әрекеттер немесе әрекетсіздік жасағанын растайтын негіздемелер көрсетілген ішкі тергеу актісі негіз болуға тиіс.
Анықталғандай, Ж[...] лауазымдық (функционалдық) өкілеттіктері мен міндеттеріне байланысты ақша немесе тауар құндылықтарына қызмет көрсеткен және ақша операцияларына тікелей рұқсаты бар қызметкер болып табылмайды.
Бұдан бөлек, жұмыс берушімен Ж[...] қатысты ішкі тергеу жүргізілмеген. Яғни, соңғының жұмыс беруші тарапынан сенімділікті
жоғалтуға негіз болатын кінәлі әрекеттер жасағанын растайтын дәлелдер анықталмаған.
Істің мұндай тұрғысында, бірінші сатыдағы сот Ж[...] жұмыстан шығарылуы заңсыз деген дұрыс қорытындыға келген.
Бұл тұрғыда, облыстық соттың апелляциялық қаулысын заңды деп тануға болмайды, сондықтан оның күші жойылуға, ал бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛ Ы ЕТТІ:
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 ақпандағы қаулысы өзгертілсін.
Қаулының талап қоюшы Ж[...] жауапкер «Шымкент қаласының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесіне бұйрықтың күшін жойып, жұмысқа қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақытына жалақы өндіру туралы талабын қанағаттандырудан бас тарту туралы бөлігінің күші жойылсын.
Қаулының аталған бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылсын.
Ж[...] өкілі О[...] өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Т. Молдахметова
Судьялар
Е. Айтжанов
М. Балкен
Көшірмесі дұрыс Судья Т. Молдахметова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.